Ал қоныс тойын тойлаған тұрғындар жарқыраған осындай биік үйлер бой көтерген бұл аудан енді Астана деп аталса деген тілек айтуда.
Жаз айында аталып өтетін елорданың туған күніне орай тұрғындар осындай ниет пен пейіл білдірген бұл аудан қазір Усолка деп аталады. Бұл ықшам аудан облыс орталығының оңтүстік бөлігінде, Ертіс өзенінің жағалауында орналасқан. Яғни, 80-ші жылдардан бастап тұрғын үйлер құрылысы бой көтеріп, дүкендер, мектептер салына бастады. Шеткері аудан болғандықтан қалааралық трамвай жолына қосылған, бағыттағы автобустарда да кедергі жоқ. Кейінгі жылдары бұл шағын ауданға жақсы көңіл бөлінуде. Елімізде қабылданған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына орай жиырмаға жуық үйлер салынды. Өткен жылы біраз кешеуілдеген тұрғын үйлердің жағдайы облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың сын тезіне түсіп, назарға алынудың нәтижесінде, бақылаудың, талаптың арқасында тұрғындар жаңа пәтерлерге ие болды. Құрылыс әлі де жалғасуда. Осыдан екі жыл бұрын 1500 оқушыға арналған қазақ тілінде білім беретін жаңа мектеп, осы мақсатқа арналған жаңа балабақша пайдалануға беріген болатын. Елбасы облысқа келген бір сапарында жарқырап өсіп келе жатқан осы бір шағын ауданды көріп, мектепті, балабақшаны аралап бөбектерге сыйлық тарту еткен еді. Бұл күндері осы жерде жаңа емхана салынып, құрылысы бітіп дайын тұр. Бірнеше сауда дүкендері, аула клубтары жұмыс жасауда. Міне, жуырда ғана әз-Наурызымыз табалдырық аттаған күні бұл аудан тұрғындары да көбейді. Жаңадан салынған үйден 107 отбасы пәтер кілттерін алды. Яғни, бұл пәтерлер қалалық тұрғын-үй комиссиясының шешімімен талай жылдан бері кезекте тұрған пәтерге аса мұқтаж мүгедектерге, зейнеткерлерге, жетім балаларға, көп балалы аналарға берілді деген сөз.Пәтер кілттерін алуға жиналған жұртшылықты қоныс тойымен құттықтаған облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев жыл аяғына дейін соғыс ардагерлеріне және ипотекалық және арендаға берілетін жаңа үйлердің құрылысы аяқталатынын айтып өтті.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар.