Ресейдің «Еуропаға терезе тескен» ұлы патшасы І Петр дінбасы мен жандармерия басшысын шақырып алып, үшеуі шетелдердей бай болу үшін Ресей тұрған құрлықты түгелдей орыстандыруға шешім жасапты. «Бұратана» халықтарды әуелі дін жолымен алдап-сулап жіпсітіп, христиан дініне енгізу, аты-жөндерін орысшалау, егер оған көнбесе, қару күшімен мәжбүрлеу керек десіпті. Сөйтіп олар «кембағалдардың» жерлерін тегін иеленіп, асты-үстінің байлығына кенелудің оңай жолы «тоқаш пен тоқпақ» саясатын жүргізу дескен. Мен оны сонау жылдары, қызмет бабымен аралас-құралас болып жүрген кезімде, мәскеулік жазушы-тарихшылардың бірнешеуінен естідім. Үшеудің «тарихи» құжаты Кеңес Одағының мемлекеттік орталық мұрағатында сақтаулы екен де, «№1 үстелдегі» онымен танысқысы келетіндер КОКП Орталық комитетінен рұқсат алуға тиіс екен, ал рұқсат сұрағанға беріле салмаған және құжаттан көшірме алуға тыйым болған.
1. Қазан революциясы қазаққа қасірет болды ма?
«Азиаттар білім-ғылымға қабілетті емес, олар қара жұмысқа ғана жарайды», деп бетпақтанған І Петрдің бұтарлау саясаты құрлықтың Солтүстігін, Қиыр шығысын жұтып алып, Қазақстанға ойысып, көк түріктің көне атамекені – қазақ Алтайының жартысын жалмаған кезде Октябрь революциясы болып, Ресейдің отарлаушыға айналған патшалық жүйесі жойылды да, Алтайдың екінші жартысындағы (бүгінгі Кенді Алтай, Шығыс Қазақстан облысы) қазақтар шоқындырудан аман қалды. Бірақ Ресей дала билігімен бұрынғы шарттасуы бойынша қазақ жерін тіміскілеп, «ғылыми экспедицияларын» шығарып, «оларды қорғайтын әскери бекініс» дегендерін сала бастап, қарашекпенділерін қаптатып үлгерген. Сол сұрқиялықтың зардаптарын зерттеген қарт журналшы-жазушы Сапабек Әсіпұлы деректі үш кітап жазды («Қазақ қасіреті», «Қатерлі дерт, қалжыраған халық», «Қауқарсыз қазақ мәселесі»), өкінішке қарай, тарихшылар қауымы «ғылыми дәрежесі жоқ» автордың ол еңбектерін зерделемеді.
Енді Алтайдың орыстандырылған жартысындағы (Горный Алтай) бір қаламдасымның халін баяндайын.
Барнаулдық (қала аты түріктекті төлеуіт халқының «по-ронгы-ул» – «лайлы өзен» сөзінен шыққан) ақын Сергей Сергеевич Каташ 1973 жылы Алматыға келіп, Ғылым академиясында докторлық диссертация қорғады. Ол өздерінің педагогика институтында Алтай филологиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор, «Алтай батырлары» атты көптомдықты құрастырған тарихшы-ғалымдар тобының жетекшісі екен. Жазушылар одағында танысып, еркін әңгімелесіп жүрген күндеріміздің бірінде ол: «Ай, Ғаба! Ата-әкелерің де, өздерің де бізше: Иванов, Сидоров, Козлов, Гусев, Воробьев... болып кете бармай, байырғы қазақ қалыптарыңда қалған сендер өте бақыттысыңдар! Владимир Ильич Ленинге күн сайын дұға бағыштасаңдар да көп емес. Арыда қазақ, беріде орыс болып кеткен бізді көрсеңші! Біз – ата-бабамыздың тілінен, дінінен мақрұм өскен бейбақпыз!», деп күйінді. Жүрегім езіліп кете жаздады. Оның сол минуттағы әлемтапырық қазақы әлпеті әлі де көз алдымда, дірілдей құмыққан дауысы әлі де құлағымда!..
