• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 31 Мамыр, 2020

Қасіреттің жансыз куәгерлері - архивтік құжаттар

427 рет
көрсетілді

Облыстық мемлекеттік архив басшысының орынбасары Қаншайым Мақажанованың  мәліметінше, 1930-ыншы жылдардың басындағы ашаршылық нәубетіне қатысты айғақтар  облыстық мемлекеттік архивінде 20-30- жылдарғы құжаттарында сақталған.

Яғни, бұл архивтік мәліметтер Кеңес өкіметі тұсында ұзақ жылдар «Аса құпия», «Құпия» режимінде сақталып, зерттеушілерге берілмеген.

Қазіргі кезде бұл құжаттарға қолжетімді. Мысалы, 1929 жылдың қаңтарында Павлодар округінде 1 миллион 300 мың пұт астық дайындау туралы айлық тапсырманың тек 139 мың 68 пұты ғана дайындалған. Билік тапсырманы орындауды талап етсе, шаруалар асыра-сілтеп, еселенген жоспардың қабылдануына қарсылық танытады.

1930 жылғы 30 тамыздағы Павлодар аудандық комитетіне жолданған хатта Демьяновка ауылы тұрғындарының: «Астық дайындау басталды, енді міне, ойға қонымсыз жоспар беріліп отыр. Жоспарды жалған деректерді басшылыққа алған, мисыз адамдардың дайындағаны көрініп тұр» деген мәлімдемесі баяндалады.

Жергілікті «белсенділердің» қолдауымен ұжымшарлар мен жекеменшік шаруалардың астықтарын түк қалдырмай, тұқым және тағам ретінде пайдалануға арналғандарын да күштеп алып қойып отырған.

 ОГПУ округтік бөлімінің 1930 жылғы 7 наурыздағы ақпараттық хатында: «Нақты деректер бойынша Ертіс ауданы Ново-Алексеевка ауылдық Кеңесінің бригадасы тұқымды дайындауды қылмыстық жолмен жүзеге асырғандығы анық. Бір қыл қалдырмай тартып алған. Адамдарды тұтқынға алып, тіпті атуға дейін барған», - делінген.

Ет, май және т.б. мал өнімдерін дайындау жұмыстары да осындай репрессиялық әдістермен жүзеге асырылған.Егер 1928 жылғы 1 қазанда округте барлығы 2 мың 583 шаруашылықты біріктірген 177 ұжымшар болса, 1930 жылғы 1 қаңтарда 15 мың 55 шаруашылықтың басын біріктірген 339 ұжымшар болған.

Күштеп ұжымдастырумен қатар кулактардың мүліктерін тәркілеу саясаты қатаң жүргізілді. 1930 жылғы 19-20 ақпанда осындай үштік Максим Горький ауданы бойынша 213 және Тереңкөл ауданы бойынша 202 бай-кулак шаруашылықтарын Павлодар округі мен аудандарынан тыс жерлерге көшіру туралы қаулы қабылдайды.

Сөйтіп 1930 жылғы 16 наурыз жағдайында-ақ округте 117 шаруа қожалығы жойылады. Кулактардың мүліктерін тәркілеу үдерісінде шектен тыс асыра сілтеушілік орын алды, бұған орта тап өкілдері де түсіп кетіп жатты.                -Ашаршылық туралы мәліметтер 1930 жылғы құжаттарда тіркеле бастаған. 1930 жылғы 20 қаңтарда ОГПУ Павлодар округтік бөлімі: «Азық-түліктің болмауынан аштық орын алған жерлер бар. Аштықтың салдарынан Цюрупа ауданы тұрғындары жаппай көше бастады. Ауданнан ауылдық кеңестерге айтпастан қора-қопсысын және тұрмыстық керек-жарақтарын, үйлерін тастап, Павловка кентінен 34 шаруа қожалығы, Свободный кентінен 21 шаруа қожалығы кетіп қалған» деп хабарлайды,-дейді Қаншайым Мақажанова.

