Елдігіміздің ең басты нышаны саналатын Мемлекеттік рәміздер күнін лайықты атап өту ел өңірлерінде жүйелі түрде жалғасып келеді. Есте болса 2019 жылдың қазан айында Алматыдағы Медеу шатқалының қақ төрінде еліміздегі ең үлкен Ту тұғырға қонған болатын. Ені жеті ал ұзындығы 14 метр болатын байрақ 40 метр биіктіктіктегі темір тұғырдың төбесіне ілінген. «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек тұсауын кескен игі шара тұтас ел көлемінде жалғасын тауып «Менің Туым, менің отаным!» акциясына ұласқан еді.
Әлемді әбігерге салған пандемияға қарамастан осынау атаулы мереке Алматы қаласында биыл да дәстүр бойынша атап өтілді. Карантиндегі шектеу шараларына байланысты онлайн режімінде қанат қаққан бірқатар жобаларды жекелей атап өтуге болады. Соның бірі «Жас Отан» Жастар қанатының ұйытқы болуымен жүзеге асқан айрықша байқау. Әлеуметтік желінің әлеуетін тиімді пайдаланған жасотандықтар желідегі түрлі парақшаларда қала тұрғындарын еліміздің байрағымен түскен суреттерін жариялауға шақырды. Байқаудың басты шарты жариялаған суретіңнің астына «Менің туым, менің Отаным» хештегін жазып қалдыру. Ұйымдастырушылардың сөзінше жобаға кез-келген жастағы Алматылық қатыса алады. Жеңімпаз деп танылған қатысушыға Мемлекеттік Ту сыйлық ретінде табысталмақ. Ұйымдастырушылар байқаудың басты мақсаты рәміздерімізге құрмет көрсетіп, жастар мен барша қоғам өкілдерін Отансүйгіштікке баулу екенін айтады.
Сондай-ақ Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Ұлтымыздың рәміздерін қастерлейік» атты онлайн кездесу өтті. Ауқымды тақырыпты арқалаған бейне-конференцияға белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, оқытушылар мен студент жастар қатысты.
«Туымыздың, басқа да рәміздеріміздің биік тұрғаны халық абыройының символы. Азаттықтың алтын бесігіне баланатын шаһарымызда бұл күн ерекше салтанатпен аталып өтіліп келе жатыр. Nur Otan партиясының аудандық филиалдарында осы тақырыпты негізге алған онлайн жүздесулер өтті. Рәміздерімізді құрметтеу – қоғамға ортақ борыш», – дейді Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Төлепов.
АЛМАТЫ