Тіршілік ырғағын теңселтіп жіберген төтенше жағдай, карантин шаралары ешкімге оңай тиген жоқ. Ал күнделікті кірісі мен шығысын қалт жібермей қадағалап, нәсібінің ағынын реттеп отырған кәсіпкерлердің де қапелімде абдырап қалғаны жасырын емес. Алайда оқыстан кездесетін қиын жағдайларға тез әрі тиімді бейімделіп, тығырықтан шығар ұтымды жолды таба білген кәсіпкерлер етек-жеңін жинап алды. Дегенмен, олар қаржылық қиындықтар әлі де өз шешімін табатын күнді күтуде.
Маңғыстаулық кәсіпкерлер елде төтенше жағдай жарияланған тұста біраз кедергілермен бетпе-бет келді. Ақтаудағы 20 жылдан астам уақыт жиһаз нарығында жұмыс істейтін кәсіпорынды Ирина Беляева басқарады. 1997 жылы іргесі қаланған мекеме 7 адаммен жұмысын бастап, бүгінде 250 адамды еңбекпен қамтып отырған іргелі ұжымға айналды.
Карантин кезінде компания біраз қиындыққа ұшырады. Дүкендері жабылып, қызметкерлер тұтастай ақысыз еңбек демалысына кетті. Осы аралықта мемлекеттен бөлінген 42 500 теңге кәсіпорын жұмысшыларына төленіп, көп септігін тигізді. Төтенше жағдай жарияланған айда кіріс 100% тоқтап қалды. Кәсіпорын басшылары ойлана келе, бизнестің онлайн сатылым түріне көшуді жөн деп шешті. Соған қарамастан, сәуір айында жоспардың 25%-ы ғана орындалды.
– Халыққа жылдам қызмет көрсету үшін бейнеқоңыраумен жұмыс істедік. Бірақ жиһаз өнеркәсібінде өнімді көзбен көрмей алу мүмкін емес. Әлгі байланыс түрімен таңдалған тауарды тұтынушыларға жан-жағынан түсіріп көрсетіп, таңдау жасауына барынша жағдай жасадық. Жиһазды үйіне дейін жеткізіп бердік. Жиһаз жасауға қажетті материалдар құны да 10-20%-ға өсті. Доллардың қымбаттауы бізге екінші соққы болды. Өйткені барлық материалдар, фурнитуралар шетелден тасымалданады. Тауарлар сатылымы түсіп кетті. Дүкенімізді ашуға жақында ғана рұқсат алдық. Онлайн сату әлі де жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік желілерде де жұмысымызды күшейттік. Өйткені халықтың санасында әлі де қорқыныш бар. Қашықтан сауда жасауды қолай көреді, – дейді Ирина Беляева.
Кәсіпкердің айтуынша, сауданың бұрынғы қалыпқа келуіне әлі біраз уақыт қажет. Мамыр айында жұмыс қарқынына 50% қосылды, маусымда 60%-ға жеткізсе, шілдеде 80%, ал қыркүйекте толықтай былтырғы көрсеткішке көтерілу жоспарланып отыр.
Кәсіпорынның екінші деңгейлі банктерде де біраз несиесі бар. Мемлекеттің қолдауымен несие үш айға шегерілген. Ешқандай өсімпұл сұрамаған банк карантиннен кейінгі қиындық салдарын саралап, жеңілдік жасады.
Маңғыстауда Зивира Хасанова 20 жыл бойы жетекшілік ететін, жұмысшы киімін, күнделікті киім мен аяқкиім тігетін «Жамал-ай» кәсіпорнына да карантиннің тигізген кедергілері көп. Жолда қозғалыстың тоқтап қалуы қалалармен, елдермен байланыс орнатуға мүмкіндік бермеді. Тәртіп күшейтілген кезде кәсіпорындағы 160-тан астам адам еңбек демалысына жіберілді. Басқарушы құрам ғана онлайн жұмыс істеді. Бетперде тігумен шұғылданған мамандар қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, арнайы көлікпен тасымалданды. Негізгі жұмыс жоспарының үштен бірі тоқтады. Доллар мен еуро құнының шарықтауы шикізат бағасын да өсіріп жіберді. Бірақ қандай қиын жағдай болса да жұмысшылар қысқартылмаған. Компания «Самұрық-Қазына» жариялаған сатып алуларға қатысып, жұмысшылардың жалақыларын төлеп отыр.
Аяқкиім өндірісі толық тоқтап қалды. Дүкендер мен сауда орындарының жабылуы онлайн саудаға көшуге негіз болды. Бірақ оның өзі тек Ақтау қаласының нарығын ғана қамтиды.
– Біздегі ең күрделі мәселе – салық төлемі болып отыр. Үкімет тарапынан берілген жеңілдіктерге жеңіл өнеркәсіп ретінде қол жеткізе алмаймыз. Қазір салық көлемі өсіп, оны төлеу міндеті тұр. Кешіккен күндерге өсімпұл жүреді, – деп қынжылады кәсіпкер Зивира.
«Жамал-ай» кәсіпорнының салық мәселесіндегі қиындығы жеңіл емес. Ұзақ жылдардан бері халық игілігіне қызмет етіп, сапалы аяқкиім өндірумен танымал болған отандық кәсіпорынның мәселесі құзырлы орындар тарапынан қолдауға ие болып, оң шешілсе дейміз. Карантиннің кедергісін еңсеруге көрсетілген көмек күш берсе құба-құп болар еді. Әйтпесе салықтың өсімпұлы жұмысқа да, жүйкеге де салмақ болары анық.
Маңғыстау облысы