Батысқазақстандық дәрігер, мамандығы бойынша анестезиолог-реаниматолог Азамат Ізбасов – Сovid-19 індеті ел шетіне келгелі бері қауіпті дертпен алдымен кездескен маманның бірі.
Азамат Бисенбайұлы қызмет ететін Бәйтерек ауданы – Батыс Қазақстан облысының Ресеймен іргелес жатқан өңірі. Ал кешегі карантин аяқталғанға дейін облыста коронавирус диагнозымен тіркелген науқастардың 90 пайызы дәл осы Ресейден келетін. 29 наурызда ашылған карантиндік-провизорлық стационар жұмысы әлі күнге дейін қайнап жатыр.
Дәрігерлерге арналған жеке қорғаныш құралдары, жабдығы түгел болған күннің өзінде кездесетін қиындықтар бар. Мәселен, дезинфекциялық сұйықтарды үнемі пайдаланғандықтан, көп дәрігердің денесінде аллергиялық асқыну, тері бөртпелері пайда болған. Оның үстіне науқастармен үнемі қарым-қатынаста жүргендіктен, вирус жұқтыру қаупі өте жоғары. Мұның психологиялық салмағын да қосып қойыңыз.
Рас, коронавирусқа қарсы күресте жүрген дәрігерлерге мемлекет өтемақысы беріліп жатыр. Бірақ ол толық көлемде төленуі үшін жұмыс сағаты 176 сағаттан кем болмауы керек екен. Одан аз болса, сәйкесінше азая береді. Азамат Бисенбайұлының ойынша, бұл жерде әділдік принципі сақталған. Әркім бейнетіне сай зейнетін көреді.
Азамат провизорлық госпитальда екі ай қызмет еткен соң өз еркімен сұранып, қалыпты қызметіне ауысты. Қауіпсіздік талаптарына сай бір апта карантинде болып, отбасымен де қауышты-ау.
– Шынымды айтсам, провизорлық стационардағы жұмыс оңай емес. Оның үстіне өмір болған соң аурухананың, қызмет мансабыңның сыртындағы мәселелер де аз емес. Отбасыңды, балаларыңды сағынасың. Жеке шаңырағыңның жұмысы, үйдің жөндеуі секілді тұрмыстық шаруалар да ер адамды күтіп тұрады ғой. Сондықтан мамырдың соңында бұрынғы қызметіме сұрандым, – дейді А.Ізбасов.
Бірақ бұл кеңшілік көпке созылмады. Елде карантин мерзімі аяқталған соң тұрғындарға кеңшілік берілісімен, індет жұқтырғандар саны еселеп артып кетті. Провизорлық госпитальдан Азамат Бисенбайұлын іздеушілер көбейді.
– Әріптестерім әуелі «қайтадан келсеңші, бізде қиын болып жатыр» деп хабарласты. Науқастар арасында пневмония, ауыр асқынулар көбейіп кеткен. Әдетте мұндай «тымау толқыны» көктем мен күзде болады ғой. Биылғы жағдай бөлек. Өкпе қабынуына қосалқы дерттер қосылғанда, өмір мен өлімнің нағыз шайқасы басталады. Жағдайды түсіндім. Сонда да болса өзім екі ай ортасында жүрген «қан майданға» қайта түсуден қашқақтап едім. Бас дәрігердің бұйрығы бұлтартпады. Міне, үшінші күн – қайтадан Бәйтерек ауданындағы провизорлық госпитальда қызметте жүрмін, – дейді Азамат.
Есептеп қарасақ, Азамат өз үйінде он шақты күн ғана болыпты. Дегенмен адамзаттың амандығы отбасыңның да тыныштығы ғой. Елден алабөтен бақытты бола алмайсың. Таңдап алған кәсібің, берген антың – науқастың ауру жанына шипа табу, дертін жеңуіне көмектесу болса, шегінетін жер жоқ. Азамат Ізбасов мұны анық түсінеді.
Батыс Қазақстан облысы