(Соңы. Басы 106-107-нөмірлерде)
Сол қаулыдан бір үзінді: «...Революцияға қарсыларды ату керек! Аудандарға өз төтелерінен ату құқы берілсін! Аудандарда шағын концлагерьлер ашылсын... Атылғандардың өліктері ешкімге берілмесін. Бүкілодақтық төтенше комитеттің аудандық комитеттеріндегі жауапты жолдастар топтап атуды қадағалап көріп тұруға тиіс. Аудандық комитеттерге келесі мәжілістерінде өлік мәселесін шешіп отыру міндеттелсін...» (В.Шамбаров, «Оккультные корни Октябрьской революции»).
Троцкий ол кезде В.Лениннен кейінгі екінші басшы – Революциялық әскери кеңестің төрағасы. Ол қазірде айтыла бастағандай, Свердлов екеуі астыртын ұйымдастырған қастандық – Лениннен құтылу жоспарлары сәтті болмаған соң, оны керісінше пайдаланып, Ленинге қарсыларды жазалауға кіріскен. Троцкий Курск партия өкілдерінің бірлескен жиналысында 1918 жылы желтоқсанда былай депті:
«...Тәжірибесіздігіміздің орнын немен толтыруға болады? Тек қана қырғынмен, жолдастар, бұл естеріңде болсын! Толассыз және ешбір аяусыз қырғынмен! Босаң, көңілшек болсақ, онымызды тарих ешқашан кешірмейді. Егер біз бұған дейін жүздеп, мыңдап қырған болсақ, енді қажет болғанда, он мыңдап қыра алатын ұйым, аппарат құратын мезгіл келді...» (Ю.Емельянов, «Троцкий. Мифы и личности»).
Міне, «қызыл қырғын» осылайша заңдастырылып, троцкийшілдер әуелі жеке Ресейді, одан соң Ресей Федерациясын, КСРО-ның құзырындағы одақтас республикаларды шарпып, 1918-1938 жылдары ой мен қырды аяусыз тазалап тынды деуге болар. НКВД (Ішкі істер халық комиссариаты) құзырында ГУЛАГ-тың (Мемлекеттік лагерьлер басқармасының) жүздеген лагері ашылып, 10-25 жылға сотталған «халық жаулары» лық толтырылған. Бұл сұрқиялыққа әу баста жол ашқан – Лейба Давидович Бронштейн (Лев Давыдович Троцкий). Петроград Кеңесінің төрағасы болып тұрғанында ең жақын дос-жолдастарының ортасында былайша лепіріпті (үзінді): «...Мы должны превратить Россию в пустыню, населенную белыми неграми, которым мы дадим такую тиранию, какая не снилась никогда самым страшным деспотам Востока...» (В.Хатюшин: «Рабочий скот для европейского подворья». Журнал «Молодая гвардия». Москва. 1991. №8).
«Халық жауларын әшкерелеуді» кімдер бастағаны, жер-жерде қалай жүргізілгені жайында толық деректі еңбектер жарияланып жатыр. Мысалы: Е.Прудникованың «Хрущев. Творцы террора», А.Елисеевтің «Правда о 1937 годе. Кто развязал «большой террор?» деген, мұрағаттық құжаттар негізінде жазылған кітаптарында да жеткілікті.
Сөз ыңғайына орай, көнекөз қарттардан естіген жайттарды да баяндайын:
1.Әкемнің немерелес ағасы, колхоз ұстасы Құрманбай Айтықов егін науқанын бақылауға аупарткомнан келген өкіл жігітті бір іңірде өздерімен іргелес үйдегі жесір келіншекті зорламақ сәтінде ұстап алып, сабап, қуып жібереді (келіншектің алты жастағы қызы Құрекеңнің үйіне еңіреп жылап кіріп, бөтен бір кісінің келіп, тәтесін ұра бастағанын айтқан екен). Екі күннен кейін ауданнан екі милиционер келіп, Құрекеңді алып кетеді. Бертінде іздестіріп білгенімдей: «коммунисті соққыға жығып, партияны мазақ еткен халық жауы» он жылға сотталып, Магаданға айдалыпты. Сүйегі сонда қалды. Құрекеңнің балалары әкелері тұтқындалысымен жұмыстан, мектептен қуылған. Тұңғышы Ізғұтты Семей қаласын паналап, сол жақтан И.Сталинге: «Менің колхозшы әкемді «халық жауы» деп он жылға соттап жіберді. Маған соғысқа баруға рұқсат беріңіз. Мұнда «халық жауының баласысың» деп әскерге алмай қойды. Мен қарапайым колхозшы әкемнің абыройын ақтау үшін соғысамын, әкемнің халық жауы болмағанын, өзімнің халық жауының баласы емес екенімді дәлелдеймін!» деп жазған хатынан кейін 1942 жылы маусымда майданға алынып (20 жасында), қолұрыста (рукопашный бой) фашистердің 51 солдат-офицерін жайратқан, түнгі барлауда жаудан 22 «тіл» әкелген. 1944 жылы шілденің 8-і күні Батыс Двина өзенінен өткендегі қиян-кескі ұрыста ерекше ерлік көрсеткені үшін Совет Одағының Батыры атағы берілген (оған дейін: «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Даңқ» медалінің 3-ші, 2-ші дәрежелілерімен марапатталыпты). Сол жолы ауыр жараланып, госпитальға түскен Ізғұтты ағекем сонда бір аптадан кейін көз жұмыпты. Госпитальға түскен күнінің ертеңінде «Комсомольская правда» газетінің тілшісі барып жолығып, Батыр атағымен құттықтап, әліне қарай әңгімелесіпті. Бір апта өте бере, газетте «Здесь сражался комсорг» деп аталған мақаласы шыққан. Ізғұтты батальон комсомол ұйымының хатшысы екен.
Ізғұтты ағаның И.Сталинге хат жазып, оны «пошташы орыс дядяның» көмегімен Мәскеуге жөнелткенін Із ағаның сүйген қызы, бірақ «жазмыштан озмыш жоқ», аңырап қала берген Жібек апайдан бертінде, Құрманбай әулетінің қасіреті туралы жазбақ болып жүргенімде, естіп білдім.
2.1937 жылдың күзінде біздің Тоқсанбай ауылымызда (Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы) бір шілдеханаға кешігіп келген Қайырлы деген жігіт: «Менің аудан орталығынан келгенім жаңа ғана, кәне, сүйінші беріңдер! Аудандық «Социалды майдан» деген газетіміз шықты!» деп қойынқалтасынан бүктеулі газетті алып көрсетеді. Сонда Рақыш деген жігіт: «Ау, алақандай «Майдан», шыға келдің қайдан? Бастықтарға жағарсың, бізге болмас пайдаң!», деп жұртты күлкіге қарық қылады. Содан үш күннен кейін: «Коммунистік партияның газетін жамандаған халық жаулары» Қайырлы, Рақыш ұсталып кетеді. Әрине, «дос-жолдастары» ұстатқан соң. Ол ненің көрінісі? Сатқындықтың! Қазекемнің осы бір «кәсібі» бағзы заманнан бар. Көне дастандардан, Бұқар жырау мен Абайдың, Махамбеттің... өлеңдерінен оқып білдім. Иә, «Қазақ десең, өзіңе тиеді», бірақ не шара, қазекемнің біразында болған, бар, болатын да бір «кәсіп» – сатқындық.
Облыстық, өлкелік партия басшылығындағылар өздері көзге сүйел бола бастаған кезде Кремльге хат жазып, бәленбай «халық жауына» жаза қолдануға мұрсат (лимит) сұрайтын айла тапқан және бекітіліп келген санды толтыруды, яғни кімдерді «жаулардың» тізіміне енгізуді өздері білген.
«Лимиттерді» БК(б)П Орталық комитетінің Саяси бюросы бекітіп отырған. Алайда мұрағаттардан табылып жатқан құжаттар айғақтағандай, Ішкі істер халық комиссары және Мемлекеттік қауіпсіздік Бас басқармасының бастығы Генрих Григорьевич Ягода (Иегуда Енох Гершевич. Свердловтың немерелес жиені), одан кейін Ішкі істер халық комиссары болған Н.Ежов «лимитті» өздері-ақ «реттеп» жүріпті.
И.Сталиннің еңбектерінен оқығандарымның ішінен, оның 1937 жылы 5 наурызда БК(б)П Орталық комитетінің пленумындағы сөзінен бір үзінді:
«...Взять, например, товарищей Мирзояна и Войнова. Первый из них является секретарем краевой партийной организации Казахстана... перетащил с собой в Казахстан из Азербайджана и Урала, где он раньше работал, 30-40 человек «своих» людей и расставил их на ответственные посты в Казахстане».
Мирзоянның «құйрығы» 30-40-тан көп болған. Облыстардағы партия, совет атқару комитеттерінің, прокуратура мен сот, милиция, қауіпсіздік органдарының бірінші не екінші басшысы, бөлім бастықтары, т.б. орындарға оның ертіп келген сыбайластары отырғызылыпты. «Халық жауларын» жергілікті жандайшап түйсіксіздердің көмегімен тізімдеген – солар!
Қазаққа жайлы болған «Мырза-жан» И.Сталиннің сынын елемей, жергілікті кадрларға сұқтануға кіріскен.
Алматыдағы Мирзоян: «с оружием в руках; контрреволюционная организация; национал-фашистская организация» деп ышқынып жатса, оған Саяси бюро, Сталин неге сенбесін?!
Г.Маленковтың ұлы А. Маленков «О моем отце Георгие Маленкове» деген естелігінде былай депті: «...Г.Маленков 1937 жылы тамыз айында Сталинге «Бұрмалаушылықтар туралы» тағы да хат жолдады. Бұл жайтты әкемнің айтқаны бойынша жаздым, ол жазғанымды пысықтап отырды: «Мен хатымды Сталинге хатшысы Поскребышев арқылы тіркетіп жеткіздім. Ішкі істер халық комиссариатында (НКВД) бұрмалаушылық бар, партияға берілген мыңдаған коммунистің қазасына Ежов пен оның ұжымы кінәлі дедім. 40 минуттан кейін Сталин шақыртты. Бардым. Сталин кабинетінде әрі-бері жүр екен, үндемейді. Бір кезде: «Өзіңіз жаздыңыз ба?» деді. «Иә, өзім жаздым». Біраздан соң: «Өзіңіздің тұжырымыңыз ба?» деді. «Иә, өзімнің тұжырымым» дедім. Сталин үстеліне барып, хатыма: «Саяси бюро мүшелеріне. Мен келістім», деп бұрыштама жазды.
Сөйтіп дейді А.Маленков, Сталин Ежовқа енді сенбеуді ұйғарған. Г.Маленковтың көмекшісі Сухановтың айтуынша, Сталин комиссардың 1-орынбасары болуға кандидат іріктеуді тапсырып, ол үш шартқа: органда істеген тәжірибелі, партиялық жұмыста ысылған және өзі – Сталин сене алатын әділ кадр болу талабына сай таңдалсын деген. Маленков көмекшісі Донскойға тапсырма беріп, жиыны жеті кандидат іріктелген. Сталин Берияны таңдапты. Берия Мәскеуге 1938 жылы қыркүйек айында Ежовтың 1-орынбасары болып келді. Ежов оны маңына жолатпау үшін өліп-тіріліп қарсылық жасапты.
А.Маленковты тағы да тыңдалық: «Ежов 1939 жылы қаңтар айының соңында Поскребышев арқылы Сталиннің қабылдауына сұранған. Сталин оны қабылдаған. Жалғыз емес, жанында Маленков отырған. Ежов Маленковқа шүйіліп: – Халық жауларын жақтайды, ақгвардияшылдығы ұстап жүр! – дейді, Маленковтың ақсүйектер әулетінен екенін меңзеп. Өзіне білдірмей жер-жерден мәлімет алдырғанына ашуы және бар. Ал Маленков қарсы тұрып, Ежовтың өзі де, ұжымы да партияға адал коммунистерді қуғындатқанын, соттатқанын, аттырғанын айтады. Ежов Саяси бюро мәжілісін өткізуді талап етеді. Сталин: «Екеуің Маленковтың кабинетіне барып сөйлесіп, түсінісіп, жөнге келіңдер, мен шешімімді содан соң айтамын», дейді. Екеуі Маленковтың кабинетіне кетеді. Біраздан соң оларға Берия барып қосылады. Үшеуі кабинеттен шыға бергенде Ежов тұтқындалады. Ежов Маленковтың сейфін ашуды талап еткен. Одан партия Орталық комитетінің көптеген мүшенің, Маленков пен Сталиннің де «Жеке іс» папкалары табылған.
Ю.Жуковтың кітабынан және бір үзінді: «...ежовшылдардың күні батты.
Саяси бюро жер-жерге жеделхат жолдап, репрессияны тоқтатуды, «Үштік сотты» таратуды талап етті. Жеңген Сталин тобы Ішкі істер халық комиссариатын нысанаға алып, қатаң тергеу жүргізіп, қырғын жасауға қатысы болған қызметкерлерін жауапқа тартты. Сөйтіп «Үлкен қырғын» тоқтатылды».
...Өлі Сталинмен «шайқасқа шығар» алдында Хрущев КСРО Бас прокуроры Р.Руденкоға, Ішкі істер министрі С.Кругловқа, Әділет министрі К.Горшенинге «қызыл қырғынды ұйымдастырған Сталиннің қылмысын» тексеруді тапсырған (08.12.1953 ж.). Құрылған комиссия тексеруді Ленин мен Троцкий тұсынан бастаған. Мұрағаттық құжаттар негізінде жасалған қорытынды: «1921-1953 жылдар аралығында: саяси қылмыстық жазаға тартылғандар – 3 777 380 адам, оның ішінде халық жауы – 1 344923. Атылғандар – 642 980, қалғандары – 10-25 жылға лагерь мен түрмеге кесілген. Жазаланғандардың арасында: түрлі себеппен кісі өлтіргендер, қаскүнемдік, ұрлық-зорлық, алаяқтық жасағандар болған. Ол жылдары жеке Ішкі істер министрлігі (милиция) болмағандықтан қылмыстылар топқа жіктелмеген. 2,9 млн адамды ОГПУ (Оперативная группа политуправления), «Үштік соты» және Төтенше кеңес, ал 900-ге жуығын Әскери трибунал соттаған».
Бұл мағлұмат алдына барғанда Хрущев: «Мұның ешкімге керегі жоқ!» деп долданып, үстелінің суырмасына тастай салыпты да, партияның ХХ съезіндегі «құпия» делінген баяндамасында: «Сталиндік қуғын-сүргін жылдары 10 млн адам құрбан болды!» деп тепсінді. Сол-ақ екен, бастапқы ресми цифрды (3,7 млн) түзетушілер көбейді. Мысалы:
Д.Волкогонов – 5 млн;
А.Антонов-Овсеенко – 16 млн;
Ю.Феофанов – 20 млн;
Р.Медведев – 40 млн, десе, бетпақ А.Солженицын (Солженицкер) франкизмді қолдау үшін 1976 жылы Испанияға «тарихи» сапар шеккенінде: «сталиндік социализм 110 млн адамды құртты» деп, 1938 жылы халқы 168 млн КСРО-ны жағрапиялық картадан өшіріп тастай жаздады.
«Ерікті ауызға бөрікті бас» қана емес, бөшкелі арба сиып кетіп жатқан заман!..
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіміздің бір доцент «ғалымының» (аты-жөні есімде қалмапты) мақаласының тақырыбын: «Гитлер соғыс ашпаса, Сталин қазақты қырып бітірер еді», деп қойғаны бар. Ғалымсымақтардың тобындағы ең түйсіксізі сол шығар!
«Қызыл қырғынның» Қазақстанда қалай жүргізілгені, қанша адамның құрбан болғаны жөнінде тиянақты ресми тұжырым жоқ. Ал Хрущевтың зәлімдігін білгісі, тарихи шындыққа жүгінгісі келгендер, мәселен, халықаралық деңгейде танымал тарихшы ғалым Гровер Феррдің «Антисталинская подлость» атты нақты деректі кітабын оқыса, өкінбес еді.
4.«Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақтар өз еркімен қатысқан жоқ»; «9 мамыр – қазақ үшін қаралы күн» туралы былтыр 9-шы мамырда Өскеменде болғанымда жасы тоқсанды артқа тастаған майдангер ақсақал Уәжіп Жексенұлы: – Қарағым, Жеңіс күнін «қазақ үшін қаралы күн» деп айтып, жазып жүрген анау үлкен-кіші «шіркіндерге» айта баршы, әке-шешелерін, иә, өздерін де гитлершіл жауыздардан қорғап қалған біздің там-тұм жүйкемізді жұлмаламасын, 5-6 жыл шыдай тұрсын, біз өліп таусыламыз, содан кейін сүйегімізді көрден алып, итіне тастаса да еріктері! – деп налығанда бетіммен жер басқандай хал кештім.
Иә, біздің «зерттегіш-жазғыштардың» арасында: «Соғысты Гитлер бастаған жоқ, Сталин бастады...», «Гитлер мен Сталин ымыраласып, жер жүзін бөліп алуға келісті...» дегендер болды.
Екінші дүниежүзілік соғысын, ондағы жеңісті мансұқтап, гитлершілдерді жоқтап, лаң салушылар біраз елде әлі де бар. Ресейдегі «тақырбастар» ма, Балтық жақтағы «өжеттер» ме, әрқилы аталатын жастар топтары тіпті жеңдеріне, туларына фашизмнің «бүйісін» (свастикасын) жапсырып алып, Гитлердің туған күнін атап өтіп, нәсілшілдік құртын қоздырып, басқа ұлттарды кемсітіп, кісі өлтіріп те жүр. Санкт-Петербургтегі ол сұмырайлардың көшеде келе жатқан бейтаныс, жазықсыз қазақ қызын қазаға ұшыратқандары кеше ғана емес пе?!
Елін, жерін фашизмнен азат еткен совет жауынгерлеріне орнатылған ескерткіштерді ластау, қирату сияқты өрескелдік те кездесіп жатыр. Гитлершілдердің қаскөйлігін көрген, түсінген неміс халқы өздерін де, жер жүзін де фашизмнің обасынан арашалап қалған совет солдатына Берлинде орнатылған ескерткішке тиіспеді, ал Ресейде, Балтық елдерінде, Украинада, басқа да жерлерде қиратылуда. Сонда олар, егер фашизм жеңген күнде, өздерінің ұшпаққа шығатынына көздері жеткендер ме?!.
Екінші дүниежүзілік соғысында КСРО жеңілсе, ол оның құрамындағы барлық республиканың, барлық ұлт пен ұлыстың жеңілісі болмас па еді? Фашистер славяндарды ғана қырып, өзгелерге, мысалы, қазаққа тиіспеуге, достасып, құда болып, құйрық-бауыр жесіп жүруге уәде беріп пе еді? Сөйткен күннің өзінде қазақ басқыншыларға қарсы ұмтылған әрі тағдырластары, әрі көршілері – орыс, қырғыз, өзбек, т.б. халықтардан жырылып қалар ма еді? Жоқ, қалмас еді! КСРО жеңілсе, Қазақстан да құрдымға кетер еді.
