• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 03 Маусым, 2020

Халықты жұмыспен қамту – аса өзекті мәселе

1769 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов баяндамасында атап өткендей, коронавирус пандемиясына қатысты жарияланған шектеу шараларына қарай еңбек нарығындағы жағдай ағымдағы жылдың екінші тоқсанында күрделі болды. Наурыз-сәуір айларында жұмыссыз, табыссыз қалған азаматтар саны 4 млн-нан асты. Алайда 20 сәуірден бастап шектеулерді жеңілдетуге байланысты кәсіпкерлік нысандар кезең-кезеңімен жұмысқа кірісе бастады да, бұл көрсеткіш мамыр айында 1 млн адамға төмендеді. «Үкімет тарапынан экономиканы жаңғырту, оның ішінде жұмыспен қамтуға баса назар аудару шілде айынан бастап еңбек нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп санаймыз» деді осыған орай Б.Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, жыл аяғында жұмыссыздық деңгейі 6,1% болуы ықтимал. Себебі ағымдағы жылы 1 млн 220 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл жоспар бірнеше мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге аспақ. Соның ішінде жаңа «Жұмыспен қамтудың жол қартасы» аясында 255 мың жұмыс орны құрылмақ. Бүгінде Жол картасына кірген 6,5 мың жобаның 5,3 мыңы басталып, 103 мың жұмыс орны ашылды. Оның 35%-ы жастар. Жұмыстар маусым айынан бастап қарқын алады.

Жобаларға қатысатын 255 мың адам 210 млрд теңге жалақы мен әлеуметтік төлем­дер алады. Бұл өз кезегінде 1 млн-ға жуық адамның табысына әсер етеді. Мұның сыр­тын­да Жол картасы аясында отандық кәсіп­орын­дарға 700 млрд теңге көлемінде қолдау көр­сетіледі, 23 мыңнан астам орта және ша­ғын бизнес субъектілері тапсырыс алып, ке­мінде мыңдаған жұмыс орнын сақтап қалады.

Сонымен қатар болашақта халықтың игілігіне тиетін, әлеуметтік актив болып қалатын 615 жаңа нысан салынып, халықтың өмір сүру сапасына қатысты көптеген әлеуметтік мәселелер оң шешіле бастайды. Нәтижесінде «Жол картасының» жобалары алдағы уақытта межелес салаларда 100 мыңнан астам тұрақты жаңа жұмыс орнын құруға негіз қалайды.

Мұның сыртында «Нұрлы жер», «Бизнестің жол картасы», «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту», «Цифрлы Қазақстан» секілді басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында бүгінде қосымша 93,4 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Оның басым бөлігі құрылыс, сауда және ауыл шаруашылығы салаларына тиесілі. Жыл аяғына дейін аталған бағдарламалар бойынша барлығы 364 мың жұмыс орны құрылады.

Еңбек министрі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға ерекше екпін түсірді. Бұл бағдарламаны іске асыруға 2020 жылы 176 млрд теңге қарастырылғанын айтты.

«Жыл басынан бері 225 мың адам бағ­дар­ламаға қатысты жергілікті жұмыспен қамту орталықтары арқылы 184 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 99 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты» деді Б.Нұрымбетов.

Ал 6 мыңнан астам адамға бизнесін дамы­туға шағын несиелер мен гранттар берілді. Электронды еңбек биржасы арқылы 97 мың адам жұмысқа орналасты, оның ішін­де 46 мыңы тұрақты жұмысқа орналас­ты. Ағымдағы жылы бағдарламаның бар­лық құралдары арқылы 600 мың адамды жұ­мыс­пен қамту шараларына тарту жоспарлануда. 13 мыңнан астам жобаға жеңілдетілген шағын несие беру көзделген.

Жұмыссыз азаматтарға, бірінші кезекте жастарға еңбек нарығында өз орнын та­бу­ға қолдау ретінде бағдарламада кәсіптік оқытудың бірқатар түрлері қарастырылған. Жыл аяғына дейін жаңа кәсіптерді, дағды­лар­ды игеремін деген 100 мыңнан астам жұмыс­сыз азаматтарға осындай мүмкіндік беріледі.

Жұмыссыздыққа қатысты әлеуметтік қорғау шараларының бірі – мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары. Әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар бір жылға дейін жұмыспен қамтуға, жас түлектерге алғашқы кәсіби тәжірибе алуға мүмкіндік береді.

«Өңірлер бойынша бағдарламаны орындау қарқыны жаман емес. Жоспарланған 211 мың жұмыс орнынан 40%-ы құрылып, 84 мың адам еңбекпен қамтылды» деді министр.

 

Кеңейтілген отырыста қаралады

Мәселені Премьер-Министр Асқар Мамин қорытындылады. Барлық мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында биыл жұмыспен қамту шараларымен 1 млн 220 мың адамды қамту жоспарланған, оның ішінде 600 мың адамды – «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 255 мың адамды – «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша, 364 мың адамды – «Нұрлы жол», «Цифрлы Қазақстан», «Нұрлы жер», БЖК – 2020 және тағы басқа мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмысқа орналастыру көзделген.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы стартап жобаларды шағын несиелеу, бизнесті кеңейту, қосымша мамандықтарды оқыту, әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орна­ластыру, еңбек күші мол аймақтардан жұмыс күші тапшы өңірлерге көшіру және басқа шараларды қамтиды. Аталған мақсат­тарға 176 млрд теңге қарастырылған. Жыл ба­сынан бері бағдарламаға қатысуға 260 мың­нан астам адам өтініш білдірді, олардың 184 мыңы жұмысқа орналастырылған.

Премьер-Министр жұмыспен қамту, әсі­ресе қазіргі экономика мен бизнесті қал­пына келтіру жағдайында басты басым­дық­тардың бірі екенін атап өтті.

«Біз күрделі жағдайды бастан өткердік. Екі ай бойы төтенше жағдай мен карантин ре­жімі сақ­талды. Кәсіпорындар мен бизнес жұмыс істемеді. Қазіргі таңда экономиканы қалпына келтіру үдерісі жүріп жатыр. Аталған жұмыс аясында дағдарысқа қарсы шаралар топтамасы және экономиканы жандандыруға, жұмыс орындарын сақтау мен ашуға бағытталған кешенді жоспар қабылданды. Біз азаматтарды жұмыспен, тұрақты табыспен қамтамасыз етуге, осылайша олардың әл-ауқатын жақсартуға тиіспіз. Сондықтан жұмыспен қамту мәселесі біз үшін аса маңызды» деді А.Мамин.

Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Павлодар облыстарында жұ­мыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыру қарқыны жақсы екенін атап өтті. Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маң­­ғыстау облыстарында бұл бағытта жұмыс­тың бәсең жүргізіліп жатқаны айтылды.

«Бұл – әкімдіктердің жеткіліксіз жұмыс істеп жатқанының көрінісі, осы бағыттар бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет. Жұмыспен қамтуды қолдаудың барлық құралдары бар, оларды белсенді қолдану қажет. Осы мәселе бойынша біз тұрақты әрі жүйелі бақылау жүргізетін боламыз. Жарты жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту мәселесі Мемлекет басшысының төрағалығымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралады» деді А.Мамин.

Премьер-Министр барлық мемлекеттік бағ­дарламалар бойынша жұмыспен қамту­ды жандандырудың нақты шараларын қабыл­дауды тапсырды.

 

ҰБТ-ның жаңалығы бар

Үкіметтің селекторлық отырысында Ұлттық бірыңғай тестілеуді жаңа жағдайда өткізуге дайындық мәселесі қаралды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов атап өткендей, елімізде ҰБТ биыл 17-ші рет өткізіледі. Осы кезең аралығында тестілеуге жиыны 2 млн-ға жуық түлек қатысты.

А.Аймағамбетов 2019 жылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет өткізілетінін айтты (қаң­тар, наурыз, маусым, тамыз айларында). Оның форматы өзгерген жоқ, 5 пән бойын­ша қағаз түрінде: 3 міндетті және 2 бейін­дік пән бойынша өткізіледі. Барлық тест тап­сыр­маларының саны – 120, максимал балл – 140.

2020 жылғы 15 сәуірден 13 мамырға дейін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштер қа­был­данды. Осы жылы өтініштер онлайн форматта, сондай-ақ өтініштерді қабылдау пункт­терінде қабылдау жолымен қабылданды.

«ҰБТ бекітілген мерзімде 20 маусымнан 5 шілдеге дейін санитарлық-эпидемиялық талаптарды қатаң түрде сақтау арқылы 161 ҰБТ өткізу пункттерінің базасында өткі­зі­леді» деді А.Аймағамбетов.

Биыл ҰБТ тапсыру ережесіне мына жаңа­шыл­дықтар енгізілді: ҰБТ-ға қатысу үшін құжаттарды онлайн тапсыру және кіру кезінде бет-әлпетін тану көмегімен (Face ID) тұлғаны сәйкестендіру; ҰБТ электронды сертификатын және білім беру грантын тағайындау туралы электронды куәлікті енгізу; SAT, ACТ және IB халықаралық стандартталған тесттердің балын ҰБТ балына аудару шкаласын енгізу. Көрсетілген сертификаттарға ие тұлғалар ҰБТ тапсырудан босатылады және білім беру грантын тағайындау конкурсына қатыса алады. Сондай-ақ академиялық кезең аяқталғанға дейін қабылданған, ҰБТ шектік балын жинамаған түлектер бір жыл ішінде ҰБТ тапсыру мүмкіндігіне ие болады. Енді педагогикалық даярлау бағытына түсушілер үшін ҰБТ шектік балы 70 балға көтеріледі; ҰБТ-ны өткізу бейнежазбасы сараптамадан өтеді. Онда оқуға түсушілердің тыйым салынған заттарды қолданғаны анықталған жағдайда ҰБТ нәтижесі, сондай-ақ білім беру гранты жойылады; Түлектерге тест тапсыру орындарында калькуляторлар беріледі және тестілеу уақыты 3 сағат 50 минуттан 4 сағатқа ұзарады. Бұған қоса ата-аналарға және басқа алып жүруші тұлғаларға балаларды ҰБТ өткізу пункттерінде күтуге тыйым салынады.

«Ата-аналарға ҰБТ өткізу барысын қарау үшін онлайн таратылым жасалады. ҰБТ өткізу пункттері баррикадалық ленталармен қоршалады. ҰБТ өткізу пункттеріне кіру тәртібі тестіленушілердің арасында 2 метр қашықтық сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл қашықтық тест тапсыру кезінде де сақталады. Ғимаратқа кіру есіктері және ҰБТ өткізу процесі бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етіледі» деді Білім және ғылым министрі.

161 тест өткізу пунктінде 50%-ға толық 1200-ден аса аудитория іске қосылады. Коронавирус инфекциясының таралу қауіпін азайтуға арналған залалсыздандырудың 5 шарасы қолданылады: Олар – тест тапсырушыларды зарарсыздандыру тоннельдерінен өткізу; аяқ-киімдерді арнайы зарарсыздандыру кілемшелерімен өңдеу; қолды санитайзермен тазалау; дене қызуын өлшеу; бір реттік маска беру.

Тест тапсырушыға ұялы байланыс құрал­дарын және басқа да радиоэлектронды байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салынады.

«Тестілеу материалдары 100% басып шығарылды, барлық аудиториялар бейне­ба­қы­лаумен және ұялы байланысты 100% баса­тын құрылғылармен жабдықталды. ҰБТ өт­кізу пункттерінде бейнекөрсетілімі бар мони­тор­лар орнатылды. Мемлекеттік және апелля­циялық комиссияның құрамы бекітілді» деді А.Аймағамбетов.

Өңірлердің Бас санитарлық дәрігер­лерімен келісілген қатал санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтау және ҰБТ-ға кіру кезі мен өткізу барысында тестіленушілердің арасында 2 метр қашықтықты сақтай отырып ҰБТ тапсыру жоспары әзірленді.

Мәселені Үкімет басшысы А.Мамин қорытындылады. «Барлығы тыныш өтуі керек, түлектер назарын тек тестке ау­даруға тиіс. Дәстүрлі түрде ата-аналар үшін тестілеудің онлайн таратылымын ұйым­дастыру керек, осылайша ҰБТ үдерісінің ашықтығы мен айқындығы қамтамасыз етіледі» деді А.Мамин.

Үкімет басшысы Білім және ғылым, Ден­сау­лық сақтау, Ішкі істер министрліктеріне және өңірлер әкімдіктеріне ҰБТ-ны сапалы өткізуді және санитарлық талаптардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуді тап­сырды. Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігіне ҰБТ-ны қазіргі жағдайда өткізу бо­йынша кең ауқымды ақпараттық-түсін­діру жұмыстарын жүргізу жүктелді. Өңір­лер­дің әкімдіктеріне тест тапсыру қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету, тасымалдау норма­ларын сақтай отырып, түлектерді тасы­мал­дауды ұйымдастыру, ҰБТ өткізу пункт­терінің алдында адамдардың жаппай жиналуының алдын алу міндеттелді.