• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Руханият 09 Маусым, 2020

Пышан Жәлмендеұлының тасбиығы табылды

1108 рет
көрсетілді

Зобалаң жылдарында жазықсыз атылып кеткен қазақ зиялысының бірі Жетісуда өмір сүрген Пышан Жәлмендеұлы. Заманында ақындық өнері мен азаматтық ұстанымы Алатаудың қос қапталына әйгілі болған Пышан серіні Совет үкіметі 1921 жылы оққа байлаған, - деп хабарлады Egemen.kz.

– Пышан Жәлмендеұлының есімі қазақтың Ақан сері, Естай, Үкілі Ыбырай, Біржан сал сияқты еркін ойлы өнер дүлділдерінің қатарында аталады. Өзі орысша білім алған сауатты, жүйрік ұстап, құс салған саятшы, ділмар шешен әрі қара қылды қақа жарған әділ болған адам. Әкесі Жәлменде болыстың  жолымен ел басқарып, ауыл арасындағы тектекті тиып, тектіні қолдап отырған екен. Пышан сияқты парасатты қазақтар қызыл коммунистердің құрығына бірден ілінген ғой. 1921 жылы серіні дұшпандарының сырттай көрсетуімен қамауға алады да, соттың ақтау үкімі шыққанына қарамастан атып тастаған. Марқұмның сүйегі Талдықорғанның іргесіндегі "Шайқорған" бейітінде жатыр, - дейді Пышан Жәлмендеұлының тікелей ұрпағы, ақын, облыстық "Жетісу" газетінің бас редакторы Әміре Әрін.

Пышан серінің соңында сара сөз, әуенді ән қалды. Ақынның атақты "Жәлмендені баласы Пышан едім..." атты әні де қазір халық музыкасына қосылған сүбелі үлес қатарында ұрпақ құлағында жаңғырып келеді. Сүйінерлігі, Пышанның заман кейпін суреттеген 24 шумақ өлеңі Жетісу өлкесінен жарық көрген "Кедей еркі" газетіне басылған екен. Бұл 1922 жылы болған, сері атылып кеткеннен кейінгі жағдай. Пышан мұрасын алғашқы болып жинақтап, өлеңдерін баспаға ұсынған оның замандасы, өзі де болыс болған Кенжебай Сағынайұлы екен.

Айтпақшы, Пышан Жәлмендеұлының алақан табы тиген тасбих табылды. Тасбихты Пышанның замандасы, ақын атылғаннан кейін оның жоқтаушысына айналған Кенжебай болыстың бәйбішесі сақтап келіпті. Күләнда әжей серіден қалған жәдігерді ұзақ жыл жұрт көзіне түсірмей сақтап, дүниеден өтер шағында өз ұрпағы Сағымбай Ысқақұлы ақсақалға табыстапты. Қазір Пышан серінің тасбиығы Талдықорғанда тұратын осы кісінің әулетінде құнды мұра қатарында тұр.