ИИДМ көліктік бақылау органдары ағымдағы жылдың 5 айында еліміздің теңіз порттарына кірген теңіз кемелеріне барлығы 42 тексеру жүргізген. Оның ішінде Қазақстанның 3, Ресейдің 26, Әзербайжанның 5, Иранның 8 кемесі болды, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін Иран туын көтеріп тұрған 1 кемеге порттан шығуға тыйым салынған.
"Кемелерді тексеру барысында бұзушылықтарды жою туралы 1 ұйғарым берілді. Тексеру қорытындысы бойынша 9 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 137 858 теңгеге айыппұл салынды. Сонымен қатар, биылғы 5 айда аумақтық органдар пайдаланудағы өзен кемелеріне 79 тексеру жүргізді. Олардың нәтижелері бойынша 25 ұйғарым берілді. Кеме реестрінде барлығы 759 өзен кемесі тіркелген. Сондай-ақ, осы кезеңде өзен флотының командалық құрамының 45 тұлғасына диплом беріліп, 14 тұлғасы аттестатталғанын атап өту қажет. Сонымен қатар, жыл басынан бері республика бойынша 319 шағын өлшемді кеме тіркелген. Ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысында шағын өлшемді флотта аумақтық органдар 268 кемені қарап шықты. Жалпы, осы мерзімде су көлігі саласында 5 көлік оқиғасы тіркелді, оның ішінде 2 теңіз және 3 шағын өлшемді флотта болды. Сондай-ақ, су көлігінде бақылауды жүзеге асыру кезінде 66 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 527 542 теңге көлемінде айыппұл салынып, өндіріп алынды", - делінген ведомстваның баспасөз қызметі таратқан мәліметте.