Жақұт (якут) жазушысы Николай Габышевтан да сондай налыс естігенім бар. Ол екеуіміздің фамилиямыз ұқсас екеніне таңдана жымиып отырып: «Осы «Кабышев» деген фамилияны саған дейін Белоруссияда, Украинада естідім. Генерал болған Карбышев та ұқсастау, демек, православтықтардың арасында сонау заманда күштеп шоқындырылған бабаларымызда осындай кісі аты болғаны. Түрік тұқымды маған бұл аты-жөнді халқымызды қорқытып-үркітіп шоқындырған орыстар беріпті, саған кім берді, сендер шоқындырылған жоқсыңдар ғой?» деді. Мен: «Әкемнің аты Қабдырахман екен, әжесі «Қабыш» деп еркелетіп, кейін солай жазылып кетіпті», дедім...
1978 жылы КСРО жазушыларының «Дубулты» шығармашылық үйіне (Балтық теңізі жағасында) дем алуға бардым. Ықшам денелі, қараторы жігіт ағасымен үстеліміз бір екен, таныса отыру үшін сөз бастап:
– Туысқан, қайдансыз? Қырғызсыз ба, өзбексіз бе? – дедім.
– Не понимаю, – деді ол, қысық қара көзі күлімдей жымиып. Сұрағымды орысшаладым.
– Я – коряк. Моя фамилия – Косыгин, а зовут – Владимир, – деді.
– Совет Одағы Министрлер Кеңесінің Төрағасы Алексей Николаевич Косыгин туысыңыз емес пе? – дедім, әзіл аңғарта. – Ол кісі кеше келіпті, осы жағадағы өкіметтік санаторийде.
– Онымен туыс болсам, өстіп жүрем бе? – деді. Үнінен қыжыл аңғарылды.
– «Өстіп жүрембеңіз» қалай? – дедім, көмескі қыжылын аршып көргім келгенін жасырмай.
– Патшалық Ресейдің басқыншылық саясатынан хабарыңыз бар шығар, Ленин мен Сталиннің еңбектерінде айтылған ғой. Біздің коряк ата-бабамыз сол саясаттың құрбаны болыпты. Поптарын бетке ұстаған патшалық әскери жасақтар Қиыр Шығысты басып алып, бізді – коряктарды да христиан дініне алдап-арбап, ұрып-соғып кіргізген, ата-бабамыздың аты-жөнін жойып, орыстың аты-жөнін берген. Көнбегендерді көрге лақтырған. Менің ұлы атам Бола Коянто екен, ол – «Еркін тірлік» деген ұғым, «Коянтоны» олар «Косыгинге» айналдырыпты, балаларына коряктің атын қоюға тыйым салыпты. Содан бері біздің үрім-бұтақ – косыгиндер: Владимир, Василий, Иван, Ефрем, Кирилл… болып жүрміз.
– Жазушысыз ғой? – дедім.
– Ана тілі орыс тілі болып кеткен ақынмын, Мәскеуде екі жинағым шықты. КСРО Жазушылар одағының мүшесімін. Бірақ міне, бес жыл болды, коряк аты-жөнімді қалпына келтіре алмай жүрмін, өтініш бермеген жерім жоқ, біріне бірі сілтеп шаршатты, – деді. Ол ақырын сөйлесе де, ашық ашынып сөйледі, сірә, менің де басқа ұлттан екенімді аңғарып, біздің арамызда бірімізді біріміз жатырқамас себеп бар деп топшыласа керек. Маған:
– Сіз қайдансыз? Ұлтыңыз қайсысы? – деді.
– Мен Қазақстаннанмын, ұлтым – қазақ, – дедім, сөз бастамас бұрын өзімді таныстырмағаныма іштей өкініп.
– Казакстан?!
– Қазақстан – Совет Одағы құрамындағы одақтас республикалардың бірі.
– Космонавтар ұшып жүрген жақ па?
– Иә, космонавтар біздің Байқоңыр деген космодромнан ұшады.
– «Казакпын» дедіңіз бе? Орыстармен туыссыздар ғой?
– Туыс емеспіз. Біз «қазақ» деген халықпыз. Казактарға қатысымыз жоқ, олар – христиандар, ал біз – мұсылманбыз, «қазақпыз», Қазақстан! – дедім, «қ» әрпін қатаң айтып.
– Қызық екен. Аты-жөніңіз кім?
– Ғаббас Қабышұлы. Бізде орысша ат-жөн жоқ, – дедім, «Қабышев» дегендегі «ев»-ті жасырып.
– Патшаның шоқындырушы арнаулы отрядтары сіздер жақта болмаған ба?! – деді ол, шын таңданып.
