Еліміздің тұтастығын, тәуелсіздігін айқындап тұрған мемлекеттік рәміздеріміз қашанда қадірлі. Сондықтан болар, Елтаңба десе, ет жүрегіміз елжіреп, көк Байрақ желбірей көтерілсе, рухымыз атойлап, Әнұран айтылса, алпыс екі тамырымыз иіп шыға келеді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», дейді. Сондықтан ата тарихтың түпсіз тұнығынан тамыр тартатын біздің ұлттық кодымыз ең алдымен осы мемлекеттік рәміздерімізде сәтімен мазмұндалған, қисынды бедерленген.
Тәуелсіз еліміздің айшықты да мағыналы рәміздері – Мәңгілік елдің мәңгілік нышандары! Тәу етер тәуелсіздігіміздің түу биіктегі тұғыры осы рәміздерімізбен салтанатты. Егемен елдің болмысымен үйлесіп, тағдырымен үндесіп, қайсар рухымен тілдесіп тұр! Әрбір отандасымыздың жүрегіне сәуле болып құйылып, кеудесіне мақтаныш сезімін ұялатар күшке ие мемлекеттік нышандарымызға деген құрмет – шын мәнінде елге, жерге деген құрмет...
Алтындалған жіппен әдіптелген ұлттың ою-өрнегі, жадыраған алтын күн мен оған қанаты шағылысып қалықтап бара жатқан алтын қыран бейнеленген көк байрағымызға зер салыңыз. Ежелгі түркі жұртының алтын бесігі – Ұлы даламызды аялап келе жатқан халқымыз үшін аспан тектес көк түстің де, шуақ-нұры тұрған күнің де, сол күнге көзін тіктеп қадай алатын қыранның да алар орны айрықша.
Әр элементі сақ дәуірінен бергі Ұлы дала қойнауынан табылған жәдігерлерде негізделген, әр миллиметрі терең мазмұн мен мағына арқалаған Елтаңбамыз ерекше рухқа ие демей көріңіз... Орнымыздан тік тұрғызып, алақанымызды жүрек тұсына қойғызған, жанарға жас үйіріп, кеудемізге намыс ұялатқан Әнұранымызды жігер жанушы қайрағым деп қалай айтпайсыз?!
Осы үш қасиет – Қазақ елін Отаным деп білетін әрбір азаматтың ең қымбат қазынасы, құндылығы. Сол үшін де осынау мән-маңызы жоғары рәміздерімізді бағалай білуіміз керек.