• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 08 Маусым, 2020

Мәдениет мен спорт саласы жанданады

197 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық мемлекеттік органдар басшыларының халық алдында есеп беру кездесулерін өткізу» туралы Жарлығына сәйкес өткен жұмада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың халық алдындағы жыл сайынғы есеп беру кездесуі өтті.

Қалыптасқан жағдайға байланысты қашықтықтан өткен есептік кездесу барысында Ақтоты Рахметоллақызы мәдениет және спорт саласының өткен жылдағы негізгі қызметтерін қорытындылап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлар туралы баяндады және ел азаматтарынан келіп түскен сұрақтарға онлайн жауап берді.

Баяндамада бүгінгі күні министрлік тарапынан Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізгі» атты Жолдауын еліміздің мәдениет, туризм және тілдерді дамыту бағдарламаларында басшылыққа алынып отырғаны баса айтылды.

Сондай-ақ министр тарихи-мәдени мұраларды мемлекеттік деңгейде қорғау мен ұлттық жәдігерлердің жаһандық деңгейде насихатталуына және тарихи ескерткіштердің реставрациялық жұмыстарына да келер жылдан бастап баса назар аударылатындығына тоқталды.

Министр баяндамасынан сонымен қатар әдебиет, мәдениет пен өнерге қатысты мәселелер де тыс қалмады. Атап айтсақ, 2019 жылы Алаш арыстары – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойлары, қазақтың көрнекті қаламгерлері Әбдіжәмил Нұрпейісовтің – 95, Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойлары республика көлемінде, Қазақ КСР халық әртісі Әмина Өмірзақованың ғасыр тойы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өткеніне тоқталған Ақтоты Рахметоллақызы, биылғы жылдың да қазақ руханияты үшін аса жауапты һәм тарихи оқиғаларға толы екендігін тілге тиек етті.

– 2020 жыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық, Әбу Насыр әл-Фарабидің – 1150 және ұлық ұлыс Алтын Орданың 750 жылдығы сынды маңызды мерейтойлық іс-шараларға толы. Осы жылы қазақтың көрнекті ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың мерейтойын атап өтудеміз. Абай философиясы біздің мәдени және ұлттық бірегейлігіміздің ажырамас бөлігіне айналды. 21 қаңтарда «Астана Опера» театрында ұлы Абайдың мерейтойын тойлаудың ресми түрде ашылуы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да ұлы ақын мерейтойы турасында ең басты мақсат – той тойлау емес, ой толғау, ой өрісімізді кеңейту екендігіне зор мән беріп отырғанын білесіздер. Соған сай алдағы уақытта ауқымды жұмыстар атқарылуы күн тәртібінде тұр, – деген А.Райымқұлова өткен жылдың мәдени оқиғаларын да пысықтап өтті.

Министр баяндамасында кино мен театр саласының жаңалықтары мен мәселелері де кеңінен сөз болды. Соның бірі – елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының еңселі ғимаратқа көшетін тарихи сәті. Осыған орай А.Райымқұлова театр ұжымының биыл жаңа ғимаратқа қоныс аударатындығы жайлы жағымды жаңалықты мәлім етті. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Мәдениет туралы» заңына өзгерістер енетіндігін, оның ішінде, әсіресе эстрададағы фонограмманы қолдануға қатысты нақты талаптар мен ережелер бекітілетіндігі де сөз етілді. Отандық кинематография мен жалпы сценаристердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік деңгейде дубляж саласына қарқынды көңіл бөлу һәм заманауи ұлттық киномызды әлемге таныту, сол арқылы қазақ мәдениетін жаһандық аренаға шығару мәселесі де министр баян­дамасында жан-жақты сөз болып, нақты жұмыс жоспары жария етілді.

Бұдан бөлек, министр әлемде белең алған коронавирус пандемиясының спорт пен туризм саласына айтарлықтай залалын тигізгенін айта келіп, алдағы уақытта жүйелі жоспар құрылып, жұмыстар жаңа жолға қойылатынын атап өтті. Нақты тармақтар бойынша кешенді құрылып, жүйелі жасалған баяндама алдағы жылы мәдениет мен спорт саласы жұмыстарының жаңа бағытта жанданатындығынан хабар берді.