Мемлекетімізде әлеуметтік-экономикалық жаңғырулармен қатар, еліміздің саяси өмірінде де оң өзгерістер бой көрсетіп, жаңа технологиялар мен тәсілдер айналымға енуде. Солардың бірі, батыс елдерінің сайлау тәжірбиесінде жүйелі түрде қолданылып келе жатқан партиялық праймериз ұғымы.
Праймериз – АҚШ саясаткерлерінен бастау алған, партия белсенділерін ашық таңдау тәсілі. Қазақ тіліндегі мағынасы – іріктеу деген ұғымды білдіреді. Кейде «алдын-ала сайлау» немесе «алдын-ала дауыс беру» деп те атайды. Яғни, жақтастарының арасында алдын-ала партияішілік сайлау өткізу арқылы, партия атынан басты аламанға түсетін көшбасшыларды іріктеп алу дегенге саяды. Бұл, бір жағынан партияның өз ішіндегі мықтыларын іріктеуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан партиямен ниеттес, өзекті мәселелерді сөйлейтін үзеңгілес азаматтарды партия қатарына тартудың бірден-бір құралы.
Праймериз туралы Елбасы, Nur Otan партиясының төрағасы Н.Назарбаев үстіміздегі жылы наурыз айында өткен партияның Саяси кеңесі бюросының отырысында «Бұл партия атынан мәселелерді шешетін ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік беретін дұрыс шешім деп санаймын» деген болатын.
Осылайша халықаралық тәжірбиеде мойындалған партияішілік іріктеу тәсілін елімізде алғашқылардың бірі болып Nur Otan партиясы қолданысқа енгізуде.
Праймериз – жаңа көшбасшыларды іріктеу мен тартудың арнасы
Бүгінде партия тарапынан халықпен кері байланыс арналарын орнатуға ерекше назар аударылуда. Праймериз тәсілі арқылы партия жаңа «әлеуметтік лифт» қалыптастырмақ яғни, алдағы сайлауларға ұсынылатын адал, іскер, ел сенетін тұлғаларды іріктеп алмақ.
Осы орайда Nur Otan партияішілік іріктеуді ашықтық пен жариялылық қағидаларына сай өткізуді жоспарлап отыр. Саяси технологиялық тәсілдің де басты мақсаты – негізгі сайлаулардағы партия мүшелерінің ынтымақты дауыс берулеріне қол жеткізу. Бір сөзбен айтқанда, праймериз дегеніміз партия ішіндегі айтыс. Партияның барлық деңгейдегі тұлғалары сайлау науқаны басталғанда ел арасына шығып, қоғамды дамытуға арналған бағдарламасымен таныстырып, ашық пікірталасқа көшпек. Осылайша үміткерлердің саяси ұстанымы мен ұсынастары ел алдында ашық, жариялы түрде саяси пікірталаста анықталатын болады. Суырылып шыққан мықтылар, елге сөзі өтетін беделділер партия атынан үміткерлер тізіміне ілініп, одан әрі үлкен сайлауға түседі.
Осылайша жаңғыру арқылы ашықтық пен жариялылыққа бағыт алған еліміздің саяси тарихында мəслихат пен Мəжіліске депутаттыққа үміткерлерді іріктеу тұңғыш рет праймериз тәсілі арқылы өтпек. Партия басшылығының жоспары бойынша праймериз нәтижесінде кім көп дауыс алады, сол аудандық, облыстық мәслихат пен Мәжіліске депутат атану құқығын иеленбек. Әрине, бұл алғышарттардың сыртында, үміткерлер әңгімелесу, тест тапсыру, бюрода қарау сынды талаптардан да өтуі тиіс. Мұндай ашықтық партия қатарын шынайы халықшыл азаматтармен толықтыруға және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпіліс әкелетін жаңа көзқарасты саясаткерлердің пайда болуына толық мүмкіндік туғызбақ. Ал, толықтай алсақ, өзгермелі ахуал жағдайында жаңа саяси мәдениеттің пішіндері мен іргетасының қалыптасуына септігін тигізбек.
Алдағы сайлаудағы Nur Otan партиясының жаңа әлеуеті мен көкжиектері
Алдағы сайлау бұрынғы сайлаудан өзгеше болмақ. Жер жаһанды жайлаған төтенше жағдай мемлекеттердің қоғамдық-саяси өміріне күтпеген өзгерістер алып келді. Бұл орайда, басқа партиялар мен қоғамдық институттарға қарағанда Nur Otan партиясы халықтың әлеуметтік хал-жағдайын қолдауда ұтымды бастамалар ұсынғанын айта кетсек артық болмас. Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры аясында қомақты қаражат жиналып, әлеуметтік әлсіз топтар мен медицина қызметкерлеріне көлемді көмек көрсетілді. Бұл жетекші партия тарапынан халықтың әл-ауқатын бағамдайтын тұрақты мониторинг жасалынып отырғандығын көрсетеді.
Азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігі әрқашан да бірінші орында болуы керек. Сол себепті пандемия жағдайында жаңа технологиялар сайлау процестерінде де орын алмақ. Бұл орайда да Nur Otan партиясы праймеризді онлайн өткізуді уақытылы ойластырып, іріктеудің әділ өтуіне жағдай жасау мақсатында заман талабына сай соңғы технологияларға үміт артатын болады.
Сондай-ақ алда болатын сайлаудың тағы бір ерекшелігі, жуырда қабылданған жаңа заңға сәйкес сайлауға түсетін үміткерлер арасында жастар мен әйелдер квотасының сақталуын қарастыру. Яғни, партия тізімімен түсетін кандидаттар арасында әйелдер мен жастардың үлесі 30% болуы шарт. Бұл, келешекте депутаттар арасынан заманауи креативті жастар мен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді көтеретін әйелдердің көптеп көретіндігіміздің кепілі.
Қорыта айтқанда, праймериз тәсілі негізінде партияның жаңа тұлғалары мен көшбасшыларын іріктеу қалыптасқан «ойын тәртібін» өзгертіп, саяси додаға қатысатын тараптардың қызу таласын жаңа сатыға көтермек. Сондай-ақ болашақта еліміздегі партиялар ішіндегі мәслихатқа және Мәжіліске үміткерлерді іріктеу сәйкесінше облыстық және республикалық телеарналардан тікелей эфирде өткізілсе және онлайн дауыс беру жүйесін қамтыса праймериз тәсілінің де тиімділігі артар еді.
Дәурен БАЗАРОВ,
PhD