Қашықтан қызмет көрсету үрдісі бұрыннан бар болса да осы жолы ұтымды жүйе ретінде қолданылды.
Әлемді жайлаған індетке байланысты жарияланған шектеу жағдайында мәдениет мекемелері, атап айтсақ, кітапханалар жүйелі жұмыс арнасында қызмет жасады десек, артық айтқандық емес. Өскемендегі А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы да оқырманға онлайн қызмет көрсетті. Облыстың басты мәдениет ошақтарының біріне саналатын осынау парасат ордасына жай уақыттың өзінде күніне жүздеген оқырман кіріп шығатын еді. Ал карантин уақытында, төтенше жағдай кезінде кітапхана қызметі бұрынғыдан да еселене түсті. Қашықтан қызмет көрсету үрдісі бұрыннан бар болса да осы жолы ұтымды жүйе ретінде қолданылды. Десе де онлайн жұмыс кітапхананың дәстүрлі жұмыс ырғағын бұзып, оқырмандардың кітапханада өтетін шараларды қашықтан тамашалауға болады деген түсінік қалыптастыруы да мүмкін. Алайда кітапхана кітап ордасы болғандықтан екі тізгінді тең ұстап, заманауи және дәстүрлі форматты қоса алып жүру - бүгіннің басты талабы. «Кітапхана қызметіне бүгінгі таңда жан жақты дамыған ақпараттық технологияны қолданудың маңызы зор. Ұйымдастырылатын әрбір шараны қасаң форматпен емес, жаңа үлгіде, замануи тәсілмен өткізіп келеміз. Бұл үрдістің маңызы айырықша. Ең бастысы, бір мезгілде жүздеген оқырманды қамтып, олардың сан сауалдарына жауап табуға болады. Бұл - онлайн шаралардың басты ерекшелігі. Біз онлайн қызметті бұрыннан пайдаланып келеміз. Бұл жолы карантин кезінде осы тәсілді барынша қолданып, оқырман қауымның сұранысына сай қызмет еттік» дейді кітапхана директоры Бибігүл Шағиева.
Кітапханашылар қауымы жұмыс ырғағын бәсеңдетпей, қалың оқырман қауымды сүйікті қаламгерлерімен, мәдениет майталмандарымен, ғалымдар және журналистермен онлайн форматта жүздестірді. Атап айтқанда, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаров, жазушы Нұрдәулет Ақыш, жазушы Әлібек Қаңтарбаев, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Еркін Нұразхан сынды аға буын қаламгерлермен қатар Ақберен Елгезек, Дәулеткерей Кәпұлы, Жанат Әскербекқызы, Бауыржан Қарағызұлы, Ербол Бейілхан, Ұларбек Нұрғалым, Бақытгүл Бабаш сынды ақындармен тікелей эфирлер ұйымдастырылып, оқырмандар жауһар жырмен сусындап, сауалдарына жауап алып, әсерлі әңгімеге бөленді.
Сонымен қатар фотограф, облыстық «Дидар» газетінің жауапты хатшысы Мерей Қайнарұлымен онлайн кездесу өтті. Қызырбек Дүргінбайұлы бастаған бірқатар жергілікті ақын, жазушы оқырманмен сұхбаттасты.
Кітапхана тек онлайн кездесумен ғана шектелмей «Авторлық бейнебаян» айдарын ашып, Шығыстан шыққан шығармашылық иелерінің халыққа тілегі, өлең жырлары мен ән-күйі оқырманға ұсынылды. «Авторлық бейнебаян» Biz Birgemiz акциясы аясында танымал адамдардың бейнежолдаулары мен әртүрлі мамандардың кеңестері берілді.
Бұл айдар арқылы мәдениет саласының майталмандары актер, драматург Қанат Жүнісов, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Қалқаман Сарин, Мерей Қарт, Динара Мәлік, актер Дарын Қалибек, әншілер Қадылбек Омаров, Маржан Тілеулинова сынды өнер иелерімен қатар жас шығармашыл жастардың туындылары бейнебаян түрінде насихатталды.
Мамыр айының 18-22 аралығында Ұлы Абайдың 175 жылдығына арнап «Абай: Кеше. Бүгін. Ертең» виртуалды форсайт-форумы ұйымдастырылып, форум спикерлері – белгілі қазақстандық абайтанушы-ғалымдар, журналистер, оқытушылар, сонымен қатар кәсіби қызметі аясында Абай шығармашылығын зерттеумен айналысып жүрген мәдениет саласы қызметкерлері күн сайын баяндамалар жасап, интерактивті дәріс, сұхбаттар өткізіп, форумның виртуалды қатысушыларының сұрақтарына жауап берді. Балалар шығармашылығына да ден қойылып, республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы, ақын Саят Қамшыгер бастаған бірнеше балалар жазушыларымен болған тікелей эфирлер мен балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі онлайн үйірме, клуб, тілдік курстар жұмыстары жас жеткіншектердің зор қызығушылығын туғызды.
ӨСКЕМЕН