• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Маусым, 2020

Жәйремнің "жұлдыз" әкімі жазасын әділ алды ма?

1234 рет
көрсетілді

Қарағанды облысындағы жер аяғы шалғайда орын тепкен Жәйрем кентінің әкімі Аманқазы Нәукенов жергілікті мәдениет қызметкерлерімен бірге "ТикТок" деген танымал биді нақышына келтіре орындаймын деп,  айдың-күннің аманында басы дауға қалды.

Оқырманға түсінікті болуы үшін, оқиғаның қалай өрбігенін қысқаша баяндап өтейік.  Осы жылдың 26 мамыр күні кент әкімі өзінің сөзі бойынша "елдің еңсесін көтерейік деген мақсатта" жергілікті мәдениет үйінің қызметкерлерімен бірге "ТикТок" биін билеп, ізінше оның бейне ролигі WhatsApp желісі арқылы кент тұрғындары арасында тараған.

"Бір айналдырғанды шыр айналдырады" деген рас қой, ауыл арасын кезіп  кеткен бейне роликті кенттің әсіреқырағы бір тұрғыны республикалық сайттардың біріне әлгі ватсап мессенджері арқылы салып жіберген көрінеді. "Одан әлеуметтік желілерге тарап, соңы мынадай болды... Әлеуметтік арақашықтықты сақтағанмен, маска кимегеніміз рас еді, ол қателікті мойындаймын...", дейді салы суға кеткен кент әкімнің өзі.

Иә, сөйтіп сәнді қара көзілдірік  киген шендінің биі ғаламторды осылайша шарлап кеткен болатын. Жергілікті атқарушы биліктің бұған деген реакциясы да от алып қамысқа түскендей болды. Жәйрем кенті әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша Қаражал қаласына қарайтындықтан, осы шаһардың басшысы Тілектес Досаев карантиндік шектеу кезінде "шектен шыққан" әкімге сөгіс жариялап, "Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру" жөнінде бұйрық та шығарып үлгерді. Мұндай шешімді қала әкімі жеке-дара қабылдады ма, жоқ әлде жоғарыдан түскен пәрмен бойынша белсенділік танытты ма, ол жағы әзірге белгісіз...

"Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің" демекші, енді әкіміміз әділетсіз жазаланды дегенді желеу еткен кент ақсақалдары жиылып, облыс басшысы Жеңіс Қасымбекке хат жазыпты. Оның бір данасын "Егеменнің" Қарағандыдағы тілшілер қосынына да жолдаған екен. Хатта ақсақалдар кент әкімінің карантин талабын сақтамағаны "қате де шығар" дей келе,    мына бір жайтты ақтап алу аргументі ретінде алға тартады: "Бірақ, адам – пенде, кім қаталеспейді, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ деген халқымыз, екінші жағынан адамгершілік тұрғысынан қарағанда  мәдениет саласы қызметкерлерінің күніне қарай флешмоб ұйымдастыру құптарлық жайт және де осындай қиын кезде өз мүддесін, жеке басының қамы емес, мәдениет саласы қызметкерлерінің көңілін көтеруін көздегені анық" (Хаттағы және фейсбук желісіндегі пікірлердің мәтіні өзгертілмей, сол қалпы сақталды – Қ.Ә).

Жалпы, Жәйрем кенті ақсалдар алқасының төрағасы А.Тоқымбаев және аталған ұйымның бес бірдей мүшесі қол қойған бұл хатта әкім Аманқазы Нәукеновтің қызметіне оң баға беріледі.

"Домалақ арызбен қудалануға ұшырайтын репрессия заманы артта қалды деп ойлаймыз. Адамның ісінің дұрыс, не бұрыс екенін адамшылық тұрғысымен шешсек қателеспейтін сияқтымыз. Қазақ адамның жамандығын жасырып, жақсылығын асырған халықпыз", деген философиялық тұжырым да жасайды олар әлгі хатта.

Кенттің қадірменді қариялары облыс басшысына бағытталған хатты мынадай сөздермен түйіндепті: "Ақсақалдар алқасы халқымызбен де, әкіммен де біргеміз деп айтқымыз келеді. Біз біргеміз!".

