• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Әлем 12 Маусым, 2020

Орталық Азия елдері қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

381 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивтік дипломатия жөніндегі өңірлік орталығы (ОАПДӨО) ұйымдастырған Орталық Азия және Ауғанстан сыртқы істер министрлерінің орынбасарларының онлайн-кездесуіне қатысты. Іс-шараға БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енча, ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Петер Буриан және ЕҚЫҰ жанжалдарды алдын алу орталығының директоры Туула Юрьола қатысты. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында қатысушылар өңірдегі қауіпсіздікке қатысты ағымдағы үрдістер мен оқиғаларды, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. COVID-19 пандемиясынан туындаған дағдарысты еңсеру жөніндегі ұлттық бастамалар мен ұсыныстарға ерекше назар аударылды.

Е.Ашықбаев Қазақстан Республикасы үкіметінің дағдарыстан кейінгі кезеңге көзқарасын таныстырып, сондай-ақ қатысушыларды еліміздің COVID-19 және оның салдарларымен, өңірлік және халықаралық деңгейдегі күрестегі еліміздің үлесімен таныстырды. Сонымен бірге, Қазақстан Орталық Азиядағы серіктестеріне мейлінше көмек көрсететіні және БҰҰ-ның негізгі халықаралық бастамаларын қолдайтындығы айтылды.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Орталық Азиядағы серіктестерді өңірлік қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ Орталық Азия мен Ауғанстанда орнықты даму мақсаттарын іске асыруға бағытталған бастамаларын қолдауға шақырды.

БҰҰ, ЕО және ЕҚЫҰ өкілдері Орталық Азия мен Ауғанстан мемлекеттерінің коронавирус пандемиясының жағымсыз салдарын еңсерудегі өзара іс-қимылын оң бағалады.

Отырысқа қатысушылар ОАПДӨО, ЕО және ЕҚЫҰ-ның өңірлік ынтымақтастықты ілгерілету және өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі күш-жігерлерін қолдайтындығын білдірді.