Қазақстан футбол федерациясының шешімімен футзалдан Қазақстан Республикасының чемпионатын 3 шілдеде басталатын болды. Бұл туралы «Қайрат» клубының баспасөз қызметі хабарлады.
Футзалдан өтуі тиіс барлық ойын Нұр-Сұлтанда ұйымдастырылады деп жоспарланған. «Қайрат» футзал клубы алғашқы ойынын 3 шілдеде «Атырауға» қарсы өткізеді. Жарыстың толық кестесі алдағы уақытта жарияланады.
Айта кетейік, биылғы ел чемпионатына барлығы сегіз команда чемпиондық үшін таласып жатыр. Атап айтар болсақ, «Қайрат», «Ақтөбе», «Атырау», «Аят» (Рудный), «Бәйтерек» (Орал), «Жетісу» (Талдықорған), «Каспий» (Ақтау) және «Оқжетпес» (Көкшетау) командалары. Үзіліске дейінгі жағдай бойынша, турнир кестесінде «Қайрат» командасы 44 ұпаймен көш бастап келеді. Одан кейінгі орындарда «Ақтөбе» (36), «Аят» (35) жайғасқан.