• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 31 Мамыр, 2020

Мәмбет Қойгелді: Біздің қоғамды эмиссарлар институты басқарды

1094 рет
көрсетілді

Бұл туралы белгілі алаштанушы, тарих ғалымдарының докторы, академик Мәмбет Қойгелді «Egemen Qazaqstan» газетінің ұйымдастыруымен өткен қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Ғасыр зұлматы» атты онлайн дөңгелек үстелінде айтты.

«Бізде неге осындай қуғын-сүргін, ашаршылық трагедиясы орын алды? Менің түсінгенім бойынша оның бірінші себебі біздің қоғамды эмиссарлар институты басқарды. Отанның тарихында арнайы зерттеу тақырыбы ретінде қарастырылмаған мәселелердің бірі – эмиссарлар институты. Эмиссарлар институты Қазақстан сияқты ұлттық республиканы метрополиялық, орталықтан жіберілген кадрлар арқылы басқару дегенді білдіреді. Бұл кеңестік жүйеде, оның 70 жылдан аса тарихында көпұлтты империяның өмірін бір орталықтан басқару ісінде кең қолданысқа түскен әдіс еді. Аталған мәселені тура түсіну біз үшін маңызды. Өйткені бүгінгі қазақ қоғамы – белгілі бір дәрежеде сол эмиссарлар қызметінің өнімі. Олар кеңестік тарих бойы қазақ қоғамын илеуге салып, оның орталық қалағандай болуына күш салды. Соның нәтижесінде ХХ ғасырда қазақ ұлты ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамынан өзге күйге енді. ХІХ ғасырда біздің қазақтың саяси белсенділігі жоғары болатын. Ал ХХ ғасырдың соңына қарай өзі үшін күресу белсенділігі төмендеп кетті. Оның бірден-бір себебі осы эмиссарлар институтында жатыр»,- деп атап өтті М.Қойгелді.

Оның айтуынша, бұл институттың өмірге келуі және қалыптасуы коммунистік партияның жеке билік құрушы саяси күшке айналуымен тікелей байланысты.

«Партия кеңестік мемлекеттік жүйеде әуел бастан саяси жабық орган ретінде қызметін жолға қойды. Эмиссарлар институтының жағдайында ғана коммунистік партияның табысты жұмыс істей алатынын байқадық. Екіншіден, эмиссарлар институты атқаратын міндеті тұрғысынан кеңестік режим жария еткен ұлттардың өзін-өзі басқару принципіне сәйкес келмейтін құрылым. Басқаша айтқанда, бұл институт – патшалық билік жүйесінен кеңестік басқаруға өткен элемент. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы кеңестік өкіметтің Қазақстанды басқаруының екі-ақ жолы барын, біреуі бұрынғыдай генерал-губернаторлар арқылы басқару, екіншісі қазақтың элитасына тапсыру екенін айтқан. Кеңес өкіметі бірінші жолды таңдады. Яғни, эмиссарлар арқылы басқаруды қолға алды. Біздің барлық трагедиямыз осында жатыр»,- деді белгілі алаштанушы Мәмбет Қойгелді.