Ендеше кейбір «сәуегөйлер» айтып жүргендей, 1945-жылғы мамырдың 9-шы күні қазақ үшін қаралы күн емес! Ол – Жеңіс мерекесі күні! Қазақтың қамын жегенситін сыңарезулердің қазаққа бұл күнді ұмыттырғылары келіп жүргендері – елін, жерін, кейінгі ұрпағын қорғап құрбан болған: Төлеген Тоқтаров, Сұлтан Баймағамбетов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Ізғұтты Айтықов, Нұркен Әбдіров, Баубек Бұлқышев және басқа мыңдаған боздағымыздың, қанмайданнан жеңіспен оралып, күні кеше ортамызда жүрген: «Отан үшін отқа түс, – күймейсің!» деген Бауыржан Момышұлы, Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов, Қасым Қайсенов, Хиуаз Доспанова, Мәлік Ғабдуллин, басқа да жүздеген аға-апаларымыздың аруағынан аттап кету! Бүгінде алдымызда аман-есен жүрген жеңімпаз қарт майдангерлерімізге күл шашу!
«Өткенге оқ атпа, ол өзіңді табады» дейміз. Ал «атқыштар» қырда да, ойда да қоқиланып жүр. КСРО-ның, Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихтарын бұрмалатып, өңін айналдырып, өзінің сол кезеңдердегі сұрқия істерін бүркемелеуге жанталасқан алаяқ Н.Хрущевты жоқтап жүрген, іштерінде қайран қазекемдер де бар, саяси шаласауатты топтар өтіріктің көрігін күрпілдетуде. Ол көріктің көмірі – Хрущевтың СОКП ХХ съезінде жасаған «құпия» баяндамасы. Ол баяндаманы халықаралық деңгейде танымал тарихшы ғалым Г.Ферр: «Өсек-өтіріктің әлемдік үлгісі» деді.
Біздің кейбір «үлгілілер» Екінші дүниежүзілік соғысқа 2,5-3 млн қазақ еріксіз қатыстырылып, оның жартысы қырылғаны туралы шімірікпей жазды (әлі де жаза берер). Ал соңғы ресми деректер ол соғысқа Қазақстаннан 1.196.164 адам қатысқанын, үштен бірі (398.721 адам, оның ішінде 125.000 қазақ) қаза болғанын мәлім етті.
...Совет Одағының нығаюын тілемеген Ф.Рузвельт пе, ашық дұшпаны болған У.Черчилль ме... көпке мәшһүр басқа да ондаған тұлға дүние жүзін иемденуді көксеген Гитлерді жеңу – КСРО-ны, Ресейді, бүкіл әлемді фашизмнен аман сақтап қалу болды деген.
Жазушы, эмигрант И.А.Буниннің күнделігінен: «Орыстар Курскіні азат етіп, Белгородқа бет алды!!! Сталин бүгін Персияға бара жатыр деп естіген менде зәре жоқ: Құдай-ау, ол жол-жөнекей әлдебір қиыншылыққа ұшырап қалмаса екен!».
Большевиктерден жеңіліп, шет елге қашып кеткен А.Керенский: «Сталин күлге көмілген Ресейді тік тұрғызды. Ұлы держава етті. Гитлерді жойды. Ресейді, адамзатты аман алып қалды».
Белгілі қаламгер ғалым Р.Гароди (Франция): «Фашизм жеңсе, біз Освенцим дәуірінің жемтігі болып жүрер едік», депті. Әрине!..
...Өңезе өсекке үйір болғанша, осындай ақиқатқа жүгінсекші!
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