• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 05 Маусым, 2020

Алматыда ҰБТ алты жоғары оқу орнында өткізіледі

209 рет
көрсетілді

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен оның орынбасары Ержан Бабақұмаров видео-конференциялық байланыс режімінде жоғары оқу орындарының ректорларымен алдағы Бірыңғай ұлттық тестілеуді өткізу мәселелері бойынша жиналыс өткізді.

Жиынға қалалық Білім басқармасының басшысы Л.Жылқыбаева, Алматының Бас мемлекеттік санитар дәрігері Ж.Бекшин, аудандық әкімдіктердің өкілдері, 12 ЖОО ректорлары мен проректорлары, сонымен бірге, ҰБТ өткізу кезінде қауіпсіздіктің сақталуына және сынақты өткізуге жауапты барлық салалық ведомстволар қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – ҰБТ мен оны өткізу пункттерінде барлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету дайындығын тексеру.

Алматыда 14 972 адам ҰБТ тапсырады деп жоспарлануда, соның ішінде, 9047 түлек ағымдағы оқу жылынан болса, 5 925-і өткен жылдардағы мектеп және колледж  түлектері. Тест бұрынғы қалыптасқан форматта өтеді.

Алматыда ҰБТ маусымның 20-сы мен шілденің 5-і аралығында алты ЖОО өтеді: Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Халықаралық бизнес университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, «Нархоз» университеті.

Жиналыс барысында коронавирус инфекциясын жұқтыруды болдырмау үшін күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау қажеттігіне назар аударылды. Жекелей алғанда, жедел респираторлы белгілері және басқа да инфекциялық ауру белгілері бар азаматтарды өткізбеу мақсатында ҰБТ қатысушылар мен оған тартырған қызметкерлер ағынын сүзгіден өткізу; әлеуметтік қашықтықты сақтау және адамдардың топтаспауы үшін аудиторияға кіру және шығу бағыттарын жасау; сонымен бірге, аудитория ішінде желдету жүйесінің болуымен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.  

Белгіленген алгоритмге сәйкес ҰБТ пункттерінде келесі шаралар сақталатын болады:

-аудиториялардағы тест тапсырушылар санын 2 есеге дейін қысқарту (50 пайызға дейін);

-тест тапсырушыларды кіргізер алдында, сонымен бірге, ҰБТ өткізу кезінде  олардың аралығы кемінде 1,5-2 метр болады, шектеу ленталары орнатылатын болады;

- ҰБТ өткізу пункттері тес тапсырушыларды, мемлекеттік комиссия мүшелері мен кезекшілерді тексеру үшін тепловизорлармен, дезинфекциялайтын тоннельдермен, санитайзерлермен, аяқ киімдерді дезинфекциялайтын кілемдермен, маскалармен және қолғаптармен қамтамасыз етіледі. Ауру белгілері анықталған жағдайда медици на қызметкерлерінің алып жүруімен азаматтар одан ары тексеру үшін медициналық мекемелерге жолданады. Ол үшін ЖОО периметрі бойынша жедел медициналық қызметтің кезекшілері жұмыс істейтін болады.

- ҰБТ қатысушылардың барлығы медициналық маскалармен, бөтелкедегі сулармен және бір реттік стакандармен қамтамасыз етіледі;

- аудиторияларда желдету жүйесі және ауаны баптау жүйесі бөлмені әрбір 1,5-2 сағат сайын желдету режимін сақтау арқылы  үздіксіз жұмыс істейді. Жылы маусымда аудиторияларда тестілеу кезінде фрамугалар мен терезелер ашылып тұрады.

- бөлмелерді, есік тұтқаларын, баспалдақтың ұстайтын жерлерін, терезелердің алдын, үстелдің үстіңгі қабатын, орындықтарды және басқа да заттарды күніне кемінде 2 реттен дезинфекциялап, жуушы және дезинфекциялық құралдармен бүкіл аудиторияға ылғалды тазалық жүргізуді қамтамасыз ету;

- қызметкерлер мен мектеп түлектерінің жеке гигиенаны сақтауы үшін тиісті жағдайды (санитарлық тораптардың жұмыс істеуі, қол жуғыштардың, сабынның, бір реттік сүлгілер мен санитайзерлердің  болуы, ) жасау;

Сонымен бірге, ҰБТ қатысушылармен бірге келген ата-аналары үшін арнайы күту орындары қарастырылмақ. Сонымен бірге, адамдардың көптеп жиналуын болдырмау үшін ата-аналарға балаларымен бірге ҰБТ-ге келмеу ұсынысы жасалды. Олар үшін онлайн режимде аудиториядан тікелей көрсетілім ұйымдастырылады.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров жоғарыда аталған талаптарды қамтамасыз ету үшін тиісті басқармалар мен ведомстволарға бірқатар нақты тапсырмалар берді. 

Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу ережесіне сәйкес, нәтижелердің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында ҰБТ өткізу пункттері ҰБТ барысын бақылауды және онлайн трансляцияны қамтамасыз ететін бейнекамералармен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте резервтік жабдықталған аудиториялар қарастырылатын болады.

Оқушылар мен ата-аналар ҰБТ-дағы келесідей ережелерге назар аудару қажет:

- тестілеуге жіберу барысында қатысушыдан тыйым салынған заттар табылған жағдайда, оқуға түсуші осы тестілеуге, сондай-ақ ағымдағы жылғы келесі ҰБТ-ға жіберілмейді.;

- ҰБТ кезінде қатысушыдан тыйым салынған заттар табылған жағдайда, тестілеу нәтижелері жойылады және оқуға түсуші ағымдағы жылы ҰБТ-ға жіберілмейді;

- ҰБТ-ға «жалған адамды» тартқан оқуға түсуші ағымдағы жылы тестілеуге жіберілмейді;

- ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 25 тамызына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Қатысушының тыйым салынған заттарды пайдалануы анықталған жағдайда, ҰБТ және конкурс нәтижелері жойылады.