Ал, 1932 жылғы 31 қаңтарда БК(Б)П Павлодар аудандық комитетінің бюросы мына жағдайды жария етеді: «а) қазақтар арасында ашаршылықтан 498 адамның өлгендігі туралы факті бар; б) ұжымшар мүшелерінің аштықтан ит, мысық етін, қой терісін және тіпті адам етін де жегендігі туралы мәлімет бар; в) ұжымшарлар ыдырап, аштықтың салдарынан мал жаппай қырылуда, 1-ші, 2-ші ауылдарда 627 мал басынан бар-жоғы 36, ал №11-ші ауылда 2 мың 396 бастан 806 бас қана қалған».

Ауыл «Сағынай» және Көшен-Шүрек» руларынан тұрады. Комиссия «Сағынай» руының орналасқан жерін зерттеп, жерленбеген 44 мәйітті анықтады.

«Көшен-Шүрек» руынан қалғандар «Сағынай» руының орналасқан жеріне көшірілген, Көшен-Шүректерде 30-дан астам жерленбеген мәйіт қалған. Жерленбеген мәйіттерді қорымға жиі тастап отырған, ал бұған шамалары келмегенде мал қораға апарып тастай берген. №14 және №15 ауылдардың көптеген үйлерінде адамдардың барлығы дерлік төсектерінде жатыр. Ашыққандардың көпшілігі терінің қиқымдарымен қоректенуде. Жерленбеген мәйіттер саны - 12». БК(б)П

Павлодар аудандық комитетінің комиссиясы ауданда ашыққан 4 мың адамды анықтаған. Аштық жылдары ішерге ас таппай теңселген ауыл халқы өлместің күнін іздеп Павлодарға және Ресейдің көршілес өңірлеріне бас сауғалады. Оның көбі қазақтар болатын.

«Күз, қыс бойы Сібір жаққа аудан тұрғындарының 50%-дан астамы бас сауғалап кеткен, бүгінгі күні ұжымшарлардың көбінде негізгі жұмыс күшін әйелдер құрайды, №1, 6-ншы ауылдарда азын-аулақ ақсақ-тоқсақты қоспағанда, бірде-бір тұрғын қалмаған» - делінеді БК(б)П Павлодар аудандық комитетінің 1932 жылғы 2 ақпандағы телеграммасында.

Архив  құжаттарында 1931 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Павлодар ауданында 11 мың аула болса, 1932 жылдың 1 сәуіріне қарай олардың саны 3 мыңға жетер жетпес болып қалған.

1932 жылғы 26 қазандағы жағдай бойынша құрамына Павлодар облысы аумағының көп бөлігі кірген Шығыс Қазақстан облысынан 142 мың 932 адам басқа жаққа қоныс аударған, бұл 35 мың 733 шаруашылықты құрады.

Құжаттарда 1932 жылғы наурыздан бастап Новосібірден Павлодар станциясына күн сайын бес вагон адам келіп тұрған. «Аштықтан бас сауғалап, қоныс аударғандардың кері ағылуы Павлодарды адамға лық толтырды. Қала мен темір жол станциясына баспанасы, не ішерге асы жоқ аш-жалаңаш, жалаң аяқ мыңдаған адам жиналды. Ең аяныштысы - балалардың бір үзім нан таба алмай қала ішін шарлап жүргендері» жазылған.

-Халқымыздың басынан өткен қасіреттің жансыз куәгерлері - архивтік құжаттар. Бұл құжаттарды тебіренбей, толқымай оқу, зерделеу тіпті мүмкін емес. Ашаршылық жылдары Павлодар қаласына да ауыр соққы, ұмытылмас қасірет әкелді. Аштықтан құтылу жолдарын іздеген ауыл тұрғындары қалаға қарай ағылып жатты. Оның үстіне бұрын Сібір өлкесіне қоныс аударып, кейін ол жақтан елге әкімшілік шараларымен қайта кері қайтарылған адамдарды орналастыруда да көптеген жайлар туындаған,-дейді Қ. Мақажанова тағы да  архив құжаттарынан  үзінді келтіріп.

Павлодар облысы