– Болыпты, мысалы, біздің Шығыс өңірімізге Ермак Тимофеевич деген атаманның отряды зеңбіректерін сүйретіп келіп, қырғын жасап, жерімізді тартып алуға кірісіпті, бірақ біздің Сәтбек деген батырымыз ол жауыздың отрядын талқандап, өзін Ертіске батырып өлтіріпті.
– Сіздер бақытты екенсіздер! – деді Косыгин, қысық қара көзі өткірлене. Үнінен ризашылықтың нышаны байқалды. – Біз де аздап бақыттымыз, – деді ол сәлден соң. – Егер патшалық Ресейдің езгісінде енді он жылдай жүрсек, сауатымыз ашылмастан құрып кеткен болар едік, сөз жоқ, коряк ретінде құрып бітетін едік, енді қазіргі күнімізге шүкіршілік етіп жүрміз...
Егер 1917 жылы революция болмаса, қазақтар да патшалық Ресейдің «құшағында» кетіп, мөлшері 1920-1925 жылдары жұтылып тынатын еді. Кеңес өкіметін көзді жұмып, құлақты бітеп алып күстәналай бергенше, бір уақ осыны неге ойламасқа?!
Қазан революциясы («төңкеріс» – билік тобын өзгерту, «революция» – билік жүйесін өзгерту, яғни «Қазан революциясы» деу жөн) әлемге әкелген Кеңес дәуіріне тоқталсам, бүгінде оны халықаралық сионизмнің торындағы саясатшы, тарихшы, журналшы-жазушы атаулылар (олар талай елде бар және аз емес) тілдері жеткенінше жамандауда, онысын қостамағанды: «Социалистік-коммунистік жүйені іздеп жүр», «Кеңесін аңсап жүр» деп мардымсып мұқатады. «Мен білем!» деген бұл ғадет саяси Алаш қозғалысымызды ұйымдастырған, басқарған арыстарымыздың да әр пұшпақты илегендерін оқып білдік. Ортақ мақсатта ортақ тілді бола бермей, Қазақ Өлкелік партия комитетін басқара алатын «қазақ таба алмай», Кремльге «құда түсіпті». Сөйтіп: Пестковскийді, Акуловты, Голощекинді... келтіртіп «жарылқаныпты». Сол жолмен қанқұмар Мирзоян (1933 ж.), күні кеше (1986 ж.) бетпақ Колбин де әкелінді емес пе?
...Халықаралық қағида бойынша халықтық мемлекет білім беруі мен медицинасы тегін елде ғана болады. Кеңес мемлекеті солай болды: мектептің 1-ші сыныбынан бастап, жоғары оқу орындарында білім беру тегін, студенттер жатақханасы да ақысыз болды ғой?! Қазір ше? Бәрі керісінше. Және бір салыстыру: Кеңес өкіметі тұсында «жұмыссыздық» деген суық сөз де болған жоқ. Бүгінде ше? Бүгінде жұмыссыздық қоғамның бір дерті болып тұр, оған ем қонуы үшін ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті, ғылым-білімді, мәдениетті, медицинаны кеңестік қалпына келтіру қажет.
«Халықтық мемлекет» дегенге орай бір жайтты айта отырайын: Кеңестік қарсы барлаушылар тобы 80-жылдардың басында АҚШ-тың «Гарвард жобасы» деген құпия материалдарын қолға түсірген. Оның КСРО мен Ресейге арналған алғашқы үш томы: «Қайта құру»; «Реформалар»; «Реформалардың аяқталуы» деп аталған да, онда: КСРО мен КОКП-ны, Ресейді, Варшава шартын, бүкіл социалистік жүйені ыдырату және бұл жүйенің негізін – тегін білім беру мен тегін дәрігерлік жәрдемді жою жоспарланған. Жанды жерден ұру ғой?! Ол мақсаттың орындалуына, АҚШ Орталық барлау басқармасының мәлімдеуінше, жиыны 13 триллион доллар жұмсалған. Соңғы жылдары кейбір «бәрінбілгіштер» әләуләйләп жүргендей, «КСРО саяси, экономикалық құлдырау шегіне жетіп, өзі де құлағалы тұрған» жоқ-ты. Өйтіп тұрса, «гарвардшылар» арнайы жоба жасап жанталаспас еді, қыруар қаржыны ысырап етпес еді, «жар басына тақалғанды» табалап күліп күте тұрар еді.
Ал «Экономикалық құлдырау шегіне жетіп, өзі де құлағалы тұрған Совет Одағы» фашизммен соғыстан кейін, 1947 жылдан бастап, халыққа бірінші кезекте керек тауарларды жыл сайын арзандатып отырды. Ол жеңілдікті Хрущев жойды.
