Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында онлайн брифинг өткізген Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы мен Кәсіпкерлер Палатасының директоры Нариман Әбілшайықов жұмыспен қамту мәселесі қала билігі нысанға алып отырған негізгі мәселе екенін айтты.
– Азаматтарды жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының арқасында Алматыда 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны пайда болды. Жоспар бойынша біз 26 мыңдай жаңа жұмыс орнын ашамыз. Бұл - негізінен құрылыс саласының мамандары. Бізде кафель жабыстыратын, дәнекерлеуші сияқты мамандықтарға сұраныс жоғары. Олардың орташа жалақысы - 80-120 мың теңге аралығында, – дейді Данияр Әлкебайұлы.
Басқарма басшысының орынбасары сондай-ақ, қалада «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанына тоқталып өтті.
«Еңбек» бағдарламасы бойынша жұмыс берушілер уақытша жұмыс орындарын ұйымдастырады. Ол үшін бюджеттен қаражат қарастырылған. Бұл - қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары және жастар практикасы. Қоғамдық жұмысқа қатысатын адамдардың еңбегіне ақы төлеуді халықты жұмыспен қамту орталығы ай сайын жұмыс берушілер ұсынған мәліметтер негізінде жүргізеді. Ең төменгі жалақы - 85 000 теңге. Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік оқу бар. Ол жерде 9-11 сыныпты бітірген түлектер, жоғары оқу орнына түсе алмаған жастар білім ала алады. Ол бойынша биыл 2 500 адамды қамтамасыз етеміз», - дейді ол.
Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, қалада 700 мыңнан астам адам кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді.Төтенше жағдай кезінде 80-ге жуық кәсіпорының жұмысы тоқтады.
«Жұмыспен қамту жол картасы» және «Еңбек» бағдарламасы аясында қаламыздағы кәсіпкерлерге көмек қарастырылып отыр. Әлеуметтік жұмыс, жастар тәжірибесі бойынша кәсіпкерлеріміз өзіне қажетті мамандықтарды иегіп жатыр. Сондай-ақ, «Атамекен» қолдау орталығы» жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Мақсат – жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру. Әр менеджер күніне 5 бос жұмыс орнын мәліметтер базасына және жұмыссыздармен жұмыс бөліміне қосады. Сонымен, бүгінгі таңда Алматыдағы бос жұмыс орындарының мәліметтер базасында 107 мамандық бар, 1908 адам жіберілді», - дейді жауапты маман.