Үлкен спортта әр дәуірдің өз қаһармандары болады. Мәселен, кәсіпқой бокста Джо Луис, Мұхаммед Әли, Джо Фрэзер, Джордж Формэн, Майк Тайсон, Леннокс Льюис, Рой Джонс және тағы басқа жұлдыздардың есімдері күні бүгінге дейін ерекше құрметпен аталады. Десек те олардың барлығы да жеңілістің кермек дәмін татқанын жанкүйерлер жақсы біледі. Ал спорттық карьераларын бірде-бір жекпе-жекте жеңілмеген күйі аяқтаған жер жаһанда санаулы ғана боксшы бар. Ал олар кімдер?
Үздіктер көшін Рикардо Лопес бастап тұр. Аса жеңіл және жеңіл салмақ дәрежелерінде өнер көрсеткен Мексиканың Морелос штатының тумасы 1985-2001 жылдар аралығында 52 мәрте шаршы алаңға көтеріліп, 51 рет жеңіске жетті. WBО, WBC, IBF нұсқалары бойынша чемпиондық тәжді иеленген Рикардо 38 қарсыласын нокаутпен ұтты. Бұл – жеңіл салмақты боксшылар үшін өте керемет нәтиже. Тек 1998 жылы никарагуалық Росендо Альвареске қарсы бәсекенің сегізінші раундында Лопестің қабағы жарылып, осы жекпе-жекте тең есеп тіркелген еді. Мексиканың мықтысы 34 жастан асқан шағында былғары қолғабын шегеге ілді.
Даңқы жер жарып, абыройға молынан кенеліп, сонымен қоса байлыққа белшесінен батқан 44 жастағы Флойд Мейвезер спорттық мансабын аяқтағаны жайында әлі ресми түрде мәлімдеген жоқ. Кәсіпқой рингте 20 жылдан аса жұдырықтасқан АҚШ-тың жұлдызы 50 кездесудің барлығында басымдық танытты. 27 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Түрлі салмақ дәрежесінде күш сынасқан Флойд қазіргі кезде ХХІ ғасырдың ең үздік былғары қолғап шеберлерінің көшін бастап тұр. Алайда өзінің соңғы жекпе-жегін ол осыдан үш жыл бұрын өткізді. Соның өзінде кәсіпқой боксшымен емес, ережесіз жекпе-жек өнерінің хас шебері Конор МакГрегормен күш сынасты. Бұл спорттық сайыс емес, таза ақша табудың амалы екені баршаға мәлім. Осы жайттың барлығын пайымдай келе, Мейвезердің енді шаршы алаңға оралуы екіталай деген пікірдеміз.
Екінші Дүниежүзілік соғыс аяқталған тұста шаршы алаңды шайқаған Рокки Марчианоның есімі әлі де ел есінде. Голливудта түсірілген «Рокки» фильмінің басты кейіпкеріне айналған АҚШ-тың айтулы азаматы аса ауыр салмақта әлем чемпионы атанды. Италиядан қоныс аударған эмигранттар отбасының перзенті 49 бәсекенің алтауын ғана ұпай санымен ұтты. Қалған кездесулерде ол қарсыластарын тегістей сұлатып салды. Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін Марчиано бизнеспен айналысып, бай-қуаттылар қатарына қосылды. Бірақ бейнеттің зейнетін ол көре алмады. 1969 жылдың тамыз айының ең соңғы күні даңқты боксшы өзінің жеке ұшағымен апатқа ұшырап, жантәсілім етті. Ал келесі күні, яғни 1 қыркүйекте Рокки 46 жасқа толуға тиіс еді...
48 жастағы Ұлыбританияның өкілі Джо Кальзаге 1993-2008 жылдар аралығында өнер көрсетті. Екінші орта салмақта күш сынасқан ол сол аралықта 46 кездесу өткізіп, 32 қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Оның құрдасы Самсон Датч Бой Джимнің де жеңілген кезі жоқ. Таиландтық боксшы 43 жекпе-жектің 36-сын нокаутпен аяқтады.
Міне, өздерінің спорттық мансабын жеңілмеген күйі аяқтаған ең үздік бес боксшы осылар. Әрине, қазіргі кезде де әлі ешкімге есе жібермей жүрген кәсіпқой рингтің хас шеберлері жоқ емес. Мәселен, 34 жастағы Таиланд боксшысы Ваенхонг Менайотин 54 рет жұдырықтасып, барлығында басымдық танытты. 18 айқасты мерзімінен бұрын аяқтады. Соңғы рет ол былтыр күзде ОАР өкілі, әлемнің экс-чемпионы Симфибе Конконы жақсылап тұрып сабап, әлі бабында екенін байқатты. Бүгінгі таңдағы ең жақсы көрсеткіш әзірге осы боксшыға тиесілі. Десек те Менайотиннің карьерасы әлі де жалғасуда. Сол себепті де оны алдағы уақытта не күтіп тұрғанын айту қиын. Бір анығы, ешкімге есе жібермеген күйі рингпен қош айтысса, онда үздіктер көшін дәп осы жігіт бастайды.