• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Таным 29 Мамыр, 2020

Ғұламаның руханият жайлы трактаты табылды

1007 рет
көрсетілді

2020 жылдың 29 қаңтарында ЮНЕСКО-ның қолдауымен ежелгі Отырардың (Фарабтың) ұлы перзенті Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы республикамызда үлкен салтанатпен басталды. Отырар арабтар жаулап алғаннан кейін Фараб атанып, ортағасырлық араб-мұсылман өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан «әл-Фараби» («Фарабтық») ныспылы көптеген ғалымды өмірге әкелген киелі топырақ. Менің тарихи-деректанулық зерттеулерім Отырардан шыққан отыздан (30) астам әл-Фарабилердің болғанын анықтап отыр. Солардың ішіндегі бірегейі, ғылымның барлық саласына қалам тербеген энциклопедист ғалым, қазақ жерінің бірегей тұлғасы – Әбу Насыр әл-Фараби (870-950).

Әбу Насыр әл-Фарабидің бұған дейін отандық ғылымда аты аталмай келген бір жазба мұрасы – «әл-Мауиза» («Уағыз») атты трактатының қолжазбасы Каир қаласындағы «Араб қолжазбалары инс­титуты» дерекқорында 382 инвентарлық нөмірмен сақтаулы екендігін анықтадық.

66 беттік (33 парақ) микрофильмдік нұсқада «әл-Мауизадан» өзге тағы бір трактат барлығы, ал одан «мин әл-уасайа Әби-л Хасан әл-Амари» (Әбу-л Хасан әл-Амари өсиеттерінен) деген жолдарды оқуға болады.

 Ніл өзенінің шығыс жағалауындағы үш қабатты «Араб қолжазбалары инс­титуты» араб әлеміндегі көп жазба мұралар сақталған маңызды мекеме. Ол араб тілді еңбектерді жинау, сақтау, қалпына келтіру мақсатымен 1946 жылы іргетасы қаланған. Араб елдері Лигасы (АЕЛ) Бас хатшылығының Мәдениет департаменті жанынан Каир қаласында ең әуелі «Қолжазбаларды жандандыру институты» («Institute for the Revival of Manuscripts») деген атпен ашылған институт 1955 жылы Мәдениет департаментінен бөлініп, «Араб қолжазбалары институты» (The Institute of Arabic Manuscripts) ретінде жұмыс істеп келеді.

 Әбу Насыр әл-Фарабидің аталған қолжазбасы арабтың хаттаттық өнерінің өте әдемі насх жазуы түрімен жазылған. Кіріспесінде еңбектің көлемі 13×18 санти­метр қатар саны 14-15, қолжазбаны көшірген адамның аты-жөні Шамс ад-Дин ал-Құдси, көшірілген уақыты – һижри жыл санауы бойынша 879 жыл (милади 1501), Ахмед ІІІ кітапханасы (әл-Мактабату Ахмад ас-салис), қол­жаз­ба нөмірі 3195/3 екені жайлы дерек кел­тірілген.

Дәл осындай тағы бір мекеме, яғни Осман империясын 1703-1730 жылдары билеген сұлтан Ахмед ІІІ (1673-1736) атындағы кітапхана Түркия Рес­публикасы Ыстанбұл қаласындағы Топ­капы сарайында. Топкапы – ХІХ ғасырдың ортасына дейін Империяның бас сарайы саналған. Кітапхана 1719 жылы дін ілімі, мұсылман заңы (фиқһ) бойынша түрік, парсы және араб тілде­рін­дегі кітаптарды сақтау мақ­са­ты­мен са­лынған.

Қолжазбада Ахмед ІІІ кітап­ха­на­сының аталуы трактаттың бір нұс­қа­сы­ның Топкапы мұрағатында сақтаулы еке­нін білдіреді.

Әбу Насыр әл-Фарабидің аталған еңбегінің Сұлтан Ахмед ІІІ есімімен байланыстырылатын тағы бір маңызды тұсы – трактаттың соңғы бетіндегі мөр. Билеушінің аты мен дәрежесі жазыл­ған мөр – тұғра Осман империясы билі­гі кезінде кеңінен қолданылған. Әр билеушінің жеке мөрі – тұғрасы бол­ған. Сол кездегі барлық мемлекеттік құжаттар осы тұғра мөрімен бекітілетін. Тұғрада билеуші сұлтан мен әкесінің лауазымы оюлы араб әріптерімен бе­зен­діріле тоқылып, барлық сөз ерекше хаттаттық үлгіде үндестік тапқан.

