Кентау қаласы Қотыр бұлақ елді мекенінде салынып жатқан күн сәулесінен қуат алатын электростанция құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. "Hevel Kazahstan" ЖСШ жүзеге асырып жатқан жобаның құны –15,9 млрд теңге. Сондай-ақ, Кентауда полиэтиленді құбыр, радиатор шығару цехтары және "Темір-бетон бұйымдарын өндіру зауыты" биыл іске қосылады, - деп хабарлады Egemen.kz.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте атқарылған жұмыстар жайлы баяндаған Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов осындай деректерді келтірді. "Биыл "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында Шаға және Ораңғай ауылдарында бір мектеп күрделі жөндеуден өтті. 36 жол жөнделіп, жаяу жүргінші жолдары салынды, көшелер жарықтандырылуда. "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасымен 1 мектеп күрделі, 35 мектеп ағымдағы жөндеуден өтті. Көшелер жөнделіп, саябақтар абаттандырылды. Көпір және жаяу жүргінші жолдар жөнделуде. Аталған бағдарлама аясында 300-ден астам жұмыс орнын ашу жоспарланған", – деді Кентау қаласының әкімі.
Облыс әкімі кезінде өндірісі өркендеген өңір болған 65 жылдық тарихы бар Кентау қаласын Түркістанмен қатар дамытуды мықтап қолға алуды тапсырды. Қалаға қарасты ауылдық округ халқының әлеуметтік, құрылыс, инфрақұрылымдық мұң-мұқтаждары мен өзекті мәселелерін дер кезінде шешуді қала әкіміне жүктеді. Сондай-ақ ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік және өндірісті дамытып, инновациялық жобаларға басымдық беруді міндеттеді.
Түркістан облысы