• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Маусым, 2020

Димаш Латын Америкасында концерт береді

480 рет
көрсетілді

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Латын Америкасында бір күні концерт беру туралы жоспарымен бөлісті. Тікелей эфир кезінде жасаған осындай мәлімдемесі әншіні өз елінде көргісі келетін бразилиялық фанаттарды бей-жай қалдырмады, деп жазады бразилиялық Extra газеті.

Қазақстандық жас музыкант өзінің 24 мамырда өткен тікелей эфирі кезінде Бразилия туралы тілге тиек еткен болатын. Димаштың әкесі Қанат Айтбаев та Латын Америкасында концерттің алдағы уақытта өту мүмкіндігін жеткізді:

"Осыған дейін Латын Америкасына концерттер беру жөнінде ұсыныстар алдық. Алайда, коронавирус инфекциясы пандемиясына байланысты кейінге қалдыруға тура келді. Карантин аяқталған кезде ұйымдастырушылар бізге нақты ұсыныстарымен шығуы мүмкін, біз әрине, мұны ескеретін боламыз. Латын Америкасында концерттер беру біз үшін де қызық", деді Қ. Айтбаев.

Бразилиялық Dears та Латын Америкасының Димаштың келесі турына ілігетініне нық сенімді. Өйткені, Бразилиядағы Димаштың фан-клубы күн санап танымал болып келеді, тіпті, қазақстандық орындаушының әлемдегі фан-клубтары арасында да танымал болып үлгерген.

Димаштың Бразилиядағы фан-клубы (DKFCB) 24 мамырда Бразилиа қаласында әншінің туған күнін атап өту мақсатында кездеспек болған. Тіпті, арнайы бағдарлама да жасақталған екен. Мүмкіндігі шектеулі балаларды музыкаға оқыту үшін қаржы жинауды да жоспарлапты. Алайда, COVID-19 пандемиясына байланысты қайырымдылық акциясын кейінге қалдыруға тура келді.

Фан-клуб Шығыс Еуропадан әкелінген Димаштың қолтаңбасы бар заттарды сату арқылы 3.100,00 бразилиялық реал (~250 мың теңге) жинаған. Ол қаражат аз қамтылған отбасыларға бір тонна азық-түлік және тазалық құралдарын алуға жұмсалды.

"Біз қайырымдылық акциясын Димаштың туған күні қарсаңында өткізгіміз келді, өйткені, Димаш махаббаттың, достықтың, көңіл білдірудің және ынтымақтастықтың белгісі іспетті. Димаш үшін бұл бағалы сыйлық болатынына сенімдіміз", дейді бразилиялық фан-клубтың әкімшісі Татьяна Рибейро.

"DKFCB" фан-клубы 2018 жылы құрылды. Әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттардан өзге бразилиялық Dears-терде әншінің өнер жолымен қатар, Қазақстанның мәдениеті мен тарихына арналған жеке блогы бар. Блогты Бразилиядағы Қазақстан елшілігінен ақпарат алып отыратын Сабрина Масиэль жүргізеді.

"Блогтағы әр жазбада Димаштың елі туралы жариялаймыз. Сондықтан, бұл посттарда халықтық және дәстүрлі музыканы қолданамыз. Поп-музыка біздің фан-клубтың өзге әлеуметтік желілерінде пайдаланылады",  дейді Сабрина Масиэль.

15 қарашада Димаштың бразилиялық фан-клубы екі жылдығын атап өтеді. Кездесу 24 мамырда жопарланған басқосу секілді Бразилиа қаласында өту керек. Былтыр DKFCB Сан-Паулу, Рио және Ресифи қалаларында үш кездесу өткізді.