Әйгілі Goal басылымы биылғы маусымда әлемнің ең үздік футболшысына тиесілі "Алтын доп" сыйлығының иегері атануға үмітті ойыншылардың тізімін жариялады, - деп жазады Egemen.kz.
Олардың пайымдауынша, бұл тартыстың басты фавориті Роберт Левандовски. 31 жастағы Польша ұлттық құрамасы мен Мюнхеннің "Бавария" клубының шабуылшысы қазіргі кезде керемет ойын өрнегімен көзге түсіп, өзге бәсекелестерінен оқ бойы озық тұр. Биылғы маусымда ол Германия бундеслигасының 28 ойынына қатысып, 30 гол соқты. Тағы үш рет нәтижелі пас берді.
Роберт Левандовскиді "Барселонаның" капитаны, аргентиналық Лионель Месси мен "Ювентустың" сұрмергені, португалиялық Криштиану Роналду өкшелеп келеді.
Сондай-ақ, "Алтын доптан" үмітті "ТОП-10" футболшының қатарында Кевин Де Брюйне ("Манчестер Сити"), Томас Мюллер ("Бавария"), Неймар (ПСЖ), Эрлинг Холанд ("Боруссия" Дортмунд), Килиан Мбаппе (ПСЖ), Джейдон Санчо ("Боруссия" Дортмунд) және Серж Гнабри ("Бавария") сынды жұлдыздар бар.