• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 02 Маусым, 2020

«КезБидегі» кикілжің: тараптар әділ шешімді күтуде

1651 рет
көрсетілді

Бірден ашып айтсақ, мұнай саласына сервистік қызмет көрсететін «КезБи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – Маңғыстаудағы мақтаулы компаниялардың бірі. Аталған компанияға жұмыс істеуге табанын бір іліктіруді армандап жүрген жан қаншама?! Өйткені серіктестік жұмысшыларының шұрайлы тұрмысы, уақытымен алатын жарытымды жалақысы қызықтырмай қойсын ба! Сөйткен үлгілі «КезБи» мекемесінде дау туды. Компанияның бір топ жұмысшысы мекеме алдында ереуілдетіп тұрған видео ел аралап кетті. Қолдарына ашулы сөздер жазылған плакаттар ұстаған жігіттердің алдына шыққан белсенді Мемлекет басшысына үндеу жолдайды.

– «КезБи»компаниясында 2019 жыл­дың орта тұсында жұмысшылар арасында толқу басталды, себебі сол мез­гіл­де тыстан жалдамалы 12 бригада жұ­мыс істеп тұрды. Толқуға себеп – жұ­мысшылар жыл аяғында жұмыс кө­ле­мі бітіп қалса, заңсыз ақысыз дема­лыс­қа жібереді екен деген қауесет. Қарапайым жұмысшылардың заң­сыз әрекеттерге баруы мүмкін бол­ған­дықтан, белсенді азаматтар келең­сіз жағдайларды болдырмау мақ­са­тында жұмыскерлер мүддесі мен пі­кі­рін кәсіподақ ұйымы арқылы заң аясында, әлеуметтік әріптестік негізінде ортаға салуды жөн көрдік. Кәсіп­одақ ұйымын құрып, тіркелдік. Мұның арты дауға ұласты, деген кәсіподақ төрағасы А.Джапаров орын алған мәселелерді тәптіштей жазған қағазды жолдады. Жазбада басшылық пен кәсіподақ ұйымы арасындағы келіспеушілік егжей-тегжейлі айтылған. Алайда, оның бәрін тізбектеп беруді газет беті көтер­мейтіндіктен және мәселелермен таны­сып, ақ-қарасын шешетін заң органдары, билік орындары болғандықтан тоқталып жатуды артық санадық. Оның үстіне А.Джапаров бастаған кә­сіп­одақ мүшелері құзырлы орындарға арыз-шағымдарын жолдап, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, сондай-ақ жергілікті әкімдік деңгейінде комиссия құрылып, үшжақты кездесулер мен отырыс­тар өткізіліп жүргендіктен мәселені жіліктеп-жіктеуді қажет санамадық.

Бірақ А.Джапаровтың айтуынша, бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылысымен басшылық тарапынан кедергілерге, қудалауға ұшыраған. «Жұмыста алко­голь­дік, есірткілік, психотроптық, уыт­құ­марлық, масаңдық (соларға ұқсас) жағдайында болған, аталған келеңсіз нәрселерді пайдаланғандарды анықтау мақсатында өндірістік қамту базасының ішін­де заңсыз медициналық зерттеу жүргізіп, нәтижесінде 30-ға тарта адам­ды жұмыстан заңсыз босатты» делінген хатта. Осылайша өз уәж­де­рін айтқан «Yntymaq» салалық кә­сіп­одағы құрылымдық бөлімшесі – бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелері «КезБи» ЖШС-не қояр «кәсіподақ мү­ше­­лерін қудалау тоқтатылсын және кәсіподақ жұмысына араласпасын. Кә­сіподақ ұйымы ашылғалы жұ­мыс­тан босатылған жұмыскерлер өз жұмыс­та­рына қабылданып, осы күнге дейінгі жұмысқа шықпаған күндері үшін ақша төленсін және тәр­тіп­тік жаза туралы шығарылған бұй­рық­тың күші жойылсын. Сондай-ақ еңбек заңнамасына сай жұмыскерлерге жұмыс істеуге кедергі келтірілмесін, қауіп­сіз­­дік қызметі өздерінің лауазымдық міндеттемесіне сай жұмыс істесін, жұмыскерлердің өндірістік жұмысына ара­ласпасын» деген талаптарын жет­кіз­ді. Бірнеше құзырлы орындарға хат жіберіп, Мемлекет басшысына үн­деу жолдаудағы басты мақсат та осы екен. Бірақ бұған дейін бірнеше құзырлы орындарға арызданған олар өз дегендеріне, яғни, талап-тілектеріне жете алмай жүр...

