Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде «Қазақстан: тарихи тағылым саясаты» халықаралық онлайн конференциясы өтті. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз қызметі хабарлады.
Конференция Қазақстан халқы Ассамблеясының Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты жыл сайынғы халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылды.
Онлайн-конференция жұмысына ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Д.Ә.Абаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Қ.Түймебаев, Ресей халықтары Ассамблеясы Кеңесінің төрағасы, Еуразия халықтары ассамблеясы Бас хатшылығының басшысы С.К.Смирнова, Беларусь Ұлттық Жиналысы Өкілдер Палатасының депутаты П.Л.Жданович, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің президенті, Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Е.И.Пивовар, сценарист, режиссер, «АЛЖИР» тұтқыны Лидия Френкельдің немересі Д.Д.Виолина, ҚР Президенті Мұрағатының директоры Д.Ю.Әбдіқадырова, ҚР Парламенті депутаттары, шетелдік және қазақстандық сарапшылар мен ғалымдар, жазаланғандардың ұрпақтары, ҚХА мүшелері, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым, Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық қоғамдастығы, мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Шара барысында спикерлер ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.А.Назарбаевтың қазақ халқына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтірудегі рөліне тоқталды.
Революция, Азамат соғысы, 1921-22 жылдардағы ашаршылық, ұжымдастыру және 1932-33 жылдардағы ашаршылық салдарынан миллиондаған қазақ туған жерін тастап, жан сауғалап, дүние жүзіне шашырап кетуге мәжбүр болды.
«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жазықсыз жапа шеккен қандастарымыздың өз отанына оралуын армандады.
Ол 1992 жылғы 28 қыркүйекте Алматыда әлемнің 30 мемлекетінде тұратын қазақтардың басын қосып, Дүние жүзі қазақтарының бірінші құрылтайын шақырды.
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды және шетелде тұратын қазақтарды және Отанына қайтып келген қандастарымызды қолдау мақсатында «Отандастар» қоры құрылды.
2017 жылы өткен Дүние жүзі қазақтарының V құрылтайына 39 елден келген 800-ден астам қазақ диаспорасының өкілдері жиналды.
Елбасы бұл жиында сөйлеген сөзінде: «Біз Тәуелсіздік жылдарында алыстағы ағайынды қолдауды естен шығарған емеспіз. Шетелден 1 миллионға жуық қазақты елге көшіріп алып, қолдан келер барлық көмегімізді жасадық» деп атап өтті.
Ұлт Көшбасшысы өз халқына және туған жеріне адал әрбір қазақ үшін Қазақстанның есігі әрқашан ашық екенін еске салды.
Жұмыстың маңызды бағыты Алаш Орда партиясын тарихи, саяси және құқықтық жағынан ақтап алу болды.
Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның IV сессиясында Алаш партиясына қатысты Қазақстанның тәуелсіздігі - оның ішінде «ұлттық зияткерлік элитаның ешқашан тоқтатылмаған жұмысының нәтижесі» деп атап өтті.
Ол Алаш Орда идеялары мен Қазақстанның қазіргі дамуының өзара байланысын көрсетті.
Сондықтан Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мыржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев және басқалары ел тәуелсіздігінің тарихи тікелей ізашарлары болып табылады.
1988 жылы Қазақстан Компартиясы ОК қаулысымен қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілдері: Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов т.б. ақталды. Қазіргі уақытта архив материалдарын зерттеу жұмыстары жалғасуда.
Елбасының тағылым саясатының тағы бір бағыты қазақ ұлттық интеллигенциясы өкілдерін толықтай тарихи ақтау болып табылады.
ХХ ғасырдың 40-50 жылдары Ермұхан Бекмаханов, Ахмет Жұбанов, Бекежан Сүлейменов, Қасым Аманжолов, Қаныш Сәтпаев және Мұхтар Әуезов қуғын-сүргінге ұшырап, КСРО Ішкі істер халық комиссариаты жалпы саны 3720 адамды «агент» деп тауып, 183 ұйымды «әшкереледі».
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев өз сұхбатында: «жаппай қуғын-сүргіндерді, оның ішінде Қазақстан аумағында да болған қуғын-сүргіндерді ұмытуға болмайды... қазақ зиялылары түрмелерде Сталиндік сатраптардың қолынан іс жүзінде жазықсыз қаза тапты» деп атап өтті.
Құрметті қатысушылар!
Әрқайсымыздың азаматтық әрі гуманистік парызымыз – тарихымыздың қасіретті беттерін ұмытпауды ұрпақтарымызға айтып, жеткізу.
Олар үшін бұл – бірлік пен келісім сабағы, жалпыұлттық сананы қалыптастыруға апатарын жол.
Бүгін жекелеген секциялық отырыстар өткізіліп, оларда конференция тақырыбы жан-жақты талқыланатын болады.
Форум жұмысына сәттілік тілеймін», - дей отырып, Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев карантин жағдайында өтіп жатқан жобаға онлайн қосылғандардың барлығына ризашылығын білдірді.
Пленарлық отырыс «Депортация. Репрессия. Тағылым» және «Ашаршылық. Соғыс. Тәлім» тақырыптарындағы панельдік сессиялармен жалғасты.
Сондай-ақ қатысушыларға ҚР Президенті мұрағатының тарихи-құжаттық көрмесі, КарЛАГ және АЛЖИР музей-мемориалдық кешендерінің материалдары бойынша таныстырылымдар ұсынылды.