Өткен аптада Қызылорда облысында 3 адам суға кетті. Құрбандардың алғашқысы 8 сынып оқушысы. Ол 12 маусым күні Тәжібаев ауылы тұсындағы Телікөл каналынан атпен өтпек болған кезінде суға кеткен, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Ал, 14 маусым күні ТЖД Дағдарыс жағдайларында басқару басқармасына Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылындағы Ханқожа көліне 1992 жылғы ер адамның батып кеткені туралы хабар жеткен. Оның достары шығарып алғанмен жас жігіт ауруханаға барар жолда үзіліп кеткен.
Дәл осы күні Қызылорда қаласындағы Арай шағын ауданы тұсында Сырдария өзені бойындағы суға түсуге тыйым салынған жерде тағы бір адам батып кеткен. Өрт сөндіру қызметінің жедел-құтқару жасақ құтқарушылары 1975 жылғы ер адамның денесін су астынан алып шықты.
Жыл басынан бері 15 адам суға кетіп, көз жұмды. Бір адам құтқарылды. Соңғы аптада үш адам суға кетті. Тұрғындардан барлық қауіпсіздік шараларын сақтауын сұраймыз, - деді Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.