 

«Ешкімге қиянат жасап көргеніміз жоқ»

Мәселеге орай түсінік берген ком­па­ния басшысы Бітім Кезбаев бас­шы­лық тарапынан жұмыскерлерді қу­да­лау, заңсыз жұмыстан шығару жағ­дай­ларының орын алмағандығын, не нәрсенің де, қандай әрекеттің де заң аясында жасалуы тиіс екендігін, сол себепті тәжірибелі басшы, мұнай саласының ардагері ретінде өзі басқарып отырған мекемеде заңбұзушылыққа, тәртіпсіздікке жол бере алмайтындығын айтты.

– Серіктес болып құрылған 1992 жылдан бері абыройлы еңбек етіп, жұмысшылармен қоян-қолтық сый­лас­тық­та, ауызбіршілікте жұмыс жүргізіп келе жатқан мекеменің ел арасында абы­рой-беделі жоғары. Бұған дейін ұжым ішіндегі тәртіп-тазалыққа немесе өндірістік қызметімізге мін тағып, сын айтқандар болған емес. Ал аталған кәсіподақ ұйымы белсендісінің уәжі орынсыз, біржақты кінәлауға құрылған, дейді ол.

2019 жылы мекемеде қауіпсіздік қызметі құрылып, өндірістік қауіпсіздік мақсатында жұмысшыларды тексереді. Мекеменің 900-ге тарта қызметкері тек­се­рістен өткенмен, үзілді-кесілді бас тарт­қандар да болмай қалмайды. Сондай-ақ жұмысшылар тарапынан ұжымішілік еңбек тәртібін бұзу қайталанған жағ­дай­лар да есепке алынып отырған және мұндай келеңсіздіктер заң бойынша, яғни еліміздің Еңбек кодексіне сай реттеліп отырған. Тіпті айтуларынша, 2020 жылы өндірістік база аумағынан есірткі заттары табылғандықтан қауіпсіздік қыз­метінің басшысы серіктестік бас­шы­лығына хат жазып, нәтижесінде дәрігерлік тексеріс жүргізуге мәжбүрлік туындапты. «Медлабцентр» деген мекемені жалдап, ақпан айынан бас­тап тексеріс жүргізілгенде 1000-ға жуық жұмысшының 24-інен оң нәтиже анық­талады да олар заңға сәйкес жұ­мыс­тан босатылады. Сондай-ақ компания басшылығы бұл жайттардың барлығының құжаты бар екендігін, олар­дың бірқатарының өз кінәсін мо­йын­­дағандығын, алайда «Yntymaq» кәсіподақ басшылығының оларды қор­ғап, қатесін мойындаса да жұмысқа қай­та алуды сұрағандығын айтады.

Ал кәсіподақ мүшелерін қудалауға қа­тысты ұжымда 2019 жылы күзде құ­рыл­ған «КезБи-Бірлік» деген кәсіпо­дақ­қа жұмысшылардың 700-ге жуық адамы мүше болса, «Yntymaq» кәсіп­ода­ғына 250 шамалас адам мүше екен­ді­гін білдік. «Yntymaq» кәсіпо­да­ғы­на әу баста 300 адам мүше болса, ке­йіннен бірқатары бас тартқан. «Yn­tymaq» кәсіподағы басшылығы оларды мәжбүрлеп «КезБи-Бірлік» кәсіпо­дағына мүше еткендігін айтады. Қазір­гі таңда орын алған оқиғаға орай Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары бастаған комиссия құрылып, мәселенің мән-жайын анықтауда. Расында мәж­бүр­лік­пен екінші кәсіподаққа мүше ретінде тіркелгендер бар ма, жоқ па – анықтау комиссия құзырында.

Орын алған оқиғаны анықтау мақ­са­тын­да әлеуметтік еңбек дауларын болдырмау жөнінде шаралар қабылдау үшін Өңірлік жұмыс тобының отырысы Маңғыстау об­лысы әкімінің бірінші орынбасары Ә.Қыраубаевтың төрағалығымен 2019 жылдың 23 желтоқсан күні өткі­зіліп, қорытындысында әр тарап өзіне міндеттемелер алған. Мекеме бас­шы­лы­ғы аталған міндеттемені лайықты орындап келе жатқандығын, компа­ния басшылығы тарапынан оған дейін де қандай да бір заңбұзушылық жағ­дай­ла­рының орын алмағандығын айтады.