АҚШ Совет Одағын ыдыратуды 1948 жылы-ақ көздеген. Оның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің сол жылғы тамыз айының 18-ші күні бекітілген №20/1 құпия жобасында: «Біздің мақсатымыз – Совет өкіметін құлату» делінген. Бұлай боларын И.Сталин 1939 жылы белгілі дипломат А.Коллонтаймен сұхбатында болжап айтыпты. Сол сұхбатынан бір үзінді:
«Әлемдік билікті көксеуші сионизм біздің табыстарымыз бен жетістіктерімізді жоққа шығаруға, бізден есе қайтаруға жанталасады. Халықаралық сионизм біздің Одақты жоюға, Ресейді еңсесін ешқашан көтере алмайтын етіп жаныштауға барлық күшін жұмсайды... Ұлтшылдық ерекше екпінмен бас көтеріп, интернационализм мен патриотизмді біраз уақыт тұншықтырады. Ұлттар іріткіге, қақтығысқа ұшырайды. Өз ұлтына сатқындық жасайтын көлгір көсемдер пайда болады. Жалпы болашақтың жүрер жолы тым аласапыранды, шұғыл бұрылысты, тар да тайғақ болады. Әсіресе Шығыс шым-шытырыққа айналады, Батыспен қырықпышақ болады...».
Айтқаны келді емес пе?!.
Ал сионистер түпнұсқасы Ресейдің Орталықтандырылған мұрағатында сақтаулы (КСРО Ішкі істер министрлігінің мұрағатында жатқан) бұл сұхбатты жоққа шығару үшін әлі де жанталасуда.
2. Ашаршылықтың «астары» мен «тысы»
Дүние жүзіндегі бірінші социалистік ел – жас КСРО тірлігінде небір қияметтер болды десек, соның бірі – 1921 жылдан басталып, 1933 жылмен аяқталған ашаршылық. Жаңа Ресейді 1921 жылы сұрапыл аштық жайлап, В.Лениннің барша жұртшылықтан көмек сұрап ашық хат жазғаны мәлім. Сол жанайқайға құлақ қойған біздің Арал балықшылары Волга бойындағы жұтаған жұртқа мыңдаған тонна балық жөнелтті. Ол ашаршылық Ресейдің 34 провинциясын қамтып, 5 миллионға жуық адам көз жұмған. Сол жылғы және бергі жылдардағы аштық туралы жазғандар оның себебі: ұжымдастыру оң жүргізілмеді; астық дайындау бақыланбады; мал есебі қадағаланбады; ауыл-село халқы қуғындалды, ол үшін Совет өкіметі, Коммунистік партия, Сталин кінәлі деседі. Иә, ауыл шаруашылығын ұжымдастырудың көп жерде бейбастақ жүргізілгені рас. Ол жағдаят туралы ең алғашқы да құнды құжат – жазушы Михаил Шолоховтың 1933 жылы көкек айының 4-і күні И.Сталинге: «...Если все описанное мною заслуживает внимания ЦК, пошлите в Вешенский район доподлинных коммунистов, у которых хватило бы смелости, невзирая на лица, разоблачить всех, по чьей вине смертельно подорвано колхозное хозяйство района, которые по-настоящему бы расследовали и открыли не только всех тех, кто применял к колхозникам омерзительные «методы» пыток, избиений и надругательств, но и тех, кто вдохновлял на это. Обойти молчанием то, что в течение трех месяцев творилось в Вешенском и Верхне-Донском районах, нельзя. Только на Вас надежда», деп тұжырған батыл хаты.
Аталған аудандарды жұртшылықтың дабыл-тілегі бойынша үш ай аралаған М.Шолоховтың ол хатын оқысаң, төбе шашың тік тұрады. Колхозға қарсы жергілікті қаскүнем белсенділер жасаған айуандықта шек болмаған.
Жазушыға берген жауабында Сталин соншама сорақылықтың болып жатқанын дәлелдеп жазғаны үшін оған алғыс айтып, хат ізімен Шкирятов бастаған комиссия барып тексеру жүргізетінін ескерткен.
Хатынан кейін өміріне қауіп төнген Шолохов жасырынып, Мәскеуге қашып барып, Сталиннің қабылдауында болды. Сөйтіп аштық буған Дон бойының жағдайын көзбе-көз баяндап, ауыр жағдайды оңдауға тиіс үкіметтік шаралардың белгіленуіне үлкен үлес қосты.
