• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 08 Маусым, 2020

Ашық пікірталас алаңы БАҚ-тың дамуына ықпал етеді

922 рет
көрсетілді

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның қатысуымен отандық БАҚ саласын дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел жиыны өтті. Келелі басқосуға медиа саласының білікті мамандары, зиялы қауым өкілдері қатысып, саланы ілгерілетуге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

«Қазмедиа» орталығында өткен кеңеске онлайн байланыс арқылы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан алқалы топ қосылды. Отырыстың кіріспесі ретінде көпшіліктің назарына арнайы дайылдалған бейнемате­риал ұсынылды. Жиынды белгілі журналист, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп жүргізіп отырды.

Алдымен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева сөз алды:

– Осы күні қоғамды да, адамды да ақпарат құралдарынсыз елестету мүмкін емес. Ал енді БАҚ-тың мемлекеттік жүйедегі рөлі туралы айтып тауысу – бір іс-шараның шеңберіндегі шаруа емес. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Сондықтан да біздің бүгінгі дөңгелек үстеліміздің басты мақсаты – осы саладағы барлық мәселені талқыға салып, мүмкіндігінше ең өзекті сұрақтарға шешім табу. Сөз жоқ, министр ретінде мен үшін өздеріңіз сияқты ақпарат пен идеология саласының майталман мамандарының ой-пікірі өте маңызды, – деді министр.

А.Балаева Мемлекет басшы­сы­ның «Елдегі әлеуметтік-саяси өзге­­рістер жағ­дайында журналистік қауым­дас­тық­тың рөлі айтарлықтай артады, журна­лис­тердің жауапты азаматтық ұста­нымы, олар­дың кәсібилігі, шыншылдығы – табысты жұмыстың кепілі» деп бір жыл бұрын айтқан сөзін еске салып, бүгінде бұл сөз­дің салмағы одан сайын артқанын атап өтті.

– Бүкіл әлемді дүрліктірген корона­вирус індеті елімізге таралып, төтенше жағдай жарияланған кезде біздің журна­лис­теріміз де дәрігерлер, полицейлер және әскерилермен қатар өз азаматтық позицияларынан айнымай, қауіптің алғы ше­бінде жүрді, халықты шынайы ақпа­ратпен қамтамасыз етіп отырды. Жур­налистерге қосымша санитарлық қауіп­сіздік шаралары жасалмаса да, тілшілер қауымы мен қаншама техникалық қыз­меткер өз кәсібіне адал еңбек етті. Сол үшін де сіздерге, бүкіл ақпарат саласында қызмет ететін қауымға шынайы алғысымды білдіремін. Министрлік өз тарапынан елміздің бұқаралық ақпарат құралдарының пандемия кезіндегі экономикалық қиындықтарын еңсеруге қолдау көрсету бағытындағы бірқатар шараларды әзірледі. Үкімет тарапынан жасалатын бұл қолдау аясында, салық және міндетті аударымдарға байланыс­ты  уақытша жеңілдіктер қарастырылып отыр, – деді ол.

Сондай-ақ коммерциялық теле-радио­арналардың аналогтық және эфирлік хабар тарату қызметтері үшін ақы төлеуі бойынша қолдау ұсынылмақ. Бұл шара телерадио компаниялардың қарыздарын жауып, коммерциялық телеарналардың хабар таратуын сақтауға және елдің, әсіресе шекара маңындағы өңірлерде ақ­параттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұдан кейін ведомство басшысы министрліктің таяу болашақтағы жоспарларымен таныстырды. Оның айтуынша, саладағы барлық бастама 2020-2022 жылдарға арналған «Ақпарат саласын дамытудың ұлттық жоспары» деп аталатын үлкен бір құжатқа біріктірілген және Үкімет бекіткен. Соған сәйкес отандық ақпарат кеңістігін дамытудың үш негізгі бағыты анықталған.

