• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Таным 17 Маусым, 2020

Ұяңдықтан арылудың несі ұят?

682 рет
көрсетілді

Ұяңдық қазақ халқының қастерлі ұғымы ретінде күні бүгінге дейін ұлттық рухани құндылық есебінде тұлға бейнесін, ішкі тартымдылықты астарлап жатқан мінез. Асыл дініміз де мұсыл­ман баласын ұятты болуға шақырады. Алайда әр нәрсенің ағы менен қарасындай, ұяң мінездің де адамға берері мен алары бар.

Абай атамыздың қара сөзде­рі­нің ішінде ұяң мінездің ұлы­лы­ғын дәріптейтін бірнеше тұс­тар­ды байқауға болады. Яғни ұяңдық адамды өмірде кездесетін ауыр жағдайларда теріс, жат қылық жасаудан сақтайды, басқа адамның өмірі мен өмірдегі іс-әрекетіне оң көзбен қарауға ша­­қырып, этикалық қағида есе­бі­н­де мәдениеттіліктің көр­сет­кі­ші бола алады десек артық емес. Этнопедагогикалық тұжырым­дар­ға сүйенер болсақ, санаға сіңген менталитетті ысырып, көп­­шілік алдында қысылып-қым­тырылмау адам бойындағы кіші­пейілділік, үлкенді құр­мет­теу, сыйластық секілді қасиет­тер­дің, қазақ ұлтына тән нағыз ұяң­дықтың жойылуына жол де­лін­ген.

Алайда қоғам мен заман талабы өзгерген сайын, бойға сіңген мәдени асыл қасиетті педагогикалық-психологиялық тұр­ғыда саралайтын болсақ, ұяңдық мәселесі білім берудегі айтарлықтай кедергілерді туын­датады. Ұяңдықтан арылу – ұятсыз болу деген емес. Тек бой­дағы жасқаншақтық пен шектен шыққан комплексті жою.

Қазіргі балалардың әлеуметтік ортадан оқшаулануы, адамдармен тікелей қарым-қатынасқа түсе алмауы белең алып отыр. Әсі­ресе өзім жұмыс істеп жүр­ген мектеп оқушыларынан ­бай­­қағанымды жеткізгім келеді.

Біріншіден, тым белсенді ба­ланы жеке тұлға ретінде қы­зық­тыра білу, тым жасқаншақ баланың көңілін табуға қарағанда әлдеқайда жеңіл. Салыстырмалы түрде алып қарасаңыз, ұяң баламен жұмыс істеудің білім дең­гейі­нің жоғарылауына септігі мол.

Екіншіден, эмоционалдық қарым-қатынасты арттыра түсу қажет. Әлеуметтік желінің құр­сауына түскен баланың шынайы күлкісін көру және оны қуанта білу де жетістіктің кілті.

Үшіншіден, қарым-қаты­нас мәдениеті тым дөрекі өскін­ді байқаған да шығарсыз. Мүм­кін­дік берсең, өмір сүрудің заң­ды­лық­тарын үйретуге дайын тұр бүгінгінің баласы. Сыпайылық пен дарақылық, жақсылық пен жат қылық араласқан тұста ұяң бала санасында «өз әлемімде өзім сүре берейін» деген ой қа­лып­таса бастайды. Осыдан барып, мықтылар ілгері қадам жа­са­ғанда, мықтылығын көрсете ал­ма­ғандар кейін қарай кете бермек.

Біздегі аумалы-төкпелі білім жүйесінде білім алған, әлеу­меттік мұқтаждық пен сән-сал­танаттың арасында тағ­ды­ры талқыға түскен, тәрбиенің тетік­терін рухани әңгі­меден гөрі, интернеттен алған, жеке ойы­нан гөрі, көпшіліктің пікірін ма­ңызды санайтын баланы оқы­тудың қаншалықты ауыр екен­дігі рас. Дегенмен қазіргі педагог-психологтар қауымы топтағы ұяң балаларды анықтап, олардың белсенділігін арттыру жолында жұмыс атқаратын болса, білім берудің кейбір олқы тұстарын толтырар еді.

Әлеуметтік ортада жағымды пікір­лерге бөленбеген, ішкі сезімдерін еш бүкпесіз сыртқа шы­ғармаған, өз ойын ортаға салып, өз пікіріне төтеп бере алмаған бала қоғамның ең қор­ған­сыз бөлігі болып қала бермек.

 

Қырмызы ЖҰМАБЕКОВА,

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент