Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова елордада карантинді күшейтуге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Egemen.kz
"Бүгінде карантинді күшейту шаралары негізінен әр өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Шынымен де, Нұр-Сұлтан қаласында зертханалық түрде коронавирус расталған адамдар саны өсті. Мұны елордада коронавирус инфекциясының ПТР диагностикасына зерттеу жүргізетін 7 зертхана қызмет етіп жатқанымен түсіндіруге болады", - деді С. Қисықова.
Басқарма басшысының айтуынша, карантин шараларын күшейту туралы шешімді Бас мемлекеттік санитар дәрігері қабылдайды.
"Күн сайын 4-тен 5 мыңға дейін тестілеу жүргізіледі. Сәйкесінше, тест жүргізу артса, онда індет жұқтырғандарды анықтау да көбейетіні түсінікті. Атап өтсек, осы инфекция табылған адамдардың ішінде 60-70 пайызында симптомсыз дәрежеде болады. Сондықтан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантин шараларын күшейту туралы шешімді Бас мемлекеттік санитар дәрігері қабылдайды", - деді басқарма басшысы.