• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Маусым, 2020

Қостанай облысында зейнеткерлерді алдап ақша тауып келген алаяқтар ұсталды

600 рет
көрсетілді

Рудный қаласында  ақпан айынан бері 10 шақты зейнеткерді алдап, заңсыз пайда тауып келген 4 алаяқ ұсталды. Қарағанды қаласынан келген 1 әйел және 3 ер адамнан тұратын қылмыстық топ қаладағы қарт кісілердің 5 млн теңгеден астам ақшасын қолды еткен, деп жазады Egemen.kz

Күдіктілердің біреуі алдымен кез келген сауда орнына кіріп, мұнда қандай нөмір бойынша телефон шалуға болатынын сұрайды. Дүкен орналасқан үйдің телефон нөмірін біліп алған соң, олар нөмірдің соңғы екі санын өзгерте отырып, сол үйдегі тұрғындарға қоңырау шала бастайды. Күдіктілер телефон тұтқасын егде кісі көтергенде ғана сөйлескен. Мысалы, жәбірленушілердің біріне: "Мен сіздің Мәскеуде тұратын туысыңызбын. Маған тап қазір тұрмыстық техника сатып алу үшін ақша керек болып тұр еді. Қазір сізге Николай Петрович деген кісі келеді. Ақшаның содан беріп жіберіңіз", деген. Қоңырау шалған адамның өзінің туысы екеніне сенген зейнеткерлер ақшасын бөтен адамның қолына оп-оңай ұстатып жіберіп отырған. 

"Бүгінге дейін мұндай 10 жәбірленуші анықталды. Алаяқтар 9 маусым күні жедел іздестіру шарасы барысында қолға түсті. Бұл жолы оларға кезекті зейнеткер өз еркімен 100 мың теңге ұстатқан. Күдіктілердің барлығы  2002, 1991, 1994 және 1996 жылы туған Қарағанды облысының тұрғындары. Олар Қостанайда пәтер жалдап тұрған және ресейлік тіркеудегі ВАЗ-2110 жеңіл көлігімен жүрген. Күдіктілердің ұялы телефондары мен сим-карталары тәркіленіп алынды. Қазір алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Алаяқтар Рудный қаласының уақытша тергеу орнында қамауда жатыр", деді Рудный қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары Ербол Кәкенов.         

 

Қостанай облысы