Шығыс Қазақстан облысының отыздан астам елді мекендерін су тасқыны басуына байланысты Елбасы Н.Назарбаевтың облыс басшылары мен ТЖМ жетекшілерін жинап, шұғыл кеңес өткізгені белгілі. Елбасы тек Шығыс Қазақстанда ғана емес, мұндай қауіптің Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында да бар екенін тілге тиек ете келіп, өңір басшысы Бердібек Сапарбаев пен командасының сын сәтте барлық апат аймақтарында болып, қажетті техника мен адам күшін іскерлікпен шоғырландырғанына ризашылығын білдірді. Төтенше жағдайлар министрі В.Божко мұның алдында Кенді Алтайға екі рет келіп, аймақ басшысымен бірге барлық аудандарды аралап шықты. Соңынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев, “Нұр Отан” ХДП-ның жауапты хатшысы В.Громов, Парламент депутаты В.Доскалов, басқа да лауазымды адамдарды ертіп келіп, апат зардаптарын көзбен көрді. Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов та сын сәтте сайлаушылармен кездесіп, оларға Елбасы мен Үкіметтің қатты көңіл бөліп отырғанын, жағдайдың реттелетінін айтты. Сонымен, Кенді Алтайдағы табиғат апаттарының зардаптарын жою үшін 10 миллиард теңгеден астам қаржының қажет екені белгілі болды.
Жақында Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев су апаттарының алдын алу жөніндегі комиссияның төрағасы болып сайланды. Комиссия төрағасы И.Әбішев аудан басшылары мен басқарма, департамент жетекшілеріне қатаң талап қойды. Біріншіден, ешбір аудан әкімдері менің рұқсатымсыз басқа жаққа бармаулары керек, су тасқынының екінші толқынына жол бермеулері тиіс деп ескертті. Екіншіден, қажетті жанар майды уақтылы жеткізу, үш-төрт айда қираған үйлерді жөндеу және жаңа тұрғын үйлерді салуға аудан әкімдері бастарымен жауап беретінін шегелеп тұрып тапсырды. Облыс әкімдігіне қарасты бес-алты тікұшақтың апат аймақтарына ұшу кестесі де бекітілді. Әлі де көптеген ауыр техника мен тікұшақтар қажет екені де белгілі болды. Мәселен, кейбір алыс қыстақтарға әлі күнге адам табаны тимегені де расталды.
Сенбі және жексенбі күндері облыстық комиссияның төрағасы И.Әбішев бастаған топ су басқан Күршім, Зайсан, Тарбағатай және Үржар аудандарын аралап қайтты. Олар жұмыс істеп жатқандармен және аудан жұртшылығымен кездесті, қосымша күшті қажет ететін тұстарды байқады.
Облыс әкімінің орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков бір айдан бері су тасқыны ерекше зақым келтірген Тарбағатай ауданында штабты басқарып, сын сәтте жерлестеріне көп көмегін тигізуде. Қауіп әлі біте қойған жоқ. Қандысу су қоймасында қазір 13 миллион текше метр су жиналған. Сондықтан оның суы оқтын-оқтын жіберіліп отырылады. Бүгінге дейін 1200 орынға арналған жабдық және 600 жайма төсек жеткізілген. Ең бастысы, су басқан аймақтардағы шәкірттердің барлығы сабақтарын жалғастырып жатыр. Қарғыба ауылындағы уақытша көпірдің құрылысы басталды, бұзылған жолдар да жөнделуде.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы.
БАҚЫТ ДЕГЕН – ЕЛДІҢ БІРЛІГІ
Биылғы көктемнің басы елге ауыр тигені белгілі. “Апат айтып келмейді” дегендей, табиғаттың жойқын тасқыны еліміздің біраз елді мекендерін шайып кеткені барлығымыздың қабырғамызды қайыстырды десек, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарындағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету акциялары республикамыздың түкпір-түкпірлерінде ұйымдастырылып жатқанын естіп, біліп отырмыз. Мұндай сауабы мол ізгі шараға еліміздің барша азаматтарының белсене араласқаны қуантады.
Елордадағы Президенттік мәдениет орталығы да тарбағатайлықтарға өз көмектерін жөнелтті. Аталмыш орталықтың басшысы Мырзатай Жолдасбекұлының бастамасымен ұйымдастырылған “Табиғат апатынан зардап шеккен аудандарға көмек” гуманитарлық акциясына ұжымның қызметкерлері белсене қатысты. Осыған дейінгі Қызылағашта болған қайғылы оқиғаға осы орталық қызметкерлері 600 мың теңге мен киім-кешектер жинап жөнелткен болса, ақсуатттықтарға 1 және 5 күн аралығындағы жалақыларынан қолма-қол ақша жіберді. Көмек қорына 1 млн. 200 мың теңгеден астам ақша жиналды.