«Донның солтүстігіндегі аудандарда «колхозшылар талан-тараж жасап жатыр» деген жаламен колхозшыларды астықсыз қалдырған алаяқ басшы-қосшылардың айла-шарғыларын түбегейлі тексерген комиссияның деректері бойынша Кремль қатаң шара қолданды. Халықты аштыққа душар еткендер атылды» (М.Шолоховтың «Об истинном слове» мақаласынан).
Сол жолғы әңгіме соңында Сталин: – Михаил Александрович, үйіңізге қайтып баруға қорықпайсыз ба? – деп әзілдегенде Шолохов: – Иосиф Виссарионович, сіз қорғамайсыз ба? – депті.
...КСРО-да 1919-1922 және 1931-1933 жылдарғы аштықтан қырылған халық саны әлі де анықталған жоқ. Зерттеушілер аштыққа кінәлілердің бірі – Бүкілодақтық совет атқару комитетінің (БОАК) төрағасы Я.Свердлов деп көрсетеді, (тарихшы И.Плотников жазғандай, шын аты-жөні – Ешуа-Соломон Мовшович. Одан Янкель Мираимович; Яков Михайлович Свердлов болған. Әкесі – Михаил Израилович Свердлов, шешесі – Елизавета Соломоновна).
Ресейдің белгілі тарихшы-жазушыларының бірегейі В.Шамбаровтың «Я.Свердлов. Оккультные корни Октябрьской революции» кітабынан үзінді:
«...1918 жылы мамыр айының 20-күні Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің жоспарлы мәжілісі күн тәртібіне «Советтердің деревнядағы міндеттері» мәселесі қойылып, комитеттің төрағасы Свердлов баяндама жасап, шаруаларға қатысты жаңа бағытты жария етті. Ол былай деді: «Біздің деревнядағы міндеттеріміз туралы мәселені қарауымыздың маңызы зор, біз онда не істеу керектің негізгі мақсатын көрсетуге тиіспіз... Біз қалалардағы ірі буржуазияны «өлтіре» алсақ та, деревняларда әлі де өйте алмай жүрміз... Сондықтан деревняда бір-біріне қарсы өшпенді екі топ жасау жайындағы аса маңызды міндетті шешіп, кедей көпшілікті кулактар әулетіне қарсы қоюымыз керек. Егер біз деревняны бітіспес жаулық пиғылдағы екі лагерьге бөле алсақ, егер араларына от салып, жақында ғана қалаларда болғандай азамат соғысын аша алсақ, егер деревня кедейлерін деревня кулактарына қарсы көтере алсақ, қалаларда істегенімізді деревняларда сонда ғана жүзеге асырамыз... Мен деревнядағы жұмысымызды жоғары деңгейде атқара алатынымызға күмәнданбаймын!».
Свердловтың «Жер туралы декрет» қабылданған сол мәжілістегі сөзі деревняға, шаруаларға қарсы құтырық жорықтың басталғанын айғақтады.
Л.Троцкиймен (Л.Бронштеймен) ымы-жымы бір Свердлов Жер мәселесі жөніндегі Халық комиссары Середа екеуі БОАК нұсқауымен құрылған «Селошаруашылық коммуналары» мен «Кедейлер комитеттерінің» 1918 жылы желтоқсанның 11-күні өткен құрылтайында деревняға еселеп соққы берді. Коммунаның бағдарламасы толықтырылып: «Коммуна мүшелерінің барлық мүлкі ортаға салынып, өздері казармаларда тұруға тиіс. Жалақы болмайды. Тамақты коммунаның асханасында ішеді. Балалары ұжымдық тәрбие орындарына беріліп, сонда өз күндерін өздері көретін болады», делінді («Қазақстанда кіші Октябрь революциясын жасамай болмайды!» деп аттандаған Филипп Исаевич (Шая Ицикович) Голощёкин Свердловтың досы, қолшоқпары болыпты).
Ал сталиндік ұжымдастырудың талабында («Большая энциклопедия»): «...Колхозшылардың үй-жайлары, қора-қопсылары, құрал-саймандары, ұсақ малдары, үй іргесіндегі кәсіби жер телімі өздерінде қалдырылсын» делінген. Яғни: ешбір отбасы «свердловтық сұрыптауға» ұшыратылмаған және ұсақ малдары: қой-ешкі, шошқа иелерінде қалған.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
( Жалғасы бар)