• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Маусым, 2020

Маңғыстау облысында Билер кеңесінің филиалдары құрылды

329 рет
көрсетілді

Маңғыстау облыстық сотында онлайн режимде «Маңғыстау облысының Билер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Жаңаөзен қалалық және Мұнайлы аудандық филиалдарын ұйымдастыру және құру» тақырыбында іс-шара өткізілді, - деп хабарлайды Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі.

Онлайн форматта өткен іс-шараға Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Даулиев, облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев және судьялары, Жаңаөзен қаласы, Мұнайлы ауданы әкімдігінің өкілдері, Билер кеңесінің мүшелері, медиаторлар қатысты.

Дауларды соттан тыс реттеу институттарын дамыту - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының басым жобаларының бірі. Осы орайда, қоғамдағы дау-жанжалдарды азайту үшін халықпен жұмыс істеудің бірыңғай алаңын құру мақсатында 2019 жылдың сәуірінде Ақтау қаласында Билер кеңесі құрылып, өз жұмысын бастады.

Тәжірибе көрсеткендей, Маңғыстау облысы Билер кеңесінің қызметі азаматтар арасындағы дауларды татуласу арқылы шешуге көмектесті. Кеңес құрамына тараптарды сотқа жеткізбей-ақ татуластыра алатын беделі мен өмірлік тәжірибесі ұштасқан азаматтар, оның ішінде ардагерлер мен қоғам қайраткерлері таңдалып, олар билердің тарихи дәстүрлерін қолдана отырып, дауласушы жақтарды татуластыруға үлес қосты.

Маңғыстау облыстық соты Билер кеңесімен бірлесіп, облыс орталығы Ақтау қаласындағы Билер кеңесі рөлінің оң тәжірибесін, сондай-ақ Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданындағы әлеуметтік, азаматтық және экономикалық даулардың көптігін және Жаңаөзен қаласының облыс орталығынан шалғайда орналасқанын ескере отырып,  қос аймақтан Билер кеңесі филиалдарын ашу туралы шешім қабылдады.

Сот төрағасы Ержан Даулиев өңірде татуластыру орталығы, университетте медиация орталықтары, кәсіподақ орталығында және "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының Маңғыстау өңірлік филиалында татуластыру секторлары жұмыс істейтінін, бірақ бұл - қоғамдағы даулы жағдайлардың деңгейін төмендетуге жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның үстіне, қазіргі кезде пандемияға байланысты елімізде жарияланған төтенше жағдайдың салдарынан отбасы-құқықтық, еңбек және кәсіпкерлер арасындағы даулар саны біршама артқан. Осы орайда, сот төрағасы Мұнайлы ауданы мен Жаңаөзен қаласындағы Билер кеңесінің филалы қоғамдағы дау-дамайды азайтуға айтарлықтай үлес қосатындығына сенім білдірді.

Іс-шара соңында Ержан Даулиев атқарылған жұмыс аз емес, алайда, алда күтіп тұрған тың міндеттер де жетерлік деп, қатысушыларды осы бағытта қойылған мақсаттарға жету үшін  жұмыла жұмыс істеуге шақырды.