«Әл-Мауизаның» қолжазба нұсқа­сы­ның әйгілі Осман империясының мем­ле­кеттік мөрімен бекітіліп сақталуы сол кездегі Ахмед ІІІ кітапханасының жазба мұраға деген ерекше ықыласын аңғар­тады.

Трактат басмаламен (Бисмиллаһи-р рахмани-р рахим) басталып «Қала әл-Муалим ас-сани Әбу Насыр әл-Фараби ради Аллаһу анһу фи-л «Мауизати...» (Екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби (р.а.) «Әл-Мауизада» былай деді) деген сөйлемнен кейін шығарманың негізгі мәтініне ойысқан.

Екі авторың шығармасы енген микро­фильмдік көшірмеде Әбу Насыр әл-Фа­ра­бидің трактаты «...таммат уасайа аш-шейх Әби Наср уа алхамдулилла» (шейх Әбу Насырдың өсиеттері аяқталды, Аллаға мадақ) деп аяқталып, келесі автор­дың еңбегінің мәтіні жалғасады. Трак­таттың соңғы беттері көмескі тартып, көрінбеуге айналған.

Жинақтың соңы «тамма ал-китаб би ауни Алла тағала уа хусна тауфиқиһи» (кітап Алла тағаланың көмегі және тау­фиқ етуімен тамам болды) деліне келе, әрі қарай хамдала (Алланы мадақтау), саллалаламен (пайғамбарымызға салауатпен) жалғасқан.

Соңғы қатардан «фи хамис ашара мин рамадан әл-му‘зам...» (Ұлық Рамазан айының он бесінші жұлдызында) деген сөйлемді оқыдық.

Әбу Насыр әл-Фарабидің бұл белгісіз қолжазбасына зерттеу жүргізе келе, аталған трактаттың ғылымда әртүрлі («Әл-Мауизадан» басқа) атпен танылып, Отырар перзентінің жазба мұрасы ретінде жарияланып жүргенін байқадық.

Трактат мәтіні ғылым тарихында алғаш рет «әл-хикмату-л халида» («Мәңгілік даналық», парсыша «Жауи­дан (жаудан) хард» (атты жи­нақ­тың мазмұнында берілген. Кітаптың авторы парсы тарихшысы, философ Ахмед ибн Мұхаммад ибн Йақуб Мас­куиһ (320-421 һижри, 929-1030 милади). Парсы, араб, үнді, грек және мұсылман ойшылдарының кейбір ең­бек­тері ұшырасатын бұл туындыда әл-Фарабидің біз сөз етіп отырған шығар­ма­сы «Калам Әби Наср әл-Фараби фи Уасайа...». «Әбу Насыр әл-Фарабидің «Уасайасы» («Өсиет» сөзі) деп аталған.

«Жауидан (жаудан) хард» немесе «әл-хикмату-л халиданың» толық нұсқасы 1952 жылы Каирде шыққан. Бас­паға әзірлеген мысырлық философ, ғалым Абд ар-Рахман Бадауи (1917-2002).

Абд ар-Рахман Бадауи жинақты құ­рас­­тыруда трактаттың әлем мұрағат­та­рындағы бірнеше нұсқаларын пай­да­лан­ған.

Париж нұсқасы (әл-Мактабату-л аһлиа, №3957. Хатқа түскен мерзімі шамамен – һижри VІІІ /милади ХІV); Ватикан нұсқасы ( Ватикан араби, № 408); Мысыр нұсқасы (Дар әл-кутуб әл-Мисриа, №4419. Һижри 692/милади 1203); Мысыр нұсқасы (Дар әл-кутуб әл-Мисриа, №672); Мысыр нұсқасы (Дар әл-кутуб әл-Мисриа, №1966); Ыстанбұл нұсқасы (№ 6171); Лейден нұсқасы (Лейден кітап­ха­на­сы, № 381).

Ахмед ибн Маскуиһтің «әл-хикмату-л халидасының» қолжазбаларын Әбу Насыр әл-Фарабидің «Калам Әби Наср әл-Фараби фи Уасайа...» (немесе қолымыздағы атауы бойынша «әл-Мауиза») трактатының да жазба нұсқалары деп танимыз.

Отырар ойшылының біз зерттеп отырған трактатының аты кемеңгердің 160 еңбегінің тізімін берген түрік ғалымы Ахмед Атештің (Аһmеd Атеş) (1917-1966) еңбегінде де кездеседі («Fârâbî‟nin Eserlerinin Bibliyografyası», Анкара, Belleten, C. XV, S. 57, 1951). Ахмед Атеш трактаттың атын «159. Vasаya. Yazma: Ayasofya 4855 (varak 62b-63a)» деп жазған.

Ғалымның жазба мұрасын зерттеген белгілі араб фарабитанушысы Мұхсин Маһди (1924-2007) әл-Фараби шы­ғар­ма­ларынан тұратын «Китабу-л мил­ла уа нусус ухра» (Дін кітабы және өзге де мәтіндер, Бейрут, 1991) атты өзі жарыққа шығарған кітапта Түр­кияның Анкара қаласындағы Айя София кітапханасында ойшылдың бір­қатар жазба мұралары сақтаулы екенін жоғарыдағы ғалым Ахмед Атештің жазбасы («Fârâbî‟nin Eserlerinin Bibliyografyası», Анкара, 1951) арқылы таныс болғанын кейін (1961), аталған қолжазбалармен өзі тікелей жұмыс жасағанын айта келе, онда «Калам Әби Наср әл-Фараби фи Уасайа...» (№4855) деп басталатын небәрі 4-5 беттен тұратын бір еңбегі бар екенін және ол «Әрбір адам баласы өз-өзіне оралып, жеке басының және өзгелердің ахуалын түсінген кезде...» деп басталып, «...және сол аралық ішінде ізгілікке ие болуы керек болған бар уа­қы­тын алдамшы нәрседен (нәпсісін) кері қайтарумен әуре болып жүргенде өткізіп алады. Сөйтіп ізгілікті қолдан шы­ғарып алады» деп аяқталатынын жазады. Ғалым Мұхсин Маһди бұл трак­тат­тың «Рисала фи-с сиасати» («Саясат (жайлы) трактат») деген атпен ғылымға Луис Шейхо танытқан Әбу Насыр әл-Фарабидің «Жауами-у сиаса» (Саясат) еңбегі екенін тағы айтады!

Ахмед Атеш еңбегінде айтылған бұл жазба нұсқа біздің қолымыздағы «әл-Мауизадан» үзінді.

Отырар перзентінің «Жауами-у сиа­­­­са» атты трактаты бар екені туралы кейбір ортағасырлық жылнамашы-тарихшылар жазған. Катиб Челеби атымен танымал османлы тарихшысы Мұстафа Абдуллаһ Хаджи Халифа (Katip Çelebi) (1609-1657) өзінің атақты «Кашф аз-зунун» еңбегінде әл-Фарабидің шығар­ма­ларының қатарында «Китаб жауами ас-сиаса» трактатын да атап өткен (Хаджи Халифа. Кашф аз-зунун. Каир, 1957. 6-том, 39-бет). Дегенмен, Катиб Челеби жеткізген «Жауами ас-сиасаның» мәтіні қолымызда болмағандықтан оның дәл осы трактат екенін дөп басып айту қиын.

 Ал «Калам Әби Наср әл-Фараби фи Уасайа...» – «Әл-Мауиза» трактатының ғылымдағы бір аты деп түйіндейміз.

Әбу Насыр әл-Фарабидің аталмыш трактатының Шығыс кітапханасы (әл-мактабату аш-шарқиа, Бейрут, Ливан) және Ватикан апостол кітапханасы (Biblioteca Apostolica Vaticana, Ватикан) нұсқалары да барлығын айту керек.

1897 жылы шығыстанушы, теолог ғалым Луис Шейхо (Luis Cheikho) (1859-1927) Парижде өткен Халықаралық шығыстанушылар конгресінде «Араб тіліндегі көне қолжазба нұсқалар» атты баяндама жасап, Әбу Насыр әл-Фарабидің бірқатар еңбегінің қол­жаз­ба­сы Бейруттегі «Шығыс кітапха­на­сында» сақтаулы екенін айтқан. Ол «...арабша насх хатымен көшірілген ескі жинақ... мұнда бірнеше трактат берілген. Қолжазба ХІV (милади) ғасырдың (һижри VІІІ) соңғы жылдарында хатқа түскен деп болжауға болады... әл-Фарабидің сүннет пен шариғат жайлы жазған еңбектерінен үзінділер... сондай-ақ фәлсафа, шариғат, саясат тақырыбында жазылған авторы белгісіз 6 беттен тұратын трактат және бар. Ол әл-Фарабидікі болуы да мүмкін» депті (L.Cheikho. Notice sur un ancient manuscript arabe. Actes du Onzieme Congres International des Orientalistes, Paris 1897).

Луис Шейхо атап кеткен қол­жаз­ба­лар­ды зерттей келе, алдымен «Машриқ» журналында (Бейрут, 1901), кейін «Мақала фалсафиа қадима ли ба‘ди машаһир фаласиф әл-араб муслимин уа насара» (Кейбір мәшһүр араб фи­лософ­тар­ының (мұсылмандар мен христиандар) көне философиялық шығармалары (1908, 1911, Бейрут) атты еңбек жарыққа шығарып, кіріспесінде: «...Бейрут қала­сын­дағы «Шығыс кітапханасы» қорында Әбу Насыр әл-Фарабидің бірқатар трактаттары бар екенін, осыған дейін айтқан едік... солардың ішінде ғалымның небәрі 13 беттен аспайтын саясат жайында жазылған тағы бір трактаты сақтаулы. Хатқа түскен мерзімі һижри жыл санауының VІІІ ғасыры (милади ХІV). Бұл трактаттың тағы бір нұсқасы Ватикан апостол кітапханасынан табылды. Екі қолжазбаны салыстырып, трактаттың әл-Фарабидікі екеніне көз жеткіздік. Әбу Насыр әл-Фарабидің «Рисала фи-с сиасати» («Саясат» (туралы) трактаты) атты мұндай еңбегі ғалымның библиографиялық көрсеткіштерінде кездеспейді. Әйтсе де ойшылдың ғылымға белгілі «ас-Сиасату-л маданиа» («Азаматтық саясат») атты еңбегі барлығын білеміз. Қолымыздағы трактат «Азаматтық саясатпен» тақырыбы ұқсас болғанымен, мазмұны басқа, дербес ғылыми шығарма. Ғалымның «Рисала фи-с сиаса» трактатын аталған екі нұсқа негізінде жариялап отырмыз» депті ол (L.Cheikho. Traites Inedits D’anciens philosophes arabes musulmans et chretiens. Beyrouth Imprimerie Catholique, 19116 p.18). Еңбек кейін 1985 жылы Каирде үшінші рет басылған.

Луис Шейхо бұл кітапта жоғарыда айтқан «Калам Әби Наср әл-Фараби фи Уасайа...» (кітапта: Ахмед ибн Маскуиһ «әл-хикмату-л халида», Бейрут, 1911) мен оның қолжазба нұсқалары туралы сөз етпеген.

Луис Шейхо тарапынан екі – Шығыс кітапханасы (Бейрут Ливан) және Ватикан апостол кітапханасы (Biblioteca Apostolica Vaticana, Ватикан) нұсқалары негізінде ғылыми айналымға енген «Рисала Әби Наср әл-Фараби фи-с сиасати» («Әбу Насыр әл-Фарабидің «Саясат» (жайлы) трактаты) – «әл-Мауизаның» екінші аты.

Қазақ даласының ұлы тұлғасының «Уасайа...» немесе «Рисала фи-с сиасати», немесе «әл-Мауизасының» ғылымға белгілі келесі бір аты – «Рисала фи-с сиасати аш-шар‘иати ли Әби Наср әл-Фараби» – Әбу Насыр әл-Фарабидің «Шариғат саясаты» («Шариғи саясат») трактаты. Трактат «Ас-сиаса аш-шар‘иа. Мажму‘а расаил» («Шариғат саясаты. Трактаттар жинағы») атты кітапқа енген («Дар әл-кутуб әл-илмиа» баспасы, Ливан, 2003).