Айтуынша, еңбек қауіпсіздігі – назардан тыс қалдырылмайтын бағыт. Ірі компанияға сервистік қызмет көр­се­тіп отырғандықтан қауіпсіздік мәсе­ле­сінің маңызы зор. Сондықтан, жұ­мыс­­керлердің денсаулығын, тәртібін ұда­йы қадағалап отыру ешкімге зияны тимейтін әрекет, ал қандай да бір өрескел қылығымен немесе әреке­ті­­мен танылған немесе жоспарлы ме­ди­циналық тексерістен бас тартқан аза­маттар өзгеге емес, тек қана өзіне ренжуі қажет. Сондай-ақ компания жұ­мысы мен іс-әрекетін заңсыз деп тап­қан жағдайда Мемлекет басшысына үндеу жолдамас бұрын сотқа беріп, әділдігін сот арқылы шешуге де болатын еді ғой, дейді басшылық. Олай айтатыны – бұған дейін компания тари­хынд­а ондай жайт болған – арызданушы сотта өз талабының дұрыстығын дәлелдегендіктен компания оны жұмыс­қа қайта алып өтемақысын төлеген екен. Сол секілді егер компанияның әрекеті, шарасы дұрыс емес болған жағдайда біз қашпаймыз, дейді олар. Бірақ өздерінің заң аясында әрекет еткендеріне бек сенімді.

– Біз адамдарды қай кәсіподаққа мүше екендігіне қарап бөлмейміз, бізге ке­ре­гі – ұжымның берекетін кетір­мей, өзара сыйластықта жұмыс жасау, ірі компаниялардан тендер бойынша алынған жұмысты лайықты орындау. Компаниямызда айлық былтырғыдан 10 %-ға өсті, былтырдан бастап жұмыс­шы­ларға еңбек демалысына қосымша ден­саулық ақшасы төленіп келеді. Қыз­мет­керлердің отбасыларында әртүрлі жағдайлар орын алғанда мүмкіндікке қа­рай көмектесіп келеміз, дейді Б.Кезбаев.

 

«Ынтымақ болса, ырыс бар»

Өз уәждерін алға тартқан екі тарап­тың дауына нүкте әлі қойылған жоқ. Бірақ мұнай компаниялары үшін ұңғы­лар­ды күрделі жөндеу мен қалпына кел­ті­ру, сондай-ақ бұрғылау жұмыстары қызметін көрсететін «КезБи» компания­сы ізі мен үлесі Маңғыстау, Атырау өңі­рін­дегі ірі кен орындарында сайрап жатыр. Бүгінгі таңда 1200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып, облыс көлеміндегі әлеуметтік-мәдени, спорттық шараларға тұрақты түрде белсенді демеушілік көр­сетіп келе жатқан компанияның Маңғыстау өңіріндегі ірілі-ұсақты де­меу­­шілігіне толықтай тоқталу мүмкін емес, әйтсе де ауылдар мен тарихи орындарға үнемі қолдау көрсетіп жүр­гендігін айтуға тиіспіз. Сейсем ата қауымына, Үштаған ауылына мал суа­ру үшін және Сенек ауылының 50 жылдығына орай су ұңғымалары қа­зылса, Отпан тау тарихи-мәдени кешенінің су ұңғымасына жөндеу жүр­гізілді, сондай-ақ Бекет ата кеше­ні­нің су ұңғымасы ұдайы компания жауапкершілігінде. Жаңаөзен қаласында ипподром мен саябаққа жөндеу жасалса, Батыс Қазақстан облысында орын алған су тасқыны кезінде 1 млн 947 мыңнан астам теңге аударғаны бар. Жаңаөзен қаласында қар, жаңбыр сынды табиғаттың тосын қиындықтары кезінде халыққа қол ұшын созатын мекеме мұнайлы қаладағы тұрмысы төмен отбасыларға тұрақты көмек көрсетіп келеді. Одан бөлек туберкулез диспансеріне құрал жабдықтар, жыл сайын мектеп оқушыларына және мектептерге көмек көрсетіп, Жаңаөзенде мешіт құрылысын салуға демеушілік көрсеткеніне ел риза.

Компанияда орын алып отырған келеңсіз жағдай құзырлы орындар тарапынан ақ-қарасы терең зерде­леніп, әділ шешімін табады деп күтеміз.

«Біз ешкімге қиянат жасамаймыз, мақсатымыз – ел экономикасына қызмет етіп, үлес қосу, ұжымда ауызбіршілік болғаны керек» дейді «КезБи» бас­шы­лы­ғы, «талабымыз орындалсын, жұмыстан шы­ға­рылғандар қайта орнына алынсын» дейді «Yntymaq» кәсіподақ ұйымы мүшелері. «КезБи»-дей тұрақты, сенімді жұмыс жүргізіп жатқан жауап­кер­ші­лі­гі шек­теу­лі серіктестік жоқ қазір. Бүгін бар, ертең жоқ мекемелер жетерлік. «КезБи»-де жұмыс істеу бақыты бізге бұйырса ғой!», - дейді үш баласы мен жұмыссыз жарына жәрдемге келер небәры 29 мың теңгені жеткізе алмай абдыраған қазақ жігіті...

 

Маңғыстау облысы