• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 12 Маусым, 2020

«Шежірелі Маңғыстау» фотоэкспедициясы ұйымдастырылды

634 рет
көрсетілді

Қазақ даласының сұлу табиғаты көрсе көз тоймайтындай әсерлі. Оны заманауи үлгіде суретке түсіріп, кең ауқымда насихаттау – маңызды іс. Әсіресе турис­терді қызықтыра тарту үшін алдын ала суреттерді көз көретін жерге жүктеп оты­рудың орны ерекше.

Елімізге белгілі фотосуретші Асылхан Әбдірайымұлы бастаған «Фотоөнер» қо­ғамдық бірлестігі мүшелері Маңғыс­таудың керемет жерлерін аралап, фотоға түсірді.

7-10 маусым аралығында өткен фото-экспедицияның негізгі мақсаты – әр өл­кенің тылсым табиғатын, әдемі, көркем жерлерін, ұлттық өнерін, дәстүрі мен мәдениетін көрсетіп, шет мемлекетке таныту. «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі мүшелері төрт күн ішінде Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия ауданында болып, алғаш рет өңірдің киелі жерлеріне таңғы және түнгі әдіспен фототүсірілім жасады. Олар Бозжыра, Тобықты, Тамшылы, Жығылған, Саура, Шерқала, Айрақты секілді Маңғыстаудың сырлы жерлерін суретке түсірді.

– Маңғыстау табиғатының көркем­дігіне көз тоймайды. Салт-дәстүрді өте берік ұстанған жер. Түйе шаруашылығы дамыған. Шұбаттың отаны саналады. Осының бәрін болашақ ұрпаққа қал­дырғымыз келеді. Мың сөзді бір суретпен жеткізу бар мақсатымыз, – деді Түркістан облысының фотографы, «Фотоөнер» ҚБ мүшесі Мақсат Шағырбай.

Экспедиция мүшелері Маңғыстаудың кереметтерімен қоса сапардың соңғы күнін Ақтау іргесіндегі Каспий жағалауындағы көрініске арнады. Шаһар тұрғындарының теңіз жағасындағы серуенін, жастардың ән айтып, бөбектердің бақытты күлкіге бөккен сәттерін кадрға түсірді.

Экспедиция барысында жас фото­граф­тарға шеберлік сағатын өткізу жос­парланған болатын, алайда карантин­ге байланысты бұл шара кейінге қал­дырылып, онлайн түрде өтетін болды. Осылайша әр аймақта өткізілген «Фото­өнер» ҚБ мүшелерінің 7-экспедициясы киелі өлкеде өткізілді.

– Фотография – бір ұғым бол­ға­ны­мен оның жанры әртүрлі. Біздің құ­рам­­дағы шебер мамандардың бірі та­биғатты, бірі адамның бейнесін, енді бірі ту­рис­тік әлеуетін фототұзаққа алды. Ше­телдің керемет жерлері мен ны­сан­дарын ғаламтордан іздегенде кә­сіби суреттерге тап боласың. Ал бізде кө­бінесе әуесқой түсірген сапасыз суреттер шығады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін де аталған жұмысты қолға алдық, – дейді Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ұстазы, Алматы қаласының «Фотоөнер» ҚБ жетекшісі Оң­ғарбек Алхаров.

Ізгі шара алдағы уақытта жалғасын табады.

 

Маңғыстау облысы