Көңіл таразысына салып бажайлап қарасаңыз, тәуекелге бел буып, өз кәсібін дөңгелеткендердің ұмтылысы көпке үлгі боларлықтай. Үйдегі ойдың баянды болуына «Бастау бизнес» бағдарламасының шарапаты тиіп тұрғанын айта кетелік.
Қай істің тігісін көктесең де, алдымен ұйытқы боларлық алғашқы қаржы қажет екенін кәсіппен айналыспағандардың өзі де жақсы біледі. Зеренділік Дамира Битенова жоғарыда аталған жоба бойынша қыр-сыры мол кәсіпкерлік негіздерін тәп-тәуір меңгеріп, жеке косметологиялық кабинетін ашты. Шағын аудан орталығында бұл айтарлықтай жаңалық. Жалғыз Дамира ғана емес, жаңа жылдан бері ауданның 22 адамы өз ісін өрге бастырамыз деп ұмтылып отыр. Құптарлық-ақ қадам.
– Сүйікті ісімді табыс көзіне айналдыру оңай шаруа емес. Менің білуімше, ең алдымен кәсіпкерлік негіздерін қапысыз меңгеруің керек – дейді Дамира Битенова, – әйтпесе, құр ұмтылыс орындалмайтын қиял болып қалуы ғажап емес. Ең алдымен, өзің айналысатын істің қыр-сырын жілігін шағып, майын ішкен маман болуың шарт. Егер өзің білмесең, онда бұл тарапқа қадам басуға болмайды.
Өзі медбике болып жиырма жыл жұмыс істеген екен. Косметология кабинетін ашқанда да білімі мен білігіне сүйенген. Жасаған бизнес жоспары да құрғақ қиялдан құрылмаған. Нақты, өмірдің өзінен ойып алған бағытты қамтиды. Табыс тетігінің құлағы қылтиып тұрған соң грант иегері атанған.
– Негізінде бағдарламаның көп көмегі тиді. Өз ісінің хас шеберлері қаржылық сауаттылыққа үйретті. Кәсіпкер адамға ол да керек. Біз бұрын тіпті салықты қалай төлеу керек екенін де білмейтін едік қой, – дейді ол, – жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім, енді ерінбей еңбек етпекпін.
Грант қаржысына косметология кабинетіне қажетті жабдықтарды сатып алыпты. Бастапқыда құрқылтайдың ұясындай кішкентай кабинет бұл күнде қызмет көрсету аясын біртіндеп кеңейтіп келеді.
– 2019 жылы 132 адамға 51 млн теңгенің гранты берілді. Біз болашақ кәсіпкерлерді бір жыл бойы жұмыс істеуге үйреттік. Оның ішінде бухгалтерлік есеп, салық төлеудің тәртібі тәрізді есеп-қисап бар, – дейді аудандық кәсіпкерлерді қолдау орталығының қызметкері Раушан Омарова.
«Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген аталы сөз бар. Бір үміт, бір күдікпен кәсібін бастағандардың ісінің оңынан оңғарылғанын көрген зеренділіктердің тарапынан құлшыныс өсіп келеді. Биыл «Бастау бизнес» аясында оқып білім алуға 300-ден астам өтініш түсті. Коронавирус карантиніне байланысты кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту онлайн режімінде өткізілуде. Ұмтылғандардың ұтқанын көрген қалған жұрт та өз кәсібімен айналысатын уақыт алыс емес.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы