Бүгінгі таңда медицина қызметкері үшін инфекциялар мен вакциналаудан келетін қауіптерді түсіну, салыстыру және мұны пациенттер мен ата-аналарына түсіндіре білу аса маңызды болып отыр.
Оның үстіне көзі қарақты оқырман үшін соңғы жылдары дүние жүзінде вакцинаға қарсы лобби белсенді әрекет етіп отырғаны белгілі. Әлеуметтік желілерде елді қорқытып, егулерден бас тартуға шақырып жатады. Вакциналаудың тиімділігі дәлелденгеніне және қазіргі вакциналардың реактогенділігінің төмендігіне қарамастан орын алатын жағымсыз жайттар ата-аналардың вакциналаудан бас тартуына әкеліп отыр. Алайда егілмеген балалардың саны артқан жағдайда ұжымдық иммунитет, яғни қоғамның белгілі бір ауруларға қарсы тұру мүмкіндіктері төмендейтінін жоққа шығармаған жөн. Нақты зерттеулер қоғамдағы егілмеген адамдар пайызының салыстырмалы жоғары болуы тіпті уақтылы егілгендер арасында да жұқтыру қаупін арттыратынын дәлелдеген.
Мәселен, Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ жанындағы Республикалық аллергология орталығының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Динара Талғатбекова елімізде профилактикалық егу жүргізілгеннің арқасында халқымыз талай қауіпті індеттерді жұқтырмай, одан жеңіл өтіп, өлім-жітім саны едәуір азайды, дейді.
Мысалы, XVIII ғасырда ғана 60 млн адамның ажалына себепші болған шешек індеті туралы ел бүгінде тек естеліктерден ғана біледі. 1977 жылдан бері 43 жыл бойы әлемде ешкім бұл аурумен ауырмаған.
Дәрігердің айтуынша, вакциналаудың маңызы ағзаның иммунды жүйесін алдын ала, қандай да бір патогендер пайда болған жағдайда әрекет етуге үйретеді. Бұл үшін ағзаға әлсіреген, белсенді емес патогендер немесе олардың кішкентай бөлшектері жіберіледі. Мұндай патогендер ауыр ауруларды болдырмайды, бірақ есте сақтау жасушаларын қалыптастырады. Осылайша инфекция түскен кезде бірден иммундық жауап қосылады. Есте сақтау жасушалары бірден «дұшпанды» тани кетеді де, дабыл қағып, жою механизмі қосылады, бұл үшін бар-жоғы 1-3 күн қажет. Мұндай жағдайда біз инфекцияға тап болғанымызды немесе аурудан жеңіл түрде өтіп кеткенімізді білмей қаламыз.
Динара Жеңісбекқызы айтқандай, егудің өзінің жанама әсерлері бар, көп жағдайда бұл әрбір ағзаның жеке реакциясы. Әлсіздік, дене қызуының жоғарылауы, егілген орынның ауыратындығы, тәбеттің нашарлауы сияқты реакциялар жиі кездеседі. Бөртпе, тіпті Квинке ісінуіне дейін болатын аллергиялық реакциялар және анафилаксиялық шок сирек болады.
Аллергиялық реакция тек екпеге ғана емес, сонымен қатар кез келген препарат немесе аллергенге туындауы мүмкін екенін ескеру қажет. Сонымен қатар ағзаның сау болуы өте маңызды. Аурумен әлсіреген иммунитеттің вакцинамен күресе алмауы мүмкін: ауру қаупі бар. Ондай жағдайда вакциналауды кейінге қалдырады. Егуден толығымен бас тартудың көрсеткіші – иммунды тапшылық аурудың болуы, себебі бұл жағдайда, тіпті әлсіреген патоген де өмірге қауіп төндіруі мүмкін.
Созылмалы аллергиялық аурулар балаларда болатын аурулардың кең таралған тобының қатарына жатады. Балаларда аллергопатологияның болуы вакциналаудан бас тартуға негіз болып табылмайды. Бұл иммунизация жүргізу кезінде ерекше сақтықты қажет ететін пациенттер тобы, себебі мұндай балалардың иммундық жүйесі вакцинаға қалыпсыз түрде жауап беруі мүмкін. Аллергиясы бар балалардың вакциналары жіті аллергиялық реакцияны болдыртатын кейбір компонентіне жоғары сезімталдығы болуы мүмкін. Барлық вакциналарға қолдануға болатын жалғыз ғана абсолютті қарсы көрсетілімі анамнезде алдыңғы дозаға болған анафилаксия немесе вакцина компоненттерінің болуы.
Аллергиясы бар балаларда инфекциялық аурулар әдетте ауырлау болатындығын ескерген жөн. Оларға ең бірінші кезекте қауіпті аурулардан қорғану қажет. Тұмау, қызылша, көкжөтел, бронх демікпесі, атопиялық дерматит, аллергологиялық ринит асқынуының триггерлері болып табылатындығы белгілі. Сондықтан аллергияны вакциналаудан бас тартудың себебі ретінде қабылдауға болмайды, деседі мамандар.
АЛМАТЫ