Біріншісі – бұл бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Ол үшін мемлекеттік қолдау­дың бірқатар тәсілдері қайта қаралады. Бұл, ең алдымен өңірлердегі мемлекеттік ақпараттық тапсырысты жетілдіруге қа­тысты болып отыр. Бұған қоса тал­да­малық және мультимедиялық контенттің үлесін арттыру арқылы мемлекеттік тап­сы­рыстың тиімділігін жетілдіруді қолға алынбақ. Өз кезегінде бұл қадам отандық БАҚ сапасын арттыру бойынша тағы да бірқатар шараларға түрткі болғалы тұр.

Екіншісі – адами капиталды дамыту. Бұл – кадрларды даярлау жүйесіне қа­тысты мәселе. Министр мұның мақсатын кадр сапасына баға беру емес, жаңа да жасампаз жол іздеп, деңгейін көтеру екенін атап өтті.

– Дәл қазіргі кезде бізде экономика, медицина, қаржы жүйесі және тағы да басқа күрделі тақырыптарды алып жүретін білікті журналистер жоқ. Редак­циялар мұндай міндетті жалпы тәжіри­бесі бар мамандарға жүктеуге мәжбүр. Нәтижесінде, сапасыз контент, қате ақпарат тарап жатады. Сондықтан да бұл мәселелерді шешуде Ұлттық жоспар аясында құрылатын мультимедиялық білім беру тұғырнамасы үлкен рөл атқарады. Оның ішінде жас мамандарға арналған гранттық бағдарламаларды ерекше айтқым келеді. Оны әзірлеуге және іске асыруға журналистика және білім беру саласындағы жетекші сарапшылар тартылады, – деді Аида Балаева.

Үшіншісі – ақпарат саласындағы заңна­ма мен құқықтық мәселелер. Осы ба­ғытта шетелдік телеарналар провай­дер­лері мен продакшн-компаниялардың қызметін жүзеге асырудың құқықтық мәртебесі мен тәртібін айқындау; отандық БАҚ-та жарнама үшін тауарлар мен қызметтердің тізбесін кеңейту жөніндегі заңнамалық шаралар; телерадио хабарларын тарату саласында конкурстар өткізу рәсімдерін жетілдіру; журналистерді аккредитациялау рәсімін қайта қарау жөніндегі шаралар іске асырылады. Сондай-ақ бірқатар ескірген заңнамалық актілер мен ережелерді қайта қарап, өзгерістер енгізуге болады.

Бұдан кейін келелі жиынға қатысып отырған қауымға сөз беріліп, пікірлері тың­далды. Бұл қатарда Парламент Мәжі­лісі­нің депутаты Дархан Мыңбай, белгілі жазушылар Дулат Исабеков пен Төлен Әбдік өз ойларын ортаға салды. Дулат Исабеков әр салаға жеке маманданған журналистер қажет екенін айтты.

– Бізде журналист көп, бірақ әр салаға байланысты журналистерді даяр­лай алмай келе жатырмыз. Бізде бір журналист шаруа қожалығы туралы бір хабар берсе, ертесіне сол журналист театрдан жаңалық айтып тұрады. Мы­салы, Ресей телеарналарында спорттың әр түріне маманданған журналистері бар. Баскетболдан репортаж жасаған журналист ертесіне теннисті жүргізбейді. Ал біздің журналистер – әмбебап. Осының жігін ажырату керек, – деді ол.

Ал Төлен Әбдік журналистикаға еркін­дік қажет екенін айтса, Парла­мент Сенатының депутаты Дана Нұржі­гіт ағартушылық бағыттағы телебағ­дар­ла­маларды білім беру жүйесіне енгізу керек деген ой білдірді. Бұдан басқа да бірқатар тұшымды пікірлер ортаға салынды.

Отырысты қорытындылған А.Балаева айтылған ақыл-кеңестер, парасатты пікір­лер мен тәжірибелік мазмұны зор ұсы­ныс­тар ортақ мақсат үшін аса ма­ңызды еке­нін айтып, осындай форматтағы кез­десуді тұрақты өткізіп отыруды ұсынды.