Маусым айынан бастап ІІМ елімізге Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу жұмыстарына кірісті. Әкімшілік полиция комитетінің дерегіне сәйкес, алғашқы екі аптаның өзінде 2 мыңнан астам шетелдік көлік құралы тіркелген. Олардың дені республиканың батыс аймағына, атап айтқанда Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі. Тәртіп сақшылар жылжымалы мүлікті тіркеуді кейінге қалдырмауға шақырды.
Өйткені, жаздың аяғында еліміздегі эпидемиологиялық ахуал қиындап, аталған көлік иелері бұл науқаннан тыс қалуы мүмкін. ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басшысының орынбасары Серік Түсіповтың айтуынша, Арменияның уәкілетті органдарында Қазақстан азаматтарының аттарына тіркелген, сондай-ақ елімізге 2020 жылдың бірінші ақпанына дейін әкелінген автокөліктер жатады. Мұндай көлікті сенімхатпен немесе сақтандыру полисі бойынша басқарып жүрген тұлғалар тіркей алмайды. Себебі олар бұл санаттағы көліктердің меншік иелері болып саналмайтынын айтады тәртіп сақшылар. Дегенмен сақтандыру полисі арқылы аталған көлік құралдарын басқару құқығы беріледі.
"Тиісті қаулының негізінде автокөлікті тіркеу құны 11 946 теңгені құрайды. Тіркеу үшін тағайындалатын алымның құны 695 теңге. Техникалық төлқұжат үшін 3473 теңге және мемлекеттік нөмір үшін 7778 теңге төлеу тәртібі қарастырылған. Әкелінген көліктер Арменияның құзырлы органдарының есебінде тұрғандықтан оларды Қазақстанға тіркеу кезінде сары түсті мемлекеттік тіркеу нөмірі табысталады. Мұндай нөмірлер басқа мемлекетте тұрақты тіркеуі бар көліктерге беріледі. Бұған қоса көлік иесінің тұрғылықты өңірі бойынша облыстық коды тапсырылады", - деді С.Түсіпов.