• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 04 Маусым, 2020

Жайылым проблемасын талқылады

827 рет
көрсетілді

Nur Otan партиясының Партиялық бақылау комитеті Ауыл шаруашылығы министрлігіне бірқатар ұсыныстар берді. Nur Otan-ның Партиялық бақылау комитетін жайылымдық жерлер жеткілікті мөлшерде бола тұра, еліміздің көптеген аймақтарында ауыл тұрғындары үшін жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі неліктен өзекті мәселе болып тұрғаны алаңдатады.

Аталған комитет отырысында Парла­мент Мәжілісінің депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі Нұржан Әшімбетов бүгінде ауыл шаруа қожалықтары ішкі нарыққа жеткізілетін сүттің 74,5%-ын және еттің 56%-ын өндіретінін атап өтті. Алайда малға жеткілікті жайылымның болмауы мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіне еріксіз қауіп төндіреді.

Статистикалық деректерге сәйкес ел тұр­ғындарының 41,5%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Бұл ретте ұжымдасқан ша­руа­­шы­­лықтарда шамамен 3,2 млн бас мал болса, ал қосалқы шаруашылықтарда бұл көр­сет­кіш екі есе көп, яғни 6,7 млн шамасында.

Мал басының шамамен 80%-ы ауылдың айналасында жайылатындықтан, елді мекендердің 5-6 шақырым радиустағы жайы­лымдық жерлері тозған, тозығы жеткен жерлердің аумағы – 20,9 гектар. Соны­мен қатар ауылшаруашылық тауарларын өн­дірушілерге 73,4 млн гектар жер бөлін­ген, демек резервте 47,1 млн гектар жер бар.

«Дәл қазіргі уақытта Ақтөбе қаласынан басқа барлық облыстағы елді мекендер­де жайылымдық жер жетіспейді. Алайда ірі шаруашылықтар барлық жерде жайылым­дармен қамтамасыз етілген және олардың жартысын пайдаланбайды. Бұл жерлер ет пен сүтті өздері үшін өндіретін, арасында сатуға шығаратын қара­пайым шаруашылықтары бар ауыл тұрғын­дары үшін ауадай қажет», деді Н.Әшімбетов. 

Айта кету керек, Nur Otan партиясы фракциясының депутаттары 2017 жылғы ақпанда күшіне енген «Жайылымдар туралы» заңның жобасын әзірлеген болатын. Ол уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдардың жайылымдарды тиімді басқару және пайдалану жөніндегі жүйелі жұмысын көздейді. Заңның басты жаңалығы – елдің әр ауылдық округтері жергілікті климаттық ерекшеліктерді және тиісті аумақтарда мал жаюдың тиісті дәстүрлерін ескере отырып, Жайылымдарды басқару мен оларды пайдаланудың өзіндік жоспарын әзірлейді. Бұл Жоспар әрі қарай аудандық мәслихатта бекітіліп, әділет органдарында тіркеледі.

«Заңда мемлекет меншігі болып табылатын ауылдық жерлерде орналасқан жайылымдар жергілікті халыққа аналық (сүтті) малды күтіп-бағуға қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін берілетіні нақты көрсетілген. Ал тәжірибеде қандай? Жергілікті әкімдіктер жерді кәсіпкерлік субъектілеріне жалға берген. Аумақтық Партиялық бақылау комитеттері, мәслихат депутаттары, әкімдіктердің жауапты қызметкерлері – партия мүшелері, әкім орынбасарларынан бастап жер қатынастары бөлімдерінің басшылары қайда қарап отыр? Барлық ауылшаруашылық жерлерін тексеру және жер кадастрын цифрландыру өте баяу жүріп жатыр және барлығы бірдей сапалы емес. Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жоспары да дайын емес, дегенмен жыл сайын жерді геоботаникалық талдауға шамамен 7 млрд теңге бөлінеді екен», деді Н.Әшімбетов.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдархан Сапаров, егер жайылыммен қамтамасыз ету мәселелері заңнамалық деңгейде шешілетін болса, жергілікті жерлерде заңды жүзеге асыру кезінде мәселе туындайтынын түсіндірді.

«Жерге толық масштабты геобота­ни­ка­лық зерттеу жұмыстарын жүргізуге қаржылық ресурстар жоқ, жайылымдық жерлерді ауыстыру схемалары мен жос­парларын тіркеу кезінде әділет органдары кедергі келтіреді, жер учаскесінің меншік иесі өзгерген кезде жоспарлар шығын әке­леді. Осыған орай, жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін бізге депутат­тар­дың көмегі қажет», деді Ауыл шаруа­шы­лығы вице-министрі.

Партиялық бақылау комитеті мүше­­лері­нен құралған жұмыс тобы отыры­сының қорытындысында, Ауыл шаруа­шылығы министрлігі және Nur Otan партиясы фракциясы депутаттарына жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану мақсатында жайылымдық жерлерді бөлу, тарату және алып қою мәселелерін реттейтін заңнамалық актілерге мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар пакетін әзірлеу ұсынылды:

- жайылымда бір жыл бойы мал жа­йылмаса немесе мал жаюға рұқсат етілген жер 40%-ынан кем мөлшерде пайдаланылып отырған болса, жерді алып қою мүмкіндігі;

-жайылымдарды басқару жоспарлары мен жайылымдарды ауыстыру схемаларын бекіту және олардың қолданылу мерзімін 2 жылдан 5 жылға дейін ұзартудың жаңа жеңілдетілген тәртібі;

- жайылымдарды пайдалану ереже­лері­нің сақталуын бақылау процесіне жер­гілікті билік органдарының да атсалысуы.

Сонымен қатар Республикалық бюд­жеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетіне топырақ, геоботаникалық және басқа да зерттеулерге бөлінген бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына аудит жүргізу ұсынылды.

Жергілікті атқарушы органдарға 2002-2004 жылдары жасалған елді мекен­дердің ұйымдық-экономикалық құрылы­мы­ның жоспарларын қайта қарау және осы жос­парларға сәйкес елді мекендерге бе­рілген жайылым жерлерді мемлекет мен­шігіне қайтару шараларын қабылдау қажет.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы жоспарларды әзірлеуге қатысатын әкімдік мамандары үшін жан-жақты оқыту жұмысы ұйымдастырылуы қажет.