Жыл сайын бүкіл әлемде 31 мамырда Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күні атап өтіледі, мақсаты белгілі – барынша халықты салауатты өмір салтына үндеу, өз денсаулығына бейғам қарамауға болысу. Мәселен, 2020 жылы жастар арасындағы профилактикалық жұмыстарға көбірек көңіл бөлініп отыр.
– Қазіргі кезде 15-25 жас аралығындағы жастар зиянды әдеттерге әуес болып отыр. Жаман әдетке әкелетін көптеген факторлар бар, ал жастар ең осал топқа жатады. Темекі индустриясы өз жарнамасын жастарға өнімдерінің тұтынушылардың жаңа буыны ретінде бағыттайды. Өз өнімдерін белсенді түрде насихаттап, оларды тартымды етуге тырысады.
20 жасқа дейін шылым шегуді бастаған жастарда тәуелділіктің пайда болу қаупі жоғарылайды.Тәуелділіктен басқа, темекі шегуден туындаған түрлі аурулардың пайда болу қаупі де артатыны әмбеге аян. Көбінесе тыныс алу, жүрек-қантамыр және асқорыту жүйелері зардап шегеді.
Бұрын темекі шегушілердің арасында ер адамдар көп болса, бірақ қазір бұл тенденция теңдестіріліп, әйелдердің саны да көбейді, – дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ күндізгі стационарының терапевт дәрігері Гаухар Кожакеева.
Дәрігерлер тек жастар ғана емес, басқа жастағы адамдар үшін де тәуелділіктен бас тарту, денсаулық пен ұзақ өмірге қадам жасауға ешқашан кеш еместігін кезекті рет қаперге салып отыр.
Ал, Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күнінің пайда болуы тарихына келетін болсақ, 1988 жылы Америка Құрама Штаттарында өкпенің қатерлі ісігі ауруынан болатын өлім-жітімнің өсуін байқаған онколог мамандар темекі шегушілерге бір күн болса да темекіні тастауды ұсынды, бұл темекіге қарсы күрестің алғашқы қадамы болды. Бұл идея бұқаралық ақпарат құралдарында тез тарап және оң нәтиже берген екен. Сондықтан 1988 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) 31 мамырды Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күні ретінде белгілеуге шешім қабылдады.