АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы MGM Grand кешенінде өткен кәсіпқой бокс кешінде қазақстандық Бобыржан Моминов америкалық Кэмерон Краелмен күш сынасты, - деп жазады Egemen.kz
Бірінші орта салмақта өнер көрсетіп жүрген 28 жастағы жерлесіміз бүгінгі күнге дейін 10 рет рингке көтеріліп, барлығында жеңіске жеткен. Сегіз бәсекеде айқын басымдық танытты. Кезінде Бобыржанның Мексиканың әйгілі боксшысы Сауль Альварестің спаринг-әріптесі болғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Ал 26 жастағы АҚШ-тың өкілі 36 кездесу өткізіп, 17 мәрте мерейі үстем болды. 16 рет ұтылып, тағы үш жекпе-жекте тең есеп тіркелді. Айтулы бәсекеде ең соңғы алтыншы раундқа дейін созылғанымен, төрешілердің барлығы Моминовтың мықтылығын бірауыздан мойындады.
Лас-Вегастағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде аса жеңіл салмақтағы филиппиндік Майк Плания WBO рейтингінде бірінші орында тұрған Джошуа Гриерді екі рет нокдаунға жіберіп, ұпай санымен жеңіске жетті.