Қазіргі таңда әкімнің "ТикТок"-тың түбін түсірген биі әлеуметтік желілерде, әсіресе, Facebook әлемінде қызу талқыға түсіп жатыр. Біреулер мемлекеттік қызметшінің бұл қылығынан кінә тауып, жерден алып, жерге салып жатса, енді бірі әкімді ақтап әуре. Мәселен, "Биші әкімге" бүйрек бұрғандар фейсбук парақшаларында мынадай пікірлер жазып қалдырған: "Дұрыс болмапты. Би де өнер. Билеген әкімді марапаттаудың орнына сөгіс бергені дұрыс болмапты. Президенттер де билеп жүр ғой... (Балтабек Түйетаев)", "Билесе, онда тұрған не бар? Басшыны да бір шеңберге салып қоюды қою керек қой. Жұмысына адал болса болды емес пе? (Гүлжан Амангелдіқызы)", "Мемлекеттік қызметкер этикасы туралы ереже бар, онда әкімге билеуге болмайды деген бап жоқ. Бізде қоғамда қызметтегілер осылай болу керек деген бір стереотип қалыптасқан, одан алшақ әрекет оғаш болып көрінеді. Әпербақан әкімнен гөрі биші әкім дұрыс шығар" (Дамеш Исаханова)", "Билегенде тұрған не бар екен. Позитивпен жұмыс істегеннің еш зияны жоқ. Алға! Келесісін күтеміз (Jasulan Seıilhan)"...

Осы және бұл оқиғадан шектен шыққан оспадар қылық көрмеген басқа да жанашыр пікірлерді оқи отырып, еріксіз ойға кетесің. Осы біз "Шаш ал десе бас алатын" ожарлау тәсілмен атқа мінген азаматтарды тым қатты тұқыртып жүрген жоқпыз ба, өзі? Әнтек шалыс қадам басқан әкім біткеннің басына осылайша  әңгір таяқ ойната берсек, олардың жұрт алдындағы абырой-беделінің болашағы қандай болмақ? Одан бөлек, енді осы оқиғадан кейін әбден зәрәзәп болған әкім-қара өз көлеңкесінен өзі қорқып, жұрт арасынан безініп, кісікиік болып кетпей ме деген ой да келеді. Ал енді, ел басқарған азамат бұқара халықпен етене жақын аралас болып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істесе, сол жерде бірлік пен береке де қатар жүрмеуші ме еді?!

Міне, осылайша бірер күннің ішінде жалпақ жұртқа танымал болып, "жұлдыз" атанған Аманқазы Нәукеновтің өзі Жәйрем кентінде 2017 жылдан бері әкім ретінде қызмет етіп келе жатыр екен. Он мыңнан аса халық тұратын елді мекенде осы уақыт аралығында мешіт үйінің әсем ғимараты бой көтеріпті. Бұрын "ат қора" деген атауға ие болған әкімдіктің ғимараты мен мәдениет үйі күрдеулі жөндеуден өткен. Кенттегі ауыз су мәселесі де шешімін тауып, енді кәріз проблемасын реттеу қолға алынбақшы екен. Бұл мақсатқа деп биыл 50 млн теңге қаражат та бөлініпті. Ең бастысы, кент әкімі Жәйрем кен-байыту комбинатының басшылығымен тіл табыса жұмыс істейтін көрінеді. Соның арқасында, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында кент бойынша бірталай мәселелер де шешімін тапқан деген әңгіме бар.

Қысқасы, ауыл халқы әкімдеріне шаң жуытқысы келмейді. "Осыны істеген азаматтың қандай мақсатты  көздегенін түсіне алмадық... Біз ауылымыздағы айрандай ұйыған ынтымақты бұзуға жол бергіміз келмейді", деген жергілікті тұрғындар істің қиюын, елдің тілін тапқан әкімнен айырылып қаламыз ба деп уайымдайды. Ал, Жәйремнің әкімге араша сұраған ақсақалдар алқасы болса: "Кентіміздің күннен-күнге гүлденіп, көркеюі – бұл әрине, әкімнің салиқалы саясаты және адал еңбегінің арқасы деп білеміз", деген пікірге табанды нық тіреп отыр.

Осы орайда, Аманқазы Нәукеновтің Қарағанды облысы бойынша коронавирустің кесірінен сөгіс алған үшінші әкім екенін еске сала кеткіміз келеді. Бұдан бұрын облыстың басшысы КВИ кеселімен күресті әлсіретіп алғаны үшін Теміртау қаласы мен Бұқар жырау ауданының әкімдеріне сөгіс жариялаған болатын.