"Адалдық алаңы" жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, қоғамда адалдық, әділдік, парасаттылық құндылықтарын насихаттау мақсатында халқымыздың ұлы тұлғалары мен алаш зиялыларының мақал-мәтелдері мен нақыл сөздері көрсетілген баннерлер әзірленіп, билбордтарға орналастырылды, - деп хабарлайды Egemen.kz.
А.Құнанбайұлының 175 жылдық және әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы қарсаңында дара тұлғалардың тәртіпке, еңбекке, тәрбиеге жетелейтін "Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы", "Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту" сынды қанатты сөздері көрсетілді.
Әділдік пен адалдықты ту еткен дана тұлғаларымыз әл-Фараби, А.Құнанбайұлы, Б.Момышұлы, М.Әуезов, А.Байтұрсынов, Ш.Уәлихановтың сөздері қала көшелерінде, аялдамаларда, аэропортта, ақпараттық мониторлар мен лэд экрандарға орналастырылды.
Сонымен қатар "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру, халықты Агенттіктің "1424 Call-орталығымен" хабардар ету және қала тұрғындарымен ортақ мүдде үшін бірлесіп қызмет атқару мақсатында билбордтарға "1424 Call-орталығының" нөмірі орналастырылды.
Call-орталықтың операторлары агенттіктің қызметі туралы сұрақтарға жауап беріп, сыбайлас жемқорлық фактілері, құқық бұзушылықтар жөнінде, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру жағдайлары туралы телефон хабарламаларын тәулік бойы қабылдайды.
Аталған жұмыстар көрнекі ақпараттар арқылы қала тұрғындарын кең көлемде қамтуға бағытталған.