Мамандардың айтуынша, індетке шалдыққандардың көпшілігінде аурудың белгілері бірден байқалмайды екен. Алайда науқаста белгінің болмауы, онда вирустың жоқтығын білдірмейді. Қайта, симптомсыз жүріп талай жанға жұқтырары анық. Ал иммунитеті әлсіреген тұста шыға келеді. Ол кезде бәрі кеш болуы мүмкін. Қоғамды іштей кеміретін жегіқұрт – рухани індеттер де осыған ұқсас. Мейлі, оны парақорлық, жемқорлық немесе сыбайластық деңіз, қоғам мүшелері ағарып, арылмаған соң, ол қалыпты жағдайға айналып, белгілері байқалмаған күйі бүкіл ағзаға жайыла береді. Бұл – бүгінгі қоғамның кейпі...
Біз жемқорлықты көбіне шенді-шекпенді шенеуніктермен ғана шектейміз. Қомақты қаржы жымқырған әкім-қара қолға түссе, ол – мүмкіндік алған індеттің бетке шыққан белгісі ғана. Ал қолына мүмкіндік тимеген соң күнін күтіп жүрген симптомсыз сыбайластар арамызда қаншама?! Мәселен, кейбір перзентханада сый-сияпат көрсетпесе, айы-күні жетіп толғатып отырған әйелге дәрігердің жылы қабақ танытпайтыны белгілі. Ал баланы шығарып алу кезінде «сыйлық» беру жазылмаған заңға айналған. Жарық дүниеге осылай «сыбайластық» арқылы келген перзентін балабақшаға кезексіз орналастыру үшін ата-ана тамыр-таныс іздейді. Оны «кезегі жеткен біреуге қиянат жасадым-ау» деп мүлдем ойламайды. Өзінің «кішкентай бақыты» үшін өзгенің бақытын таптап кетуден тайынбайды. Өйткені «бәрі солай жасап жатыр» деп өзін сендіреді. Мектепте мұғалімге сый-құрмет жасамасаңыз, балаңыз олимпиадаға қатыспауы немесе үздік аттестаттан қағылуы бек мүмкін. Кейбір ұстаздардың бай-бағланның балаларына айрықша көңіл бөліп, басқаларды назардан тыс қалдыратынын жиі естиміз. Бұл да қалыпты жағдайға айналған. Сүйегі қатпай тұрып осындай әділетсіздікті көріп өскен бала өсе келе «бәрін сатып алуға болады» деп ойлайды. Жоғары оқу орындарындағы «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді айтпай-ақ қоялық. Одан әрі қызметке тұру, кезексіз пәтер алу сияқты өмірдің сан саласында сыбайластық жалғаса береді. Соның салдарынан өз білімімен жұмысқа орналасқан білікті жанға сенімсіздікпен қарайды. «Жоғарыда жақсы танысы, мықты тірегі бар болар, жолын тапқан ғой» деп сан-саққа жүгіртеді. Және оны сол үшін айыптамайды. Осындайда ар мен ұяттың таразысы іспетті жөн сөзімен жол көрсетуі тиіс қаламгерлер қауымы да соғым жолдап, сыбаға үлестіргендердің сөзін сөйлеп шыға келеді. Бұл – сыбайластық емес пе? Жолда заң бұзсақ, жол полициясының тілін табуға тырысамыз. Темір жолда билет алмай, жолсерікпен келіскенді пайда көреміз. Ал сыйлық алуды қалыпты дағдыға айналдырған сол дәрігерге, мұғалімге, полицияға, жолсерікке яки кез келген адамға мүмкіндік берілсе, симптомы шыға келіп, «ебін тапқан екі асайды» деп, қарпып қалудан тайынбасы тағы анық. «Қу, пысық деген ат қайда? Арсыз болмай атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда?» дегенді Абай осындайда айтқан болар, сірә. Абыздың қазақ қоғамына патшалық биліктің ықпалымен дендей енген парақорлықты әжуалай әшкерелеп, өзекке түскен жегіқұртты аластау үшін елді әділет пен қанағатқа шақыруы да сондықтан.
Бұл ұстанымды ақын «Құтты білік» дастанынан алса керек. Халыққа қызмет етемін дейтін әрбір азаматтың жата-жастана оқуы тиіс осы еңбегінде Жүсіп Баласағұн төрт принцип туралы кеңінен толғайды. Олар: ақыл, әділет, қанағат және бақыт. Осы төрт таған бұзылған жерде қоғамның іргесі сөгіледі. Мұнда ақыл – таразы, таразы бүлінсе, әділет кетеді. Ал әділетсіз һәм қанағатсыз қоғамда бақыт тұрақ таппайды. Мұндай идеяны әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» еңбегінен де көруге болады. «Қайырымды қала жетілген ағзаға ұқсас, оның барлық мүшелері бірін-бірі толықтырып, әділет арқылы бақытқа жетеді», деп ой қорытқан ойшыл тек байлыққа ұмтылып, дүниені бақыт деп ойлайтын, әрбір ісін мақтан үшін жасайтын, әділет жоқ қайырымсыз қоғамды «қараңғылардың қаласы» деп атайды. Ғасырлар қойнауынан жеткен бұл даналыққа құлақ ассақ, қоғамды кеміріп, оны бақытсыздыққа бастайтын індеттер қанағатсыздық пен әділетсіздіктен туындайды екен. Осындайда ойға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтқан: «Әр заманның, әр қоғамның өне бойына батпандап кіріп, мысқалдап шығатын дерттер болады. Жемқорлық – сол қоғамдық санаға сына қағатын қасірет. Бүгінде жемқорлық қоғамдық өмірдің көптеген тұсын жайлағаны жасырын емес. Жемқорлықпен күрес ымырасыз жүруі тиіс және бұл тек әрбір адамның міндетіне, керек десеңіз парызына айналуы тиіс», деген сөзі оралады.
Рас, жемқорлық – қоғамның бойына батпандап кірген індет, ал онымен күресу – баршаға міндет! Симптомы болсын яки болмасын, қоғам одан толық арылуы тиіс!