Ел халқын көмектесуге шақырған бұл акция барысында сөз сөйлеген Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбекұлы: “Қызылағаштағы табиғат апаты зардабынан бір ауылды сумен шайып кеткені өзімізге белгілі. Ал биыл шығыста қар да қалың, аяз да қатты болды. Енді сол қыс бойы жиналған қар ери бастады, қазір біздің шығыстағы ағайындарымыздың қатты қиналып жатқанын теледидардан көріп жатырмыз. Халықпен қоса біз де қиналдық. Мінеки, бүгін Президенттік мәдениет орталығының барлық қызметкерлері жиналып, сол ағайындарға кішкентай да болса қолұшын беріп, көмегімізді жасап жатырмыз. Басшы қызметкерлер 5 күндік жалақысын, қатардағы қызметкерлер 1 күндік жалақысын өткізіп отыр. Сонымен қатар, әр адам өзінің шама-шарқына қарай киім-кешек жинап берді. Бұл дегеніміз, баршамыздың азаматтық ар-ұжданымызды білдіретін әрекет деп есептеймін”, – дей келіп барша қазақстандықтарды қиналып жатқан ағайынға көмек беруге шақырды.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.
МҰҢАЙМАҢДАР, ЕЛДЕСТЕРІМ!
Қазақ атамның “Апат айтып келмейді”, деп тұжырымдап бір-ақ кесуі ұрпақтарын болып қалуы ықтимал қауіп-қатерден сақтандырған сыңайы. Кейде ондай табиғат апатының алдын-ала нышан беріп, ишарамен сездіретіні де бар. Шығысқазақстандықтар үшін биылғы ишара – қыстың қаттылығынан көрінді. Сонау қырдағы елдің арасында айтып келмейтін табиғаттың апатын алдын-ала сезіп, болжағандардың болғанын жоққа шығару қиын.
Сондықтан да ел мүлде қамсыз деуге болмайтын. Көзін тырнап ашқалы малмен күн көрген қарапайым шаруа өзінің қол жеткенінше сол ишараны аңдап, шама-шарқы келгенше қам-қарекет қылған болды. Бірақ орын сайлау жағы қолдан келгенімен, қыс ортасында қорада бүрсеңдеп тұрған малға тіске басар талғажау тауып беру оңайшылыққа соқты деп айту қиын. Бұл да бір халық басына түскен зауал.
“Мал ашуы – жан ашуы”, кей үйлерде қолға қараған азғана малдан бірер тұяқ шығын болса, екінші бір үйдің қой-ешкісі түгелге жуық топан суға кетіп, ғарық болған. Ет-сүтін тіске талғажау етіп, бала-шағаға көже-қатық қылып отырған кедей байғұстың жаны қысылып, “Енді қайтіп күн көрермін?” деп күйзелуін осыдан кейін қалай түсінбессің.
Аллаға шүкір, апат келген аймақ әйтеуір адам шығынынан әзірше аман. Соған да шүкіршілік ете отырып, ел, облыс басшылығы енді осы өлкеде жаны қысылып, күйзеліп жатқан жұртшылыққа жәрдем қолын жедел созуда. Республикалық деңгейдегі басшылық пен жергілікті билік мүмкіндігінше көңіл бөліп, атшапқылатып келіп жатуының өзі көңілге медеу. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев пен облыс әкімі Б.Сапарбаевтың апатты ауылдарды арнайы аралап көруі соның бір дәлелі.
Осындай қысылшаң сәтте қамықпа жұртым, елдес ағайындарым дегім келеді. Ең алдымен жергілікті басшылық, облыс, аудан әкімдері қатты көңіл бөліп отыр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі күн сайын мәлімет сұрап, апатты аймақтың қай тұсында қандай жағдай болып жатқанын, ең әлсіз деген тұстарын біліп отыруды дағдыға айналдырған. Облыс әкімінің бірер ай бұрын ғана тағайындалған орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков апатты аймаққа алғашқылардың бірі болып келіп, неше күннен бері жарғақ құлағы жастыққа тимей, қызыл су кешіп, Қызыл кесік сияқты халі мүшкілге айналған ауылдарды айналып шыға алмай, аласұрып жүр десек, артық айтқандық емес. Қайда барса да, айналысатыны – елді апаттан аман алып қалу жолындағы ұйымдастыру шаралары. Ауызбен айтуға оңай, әйтпесе, сел басқан өлкедегі жұмыс шаш-етектен. Осы өлкеден шыққан қалталы немесе билік басында отырған азаматтардың қайрат көрсетіп, белсенділік танытып жатқаны да осы тұста. Қазақстанның әр түпкірінде жүрген зайсандық немесе тарбағатайлық бас көтерер, бетке ұстар жігіттер шапшаң қимыл көрсетіп, қиыр шетте қиындыққа ұшырап, мүшкіл халге түсіп қалған жерлестеріне қол ұшын беруге асығуда.
“Суға кеткен тал қармайды” дейді тағы да қазақ атамыз. Ал Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай, Зайсан аудандарында мал-мүлкі суға ғарық болып кеткен қарапайым жандардың қармайтыны – тал емес, ел басшылығы, жанкешті қайраткер жерлестері. Апат ауданның барлық түпкіріне бір-ақ сәтте ауыз салып, елді арпалысқа түсіріп қойды. Бір жерге көмек әлі жетпей жатқан шығар, бір ауылдағы ағайындардың көңілінен шығу оңайлыққа түспей жатқан да болар. Бірақ, билік иелері мен қолдарынан іс келер азаматтардың ниеттері дұрыс екендігіне, ерте ме, кеш пе, көмек қолының жететініне сенейік.
Мұңайып, мұқалмаңдар, қымбатты жерлестерім.
Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы.