• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 11 Маусым, 2020

Сыбызғы (үштаған)

907 рет
көрсетілді

Чехов

Анау жерде біздің үй болатын. Кешіріңіз, бәлкім, мына жерде. Білмеймін, осы маңда біздің үй болатын. Кеңестің үйі. Қамыстан салынған, студенттер салған. Неге екені белгісіз, үйдің аты – Көшкен үй еді. Үйдің де есімі болады. Мен Көшкен үйде өстім. Кейін, ел көшкенде біз де көштік.Қайбір жылы ауылға бардым. Үйдің орнын да тауып алдым. «Бұл жерде бұрын үй болған» деген белгі жоқ, әрине. Үйдің орнынан сынған кілт таптым. Жүрегім зырқ ете қалды. Және сол кілттің енді ол үйдің есігін, жоқ үйдің жоқ есігін ашпайтыны – ауыр. Сынған кілт енді ешқандай есікті ашпайды. Әсіресе менің балалы­ғымның, бала күнімдегі үйдегі естеліктерімнің есігін.

Чеховтың «Сыбызғысында» бір кейіпкер бар ғой. Бақташы, сол бақташы кешетін күй бар еді – құлазу күйі. Ол маңайындағының бәрін, аспан мен жерді, көл мен шөлді, тас пен гүлді, құс пен құмырс­қаны – бәрін-бәрін аяушы еді. Бұрынғы – жастық шағындағы сәтін, бейнесін, көрінісін, идеясын таба алмай аласұрушы еді. Ауылға барғанда, сол сезімді кештім.

Қалаға оралғанда, осы жайлы дос-жаранға айттым. Қасірет, деді бірі. Өмір ғой, деді енді бірі. Ал бірі үнсіз қалды. Көрші отырған бір ағамыз сөзге араласа кетті. Бәрі бітті, деді. Бұрын өмір қандай еді, шіркін! Аспан көкпеңбек еді, дала жап-жасыл еді, судың дәмін айтшы, бал татитын. Қазір не, бәрінің қоспасы бар, бәрі азған, тозған. Ал бұрынғының адамдары қандай еді?! Олар да кетіп қалды. Қазір адамдар да өзгерген. Сатқындар! Зұлымдар! Өмір ғой,  дедік, біз – күрсінбеңіз, аға. Сол кісі де Чеховтың бақташысына ұқсап кетті.

Әр адам – өз заманымен. Өз естелігінде өмір сүреді. Менің құлазуым – балалық үйінің бұзы­лып кеткендігі жайлы. Мен өз өмірімнің жаңа үйін тұрғызып жатырмын. Балаларымның үйін. Ал көрші үстелдегі кісінің – өмір атты үйі бұзылып кеткен. Үйдің де есімі болады. Ол соның орнын сипап отыр.

Чеховтың сыбызғысы сыңсып естіледі, алыстан-алыстан.

 

Деледда

Жырақта тұрған жалғыз үй, жалғыз үйді жалдаған жабыққан, бақытсыз әйел, жасыл орманнан естілген сыбызғының сұлу әуезі, жол бойында тұрған жарлы – зағип, керең тіленші, атқа жеңіл алба-жұлба, жалаңаяқ бала және көп өткінші, жүргінші.

Бір қарағанда бір-бірімен еш­теңе байланыстырмас осы санаулы кейіпкерлерді сыбызғы байлап тұр­ғандай. Орманның түкпірінен бірде қыздың сың­суындай, бірде кекті жігіттің ызалы дауысындай, бейбақтың өксігіндей, ғашықтың сыбырындай болып, сан құбылып естілер сыбызғының сұлу әуезі, сиқырлы сазы бәрін елітіп, бәрін бау­райды. Әркім сыбызғыдан өзі­­нің жанының жабыққан күйін тың­дағандай болады, сыбызғы тек соның, жалғыз өзінің сырын айтып жатқандай, жалғыз соны ғана жұбатып тұрғандай еді. Жалғыз адамға арналған концерт секілді, беймәлім дирижер сол адамның өмір кітабын нота дәптері секілді ал­дына жайып, соның ырғағы, соның ретімен зарлап тұрғандай еді.

Көше бойлап келе жатқанда әр бұрыштан кездесер көп қайыр­шыға қайырыла бермес жұрт, сол сыбызғының сырын, соны тартып тұрған жанның кім екенін тіленші білердей, содан сұрайды. Алақанына ақша салады. Өзі за­ғип, өзі керең қайыршы не сы­быз­ғының сазын, не одан келіп ол жайлы сұрап жатқандардың жайын да естімейді, білмейді. Жалаңаяқ бала болса, жүгіріп келіп қайыршының қалтасынан дембіл-дембіл тиын алып кетеді.

Ал сыбызғы әуені әлсін-әлсін жетіп, еміс-еміс естіліп, кейде қай­­та күшейіп, әйтеуір үздіксіз ой­нап тұр. Оны орман ішінде сайтан ойнап отыр, жалаңаяқ бала­ның бауыры.

Грация Деледданың (Нобель сыйлығының лауреаты) «Сыбыз­ғысының» не айтқысы келетінін түсіну қиын. Сыбыз­ғыдан шыққан сиқырлы әуезді де түсіну мүмкін емес­тігі секілді. Оны тек тыңдау ке­­рек. Ал әңгімені тек сезіну керек.

Неге екенін, дүниедегінің бәрі­нің мәні мен сырын біліп алғымыз келеді ғой. Түсініксіз нәрсе – үрей­лі, қорқынышты. Біз білуіміз керек. Біз неге білмеуіміз керек?!. Бала күнімізден жұмбақты шеше ал­мағанды жек көретін бір ғадет бар. Қиналамыз. Бір адамдардың мінезін, ойын, әрекетін түсіне алмасақ та, ызаланамыз. Сол тү­сін­беуді жек көргендік сол адам­ды да жек көре бастауға алып келеді. Кейде... жай ғана сезіну керек шығар. Күннің сәулесін, судың сылдырын, адамдардың себепсіз әрекеттері болатынын. Кез келген сөз бен істің артында жымысқы, жасырын, зұлым, пайдакүнем, қиянатшыл ой тұра бермейтінін. Жай ғана сезіну – қандай ғажап сезім.

 

Әлімқұлов

Әлімқұловтың тілі қандай-ды, аязды күні арқаңнан шыққан тердей, дегдімейді. Жай сөйлемдері жау қолындағы семсердей, қалай сілтерін болжап болмайсың. То­сылтып, тоқыратып, енді бір­де тұра ұмтылады. Бұл тұста, сем­серді кісәпір ұстайды, менікі – сапы дер ме еді оның Мәлкесі?!.

«Түздіктердің ұтылып сөй­лейтін» әдетіне басып, әр қиырдан бір шалып, әр жортаққа бір салып, кәрі арқасы қозып, дұшпан бақ­қандай әлгі үш мейманның аңы­сын аңдып ұзақ жатар ма еді оның Мәлкесі?..

Жапан түздегі жалғыз үйдің түтіні де ұрланып шығады. Жа­панға кім қонар, жалғыздық кім кешер, оның сыры – қара күйе­леш қабырғада ілулі тұрған сапы мен сыбызғыда. Шерлі қа­мыс­тың тозындысын «ұзақ өмірден қалған бір белгі» дер ме еді, осы сыбызғыны кесіп алған көлдің табанына келіп, тағдыр кешіп жатқанына толқымаса, томсармас еді Тәкеннің Мәлкесі.

Біздің ауылдың кісілердің ауы­зында соғыстан оралған сол­даттың керзісін ұрлаған ағаш­аяқты жігіттің әні бар болатын:

«Етігіңді мен алдым, Қоржы­ныма әм салдым, Отанымды қор­ғаған, Солдатымнан айнал­дым»...

Сол секілді Мәлке де: «жан­ға кіріптарлығым жоқ, сада­ғаң кетейін Кеңестің заманы­на арқа сүйеп, өз қызығыммен өзім боп жүр­мін» дейді. Жортуылшы­лар­дың жөн сұрасқанымен, есім сұрас­пайтынына баққанда, бұл екеуі бірін-бірі қайдан білсін деп те ойларсыз...

Әлімқұловтың сыбызғысы – бақташының сыбызғысы емес, жалпы қой баққан қара қазақтың қурай құшақтағаны некен-саяқ. Бұл сыбызғы – сыбайластардың сыр тартысқан, белгі беріскен құралы болып тұр. Мәлке – көп баукеспенің бірі емес, со­ны өнер деңгейіне көтерген, «сахара – ұзын да, сыбызғы – қысқа» дегендей, салдығы – са­лақ­ұлаш, батырлығы – басына сор, қарақшылығынан қара түн тартынар, өнерпаздығы – өл­кенің шаттығы болған ерекше образ. Мұнша өнерді жиғанда неге иман жыя алмады екен деген де ой туады. «Жеті имансыз» атанғандардың жайын айтқанда барып, оның бұл мінезі – өзі арқа сүйейтін қоғамға деген ішкі қарсылықтан екенін аңғарасыз. Түздегі үнсіздер сыбызғы арқылы ұғысады екен. Олардың сыры сол сыбызғыға ғана мәлім. Оның тілін түсінер тағы да өздері.

 

P.S: Осы үш сыбызғыдан да Руми сыбызғысының зарлы үні естіледі...