Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет. Ал қоғамға бар жігеріңмен алғаусыз қызмет ету үшін жұмыс тәртібі барынша оңтайлы болғаны абзал. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында бұл мәселенің аса назар аудара қарайтын маңызды жәйт екенін шегелеп айтқан болатын.
Мемлекеттік қызметкерлерге жүктелген үстеме жұмыс, саланы алға жылжытпайтыны, керісінше азаматтардың сапалы еңбек етуіне кері әсерін тигізетін бірден-бір фактор екені аз айтылып жүрген жоқ. Бастапқыда бұдан сабақ алғандар да, талапқа бағынбағандар да кездесіп жатты. Қызметкерлерін қалың қағазға көміп, еңбек уақытынан тыс кездерде жұмысқа жегу – адам құқығын таптау. Тәртіпке пысқырмаған мекемелердің басшылары әкімшілік жауапқа тартылды. Арнайы жүргізілген тексеріс жұмыстары бұл бағыттағы өзекті мәселелердің дұрыс шешім табуына оң әсер етті деп айта аламыз.
Мемлекеттік қызметкерлер атқаратын үстеме жұмыстарды жою, икемді жұмыс кестесін енгізу, компьютер секілді жұмыс құрылғыларын автоматты түрде өшіру бағдарламасын енгізу салаға тың серпін бергені анық.
Зерттеу нәтижесіне сай статистикалық мәліметтерге жүгінсек, құзырлы орындар мен министрліктерде, әкімдіктерде үстеме жұмыс саны едәуір азайғанын көреміз. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл мемлекеттік органдар қызметкерлері үшін аса маңызды. Сондықтан бұл бағыттағы іс-қимылдарды жүйелі жалғастыруға айрықша мән беріледі.
Нұрлан Әлімұлы,
Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы