Қазалы ауданында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының аясында құны 3 млрд 11 млн 89 мың теңге болатын 42 жоба іске асырылып жатыр. Осының нәтижесінде жүздеген тұрғынға жұмыс табылып, әлеуметтік нысандар жаңғыртылудан өткізілуде. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бағдарлама шеңберінде Ғ.Мұратбаев ауылына табиғи газ жеткізіліп, Ақсуат ауылынан 150 орындық клуб салынады. Сондай-ақ көшелер жөнделіп, жарықтандырылады, әлеуметтік нысандар жаңғыртылады.
Қазір ауданның мемлекеттік сатып алу бөлімі арқылы жарияланған 33, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы жарияланған 9 жобаның жеңімпаздары анықталған. Олардың барлығы Қазалы ауданының кәсіпкерлері.
«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты жұмыссыздар санын азайту. Осыған байланысты қолға алынған жобаларда аудан бойынша 436 адам жұмыспен қамтылады. Олардың жалақысы 85 мың теңгеден болады.