• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 01 Маусым, 2020

Комиссия міндеттері түсіндірілді

123 рет
көрсетілді

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Президенттің үндеуіне қатысты Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Facebook желісінде пікірін білдірді.

Сенат Төрағасы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні – халқымыз басынан өткерген қасіретті жылдар жаңғырығы екенін жазады. Оның айтуынша, ХХ ғасырдың басындағы тоталитарлық жүйенің салдарынан дәстүрлі тұрмысымыз күшпен өзгертілген. «Ел ашаршылыққа тап болып, екі миллионға жуық адам көз жұмды. Жүздеген мың қандасымыз туған жерін тастап көшуге мәжбүр болды.⁣⁣

Саяси қуғын-сүргін жылдары да қазаққа оңай тиген жоқ. Ұлттың көшін бастаған зиялы тұлғаларымыз тар қапастарға қамалды және ату жазасына кесілді. Олардың жақындары да қудалаудан құтыла алмады.

Біз осындай «тар жол, тайғақ кешуден» береке мен бірліктің, сабыр мен төзімнің, үміт пен сенімнің арқасында аман өтіп, ата-бабамыз аңсаған азаттыққа қол жеткіздік. Аз уақыттың ішінде елдіктің іргесін ны­ғайтып, тәуелсіз мемлекет құрдық. Қазіргідей күрделі кезеңдердің өзін абыроймен еңсеріп келеміз», дейді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар қаншалықты қасі­ретті болса да, төл тарихымызды ұмы­туға болмайтынын айта келе, Мемлекет басшысының тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құру тапсырмасына тоқталады. ⁣

«Шын мәнінде, Президентіміз атап көрсеткендей, өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз. Сондықтан тарихтан тағылым алып, ұлт үшін бастарын бәйгеге тіккен арыстарымыздың есімдерін мәңгі ұлықтап өткеніміз жөн.⁣

Енді ешқашан мұндай зұлмат бол­масын! Тәуелсіз Қазақ елі жасай берсін!», дейді Сенат төрағасы.

Ал Дәурен Абаев Президент тапсырмасымен құрылатын комиссияның міндеттері туралы айтты.

«Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнін­дегі мемлекеттік комиссияның құрылған­ды­ғын жария етті. Бұл – тарихи әділдікті қалпына келтіру ісіндегі еліміздің кезекті қадамы. Сол жылдардағы қуғын-сүргін – тарихымыздың жанындағы жазылмаған жара. Процестердің жабықтығы, құпиялығы, өкінішке қарай, тарихымызда көптеген ақтаңдақ қалдырды. Қуғын-сүргінге ұшыраған жазықсыздардың барлығы бірдей ақталған жоқ. Біздегі мәліметтерге сәйкес, бүгінгі күні 6 мыңға жуық істі қарау қажет. Халқымыздың құқы үшін де күрескендерді ақтауға тиіспіз. Мәселен, 1910-1930 жылдардағы ха­лық көтерілісіне қатысушыларды айта­лық, 1929 жылғы Батпаққара көтері­лісіне қатысқан 500 адамның тек үшеуі ғана ақталған», деп жазды Дәурен Абаев желідегі парақшасында.

Сонымен қатар ол «Тарихты өзгер­тіп, тас-талқан болған тағдырларды қал­пына келтіре алмаймыз. Өлгендерге қайта өмір беру де мүмкін емес. Бі­рақ олардың ұрпақтары, келешек қа­зақстандық ұрпақтар алдындағы парызымыз – кінәсіз сотталғандардың жарқын бейнесін сақтау», деді.

«Жаңадан құрылған органның мис­сиясы – саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарын толықтай саяси және заңды түрде ақтау мақсатында жүйелі жұмыстарды ұйымдастыру. Президенттің комиссия алдына қойған міндеттері және соның аясында жүргізілетін жұмыстар мынадай: біріншіден, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заңнамалық ұсыныстар әзірлеу; екіншіден, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбанына теңестірілетін және саяси ақтауға жататын тұлғалар санатын бекіту; үшіншіден, ақталғандарды мәңгі есте қалдыру, олардың жерлен­ген жерлерін іздеу және күтіп-ұстауды ретке келтіру бойынша ұсыныстар әзірлеу; төртіншіден, ақталғандардың құқықтарын қалпына келтіру мәсе­лелері бойынша өтінімдер мен шағымдарды қарау. Аталған міндеттер мемлекеттік комиссия жұмысы сұл­басын нақты бейнелейді. Оның барысы жайында қоғамға тұрақты түрде ақ­парат берілетін болады», деп жазды Дәурен Абаев.