Оны баспаға әзірлегендер  –  Мұхаммед Хасан Исмаил аш-Шафиғи мен Ахмад Фарид әл-Мазиди. Құрастырушылар трактатты баспаға Луис Шейхо еңбегі негізінде дайындағандықтарын ескерткен.

«Рисала фи-с сиасати аш-шар‘иати ли Әби Наср әл-Фараби» (Әбу Насыр әл-Фарабидің «Шариғат саясаты» («Ша­риғи саясат») трактаты – «Әл-Мауи­за­ның» үшінші аты дейміз.

Түркияның Измир қаласындағы Докуз Ейлул (тоғызыншы қыркүйек) уни­верситетінің профессоры (Dokuz Eylül Üniversitesi İlahiyat Fakültesi) Фатих Токташ (Fatih Toktaş) «Farabi ve Risale fi‘-s Syase» – «Фараби және саясат» (2009) «Risale fi‘-s Syase‘nin tahkiki» – «Саясат жайлы трактатты зерттеу» (2011) атты екі мақала жариялаған.

Фатих Токташ ғылыми-зерттеулерінде қолымыздағы «әл-Мауиза» трактатының қолжазба нұсқалары («Рисала фи-с сиасати аш-шариати...» және «әл-Мауизадан» басқасын) туралы мәлімет беріп, Топкапы Ахмед ІІІ (Topkapı Sarayı Müzesi Kütüphanesi Ahmed III) кітапханасында Әбу Насыр әл-Фарабидің тіркеу № 3185/4 бір жазба нұсқаның бар екенін және ол «Risale fi‘-s Syase» («Саясат» (жайлы) трактат) екенін айтқан.

Ол «Mecmu‘atü’r-resail» (Трактаттар жинағы) деген атпен сақталған жинақта төрт трактат бар екенін, нұсқаның көшірілген (насх) мерзімі – һижри 884/, милади 1479, көлемі 170×120 мл., әр беттегі қатар саны 11, «Risale fi‘-s Syase» мәтіні жинақтың 240-263 беттеріне енген және жинақтағы төртінші трактат екенін жазған.

Қолымыздағы Әбу Насыр әл-Фара­би­дің «әл-Мауизасының» қолжазбасы да Ахмед ІІІ-нің Топкапы кітапханасында дедік. Көлемі 13×18 сантиметр., қатар саны 14-15, орналасқан беттері 167 мен 198, көшірген Шамс ад-Дин ал-Құдси, көші­ріл­ген уақыты – һижри жыл санауы бо­йынша 879 жыл (милади 1501), тіркеу нөмірі 3195/3.

Бір кітапханадағы «Risale fi‘-s Syase» мен «әл-Мауиза» жайында бе­ріл­­ген мәліметтер әртүрлі (хатқа түскен мерзімі, жинақ көлемі, бет саны, тіркеу нөмірі). Соған қарағанда, әйгілі Ахмед ІІІ кітапханасында Әбу Насыр әл-Фарабидің трактаты «Risale fi‘-s Syase» – «Саясат (жайлы) трактат» және «әл-Мауиза» («Уағыз») деген екі түрлі атпен сақтаулы.

Отырарда дүниеге келгенімен ғылым, білім іздеп бар ғұмырын араб елдерінде өткізген үлкен ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің «әл-Мауиза» («Рисала фи-с сиасати» немесе «Рисала фи-с сиасати аш-шариати» немесе «Калам Әби Наср әл-Фараби фи Уасайа...» және Катиб Челеби жеткізген «Китаб жа­­уамиу ас-сиаса») атты трактаты терең зерттеуді қажет етеді. Ең маңыздысы, шығармадағы автордың өзі қойған нақты атауын анықтап, қолжазбаларды салыстырып, өзге де нұсқаларын әлі де іздестіріп, еңбекті қазақ тіліне толық аударып, ғылыми айналымға енгізу – алдағы үлкен міндет.

 

Әбсаттар Дербісәлі,

Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры,

ҰҒА корреспондент-мүшесі,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

Айдынгүл Хаван,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің докторанты