• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Кино 01 Маусым, 2020

Таспада қалған талант

432 рет
көрсетілді

Киноның құдіреттілігі сол, сәтті сомдалған кейіпкерің экранда қаз-қалпында «стоп-кадр» сынды ұзақ жылдар сақталады. Неге екен, балалық шағын аңсаған кез келген ересек сонда – бақытты сәттерінің жарқын эмоциялары таңбаланған киноархивке жиі соғып тұруға асық. Өйткені дәл сол әлемде ол балаша қуанып, балғын шағымен жүздесе алады.

Осы бір тамаша әсерді тағы бір мәрте сезініп, бала күніміздің тәтті естеліктерін санада қайта жаңғыртқымыз келді ме екен, біз де демалыс күнімізді кинолентада қайталанбас бейнесімен жатталған таланттардың түсірілімнен кейінгі тағдырын зерделеуге арнадық. «Менің атым – Қожа», «Алпамыс мектепке барады», «Сүйрік», «Көксерек», «Адамдар арасындағы бөлтірік» сынды тізбеленіп кете беретін тамаша туындылар 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында бізді шын мәнінде балалық шағымызға жетелеп қайта алып барғандай...

Иә, аталған фильмдердегі кейіпкерлердің ішінде баспасөз бетінде жиі аталып, еске алынып жүргені де, таспамен бірге шаң басқан архивтерде қалған жарқын бейнелер де баршылық. Экран ерекше сүйген сондай сирек таланттың бірі – Сәкен сері Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» туындысының желісі негізінде түсірілген режиссер Болат Шәріптің «Заман-ай» фильміндегі Аманай бейнесі.

Есіңізде ме, сонда әжесіне еріп тау асып, туған жерін аңсап, атамекеніне қайтып келе жататын Аманай есімді сүйкімді бір бала бар еді ғой?!. Таспадағы таланттың экраннан тыс табиғатын танығымыз келді. Бір өкініштісі, көрермендер үшін ғана емес, ата-ана, ет жақын­дары санасында да мәңгілік бала бейне кейпінде қалған актер Арыстанмен кездесу әсерін бала актердің көзін көргендерден естелік жинаумен алмастырғанымыз болды... Кейіпкеріміздің маңдайына уақыт-ағзам небәрі бір мүшелден асар-аспас қана дәурен беріпті. Құйрықты жұлдыздай келте қайырылған қысқа ғұмырында ел жүрегінен өшпес орын алып үлгерген дарын жасындай жарқ етіп барып сөніпті.

Аманай – Арыстанның әкесі – М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының әртісі, есімі өнерсүйер қауымға жақсы таныс Омар Қиқымов. Соның әсері болса керек, жас актердің өнердегі өмірі де тым ерте, небәрі 4 жасында басталыпты. Таспада қалған жарқын бейнені жақы­нырақ танығымыз келгендегі біздің ең әуелі іздегеніміз де осы кісі болды. Қарғашынан қапыда көз жазып қалған әкеден жас сахнагер жайлы сұрадық.

– Тым жас, небәрі он бес жасында қайтыс болды. Алланың пешенесіне жазған ғұмыры осы екен. Өмірден өтіп кеткеннен кейін қарасам, бәлкім жастығым шығар, қасында әкесі бола жүріп адамгершілік мінездеріне, адами болмысына көп көңіл бөле қоймаппын. Балам бақилық болған соң көзін көрген адамдар: «Ерекше жанып тұратын. Әй, мына бала ұзаққа бармайды», деуші едік іштей» деп айтып жатты. Бәлкім, ол жаттың көзіне анық байқалған шығар, менің қаперіме ондай ой кіріп те шықпапты. Тіл-көз дегеннің өзі де қоймайтын сияқты ғой...

Жаңадан шаңырақ көтерген кезімізде театрға жақын жердегі жатақханада тұрдық. Арыстанды ес біліп қалған кезінен бастап өзіммен бірге жұмысқа ертіп келіп жүрдім. Соның әсері болса керек, театрға, сахнаға деген махаббаты айрықша еді. Өнер десе жанып түсетін. Сахнадағы тұсауы Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» қойылымымен кесілді. Одан кейін «Ақ кеме», «Медея», «Қан мен тер», «Өттің, дүние», «Үзілген бесік жыры», «Жетінші палата» сынды бас-аяғы он беске тарта спектакльде ойнады. Әсіресе, есте ерекше қалғаны «Өттің, дүние» қойылымындағы сомдаған образы болды. Сонда анасын жаулар атып тастағанда, қолын қан-қан етіп: «Жауыз, өлтірем!» деп ұмтылатын көрініс бар. Арыстанның осы ойы­нын тамашалау үшін дайындық барысында да, спектакль кезінде де театрдың барлық қызметкерлері залға келетін. Ал Арыстанның өзі болса, қойылым біткен соң, сахнаның сыртында өксіп-өксіп ұзақ жылайтын. Көңіліне шын алып қалатын болуы керек, көпке дейін өксігін баса алмаушы еді. Бала болса да кейіпкеріне деген адалдығы ғой бұл, – деді ұзақ үнсіздіктен соң актер перзентіне деген сағынышы – жанарына мөлт етіп тұнған көз жасын жасырып.

Арыстанның есімін өнер әлемінде мәңгілік еткен туынды – «Заман-ай» фильміндегі Аманай бейнесі десек, ешкім қарсы дау айта қоймас. 30 баланың ішінен таңдалып алынған жас актерге бұл рөл үлкен сеніммен қатар, зор жауапкершілік те жүктеді. Режиссер Болат Шәріп түсірілім алаңын­дағы ең жас әртіс жайлы бізге едәуір мағ­лұмат берді: – Актер таңдағанда арнайы байқау жариялаған жоқпыз, қабілетіне сенетін әртіс­терді байқаусыз-ақ рөлге бекіттік. Солардың ішінде Омар Қиқымов деген драма театрдың да­рынды актері де болды. Омардың жанында еріп кішкентай баласы да жүретін. Әлгі баланы көр­геннен кейін басқа үміткерге қарай алмай қалдым. Сондай өткір бала екен. Мұң десең – мұң, қуаныш десең – қуаныш, үрей десең – үрей – бәрі сәбидің оттай жанған жанарында тұрды. Тіл сайрап тұр.

Фильмде үңгірге өтетін әжесі екеуінің сәті бар емес пе? Сол көріністі түсірер кезде: «Әй, мына бала бұл жерді ала алар ма екен?» – деп іштей өзім күдіктеніп жүрдім. Баланың көзі­нен жас шығуы керек дегендей. Мен айтпасам да сезімтал бала өзі сезіп, менен: «Аға, мына жерде жылайын ба? – деп сұрады. Мен: «Шамаң келе ме, жасай аласың ба? – деп қайта-қайта сұраймын. – Алаңдамаңыз, жасаймын. Каме­раңызды дайындаңыз! – деді. Жалпы, мен алғашқы дайындықтан-ақ түсіргенді жақсы көремін. Сондықтан оны бірден түсіруге дайындадым. Алғашқы дубльде «мотор» дегеннен-ақ бәріміз таңғалдық. Әжесінің қойнына барып, құшақтасып, жылағанда қалайша тебіренбессіз. Осы бір көріністің шынайылығы соншалық, түсірілім тобының барлығы аң-таң болдық та қалдық. Шеберлік, тума талант деген осы», деп сыр бөлісті режиссер.

Өкініштісі сол – алмағайып кезеңдегі ауыр тағдырды суреттейтін фильм қаржылық қиындық салдарынан біраз уақыт кешігіп барып өндіріске жіберілгенде, Арыстан ажал жастығына бас қойған еді. Оның мөлдір жанары «Заман-ай» киносының түсіру алаңындағы таспаға ғана жазылып қалған. Әже Зәмзәгүл Шәріпова мен бала Арыстанның тандеміне құрылған көркем фильмді көру оның маңдайына жазылмапты. 1998 жылдың 16 мамыры күні тағдыры келте таспа-ғұмыр кенеттен қиылды. Егер тірі болса, биыл 37 жасқа толар еді. Заман-ай, десеңізші!..