Алматыдағы «Аяла» қоры Алматы облысы Қапшағай қаласында орналасқан «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалып жатқан Мақтаарал ауданының алты мектебінің 5-9 сынып оқушыларына киім-кешек жинақтамасы мен кеңсе тауарлары салынған 251 рюкзак табыстады.
Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданының 6 мектебінің балалары «Аяла» қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменованың жалпы 15 млн теңге сома қаражатына киім, аяқ киім және кеңсе тауарлары салынған рюкзактарды тарту ретінде алды.
«Біз Қапшағайға Мақтаарал ауданынан балалардың келгені және оларға киім керек екені туралы мәліметті Түркістан облысының әкімдігінен алдық. Бұдан кейін Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» РОСО басшылығына хабарласып, нақты не сатып алу керектігін білдік. Сөйтіп, әр баланың жасын, бойын және өлшемін ескере отырып, 251 жинақтама жасадық. Бұған қосымша мектепте оқуға қажетті заттың барлығы салынған жақсы рюкзактар сыйлауға шешім қабылдадық. Ал үйлеріне қайтар алдында балалардың көңілін көтеру үшін өздері жақсы білетін JOKEASSES командасының вайнерлерін кездесуге алып келдік. Демалыстың осылай аяқталуы оларға жақсы көңіл-күй сыйлап, бүкіл жазға қуат берді деп үміттенеміз», дейді «Аяла» қорының президенті Айдан Сүлейменова.
Мақтаарал ауданының оқушылары «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында екі апта болды. Олар жайлы жабдықталған бөлмелерде тұрды, 5 уақыт тамақпен қамтамасыз етілді, сауықтыру шараларын алды, ашық бассейнде шомылып, шығыршықты және өзі сырғанайтын құрылғылармен сырғанап сергіді. Спорт секцияларында теннис, садақпен ату, фитнеспен айналысты. Орталық қызметкерлері балалар үшін қызықты викториналар, эстафеталар ұйымдастырды. Ең бастысы, әрбір бала психологиялық тұрғыдан оңалды. Білім және ғылым министрлігі бекіткен арнайы жоспар бойынша білікті педагог-психологтар олармен жұмыс істеді. Сонымен қатар «Балдәурен» орталығында олар ТЖБ қашықтан тапсырып, оқу жылын сәтті аяқтады.
«2020 жылғы 18 мамырдан бері бізде Түркістан облысы Мақтаарал ауданының балалары демалды. Бұл шығармашылық бағыттағы ауысым, сондықтан балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға үлкен көңіл бөлінді, олар сахна өнерін үйренді, конкурстар мен флэшмобтар өткізеді. Қашан да әлемді жақсылық және ізгі істер билейді. Балаларды киіммен және мектепке керек-жарақтармен қамтамасыз ету үшін қаражат бөлген «Аяла» қайырымдылық қоры секілді қамқор адамдардың бар екені қуантады», дейді Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығының директоры Ренат Кұлмағамбетов.
АЛМАТЫ