Кеншілер астанасындағы балалар ауруханасында реаниматологиялық бөлімнің меңгерушісі болып қызмет ететін Елизавета Кальмбах "жаман тұмау" жұқтырып, стационарлық ауруханаға жатқызылған болатын.
Таяуда, медицина маманы өзінің басынан өткен қиын кезеңді, індетпен қалай күрескенін және оны қалай жеңіп шыққанын журналистер қауымына онлайн-режімінде айтып берді.
Шынын айтқанда, дәрігер коронавирус инфекциясын қай жерден жұқтырғанын өзі де білмеген екен.
"Жұмыста біз сақтық шараларының барлық талаптарын қатаң орындадық. Менің бірнеше әріптесім және мен COVID-19 жұқтырғанымызға қарамастан, біздің пациенттеріміздің ешқайсысы ауырған жоқ. Бірақ, біз – дәрігерлер қоғамнан оқшауланбағанбыз. Мен кез келген қарапайым адам сияқты автобуспен жүремін, дүкенге барамын. Әрине, жұмысымыз осындай болғандықтан, біз үнемі қауіп-қатер аймағында жүреміз", – деді ол.
Елизавета Кальмбахтың айтып отырғаны рас. Тап қазіргі уақытта медицина қызметкерлері мен тәртіп сақшылары коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүр. Бір сөзбен айтқанда, қауіп-қатер бұлардың басына күні-түні төніп тұрады.
Дәрігер індетті жұқтырғанын өзі анықтапты.
"Мен бірден коронавирус инфекциясын жұқтырдым деп күдіктендім. Өтйкені, менде осы дертке тән белгілер болды: бұлшық еттерім, кеудем ауыра бастады. Бұл белгілер менің ыстығым көтерілген соң бірнеше сағаттан кейін пайда болды", – деді Елизавета Кальмбах.
Ауырғанын осылайша сезген дәрігер-реаниматолог саналы азамат ретінде қоғамнан өз еркімен оқшауланып, бірден әріптестерінің көмегіне жүгінген. Өкінішке қарай, зерттеу нәтижелері Елизавета Кальмбахтың COVID-19 індетін жұқтырғанын растапты. Ол ол ма, арада бірнеше күн өткенде пациенттің жағдайы күрт нашарлап, оны жан сақтау бөліміне ауыстыруға мәжбүр болған.
Міне, осындай сын сағатта дәрігер өзінің әріптестерінің қолдан келген көмектің бәрін жасағандарына дән ризашылық білдіреді. Инфекциялық госпитальда болған кезде ол телефон арқылы туыстарымен және жақындарымен кез келген уақытта сөйлесіп тұрған екен.
"Әріптестерім мені барынша қолдады. Олар үйлесімді және тиімді жұмыс істеді. Маған мүмкін болған көмектің бәрін жасады", – дейді індеттің бар ауыртпашылығын бастан кешкен реаниматолог дәрігер.
Қазіргі таңда Қарағандыдағы профессор Хафиз Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың 100 орынға есептелген жұқпалы аурулар госпиталі пациенттерге лық толған. Оның ішінде тоғыз науқас жан сақтау бөлімінде жатыр екен. Ал бір пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Аталған аурухананың жан сақтау және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Сергей Ким өкпені жасанды желдетуге қосу амалының ең соңғы төтенше шара екендігін айтады. Түрлі елдердің дәрігерлік тәжірибесіне сүйенген соңғы мәліметтер осылай деуге негіз береді екен.
"Аппаратқа қосу үшін адамның тыныс алуын толық тоқтату керек. Егер мүмкіндік болса, инвазивті емес әдістерге жүгінген жөн. Бұл ретте адам өзі дем алады, ал аппарат оған көмектеседі. Жан сақтау бөлімінде қазір сегіз науқас дәл осылай тыныс алуда. Бәрі де естерін біліп жатыр. Кейде оларды тамақтандыру үшін аппараттарын сөндіре тұрамыз. Кейбір паценттеріміз, тіпті, дәретханаға өз күштерімен бара алады", – дейді бөлім меңгерушісі Сергей Ким.
Соңғы келіп түскен мәліметтерге сүйенсек, Қарағанды облысында 1188 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны ресми түрде анықталған. Өкінішке қарай, алты науқас ауруды көтере алмай, көз жұмды. Ал 477 пациент пандемия құрсауын бұзып шығып, қатарға оралды.
Қарағанды облысы